Пятница, Декабрь 2, 2022
Басты > Жаңалықтар > Ғалымға арналған халықаралық конференция

Ғалымға арналған халықаралық конференция

 Жұбанов университетінде «ІІ Калюжный оқулары: әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың инновациялық бағыттары» тақырыбында дәстүрлі халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Дәстүрлі конференция қазіргі кезеңдегі әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың әдіснамалық, теориялық және практикалық мәселелерін кең көлемде талқылау мақсатында ұйымдастырылды.

Ғылыми шара аясында университеттің педагогика факультетінде Анатолий Калюжный атындағы оқу кабинеті ашылды. Ғалымға арналған кабинетте студенттердің білімін жетілдіруге жағдай жасалған.

Кабинеттің ашылу салтанатында университет ректоры Бауыржан Ердембеков студенттердің өміріндегі  ұстаздардың рөлін атап өтті. Салтанатты жиында «Педагогика және психология — кез келген білім беру мекемесінің негізі. Кабинетке психологиялық-педагогикалық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті ғалымның есімі берілгеніне қуаныштымын», — деді профессор Алтай Тайжанов.

Одан кейін шараға қатысушылар конференцияда бас қосты.  Пленарлық мәжілісті университеттің оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры Бибігүл Әбенова алғысөзімен ашып,  аталмыш конференцияның дәстүрлі түрде өтетінін жеткізді. Конференцияға Украина, Ресей ғалымдары мен Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Қызылорда, Орал, Атырау қалаларынан педагогтар қатысты.

Конференцияның пленарлық мәжілісінде көрші елдер мен Қазақстанның қалаларының ғалымдарының қатысуымен қазіргі кезеңдегі психологиялық-педагогикалық ғылымның әдістемелік, теориялық және практикалық мәселелері талқыланды.

Педагогика ғылымдарының докторы,  М.Ақмолла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Филарит Терегулов «Социальный геном – императив самоорганизации человека и общества» тақырыбында баяндама жасап, одан әрі Анатолий Калюжныйдың педагогикалық қызметі жайында әңгіме өрбітті.

Өз кезегінде Францияның халықаралық Конкорд Академиясының мүше-корреспонденті, профессор Айсұлу Тасимова сөз алып, «Анатолий Калюжныймен 2004 жылдан бастап бірге қызмет еттім. Онымен бірге қызмет еткен жылдары жоғары кәсіби маман және қарапайым, білімді, кісілігі мол азамат болғанына куә болдым», — деді. Одан соң Айсұлу Ахмадиқызы ғалымның  мұрасы мен шығармашылығы жайында кеңінен баяндады.

Пленарлық мәжіліс «профессор А.Калюжныйдың мұралары», «Педагогика ғылымы: замауи бағыттары мен көкейкесті мәселелері», «Жоғары оқу орындарында психологияны оқытудың инновациялық әдістері: тәжірибе, мәселелері және даму перспективалары» секциялық жұмыстарымен жалғасты.

Калюжный Анатолий Афанасьевич (1952-2012) — педагогика және психология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық психология ғылымдары академиясының академигі, Халықаралық имиджелогия академиясының академигі, Халықаралық адам факторы академиясының академигі, Халықаралық Әлеуметтік жұмыс академиясының академигі. «Психология және педагогика» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды.