Вторник, Апрель 7, 2020
Басты > Жаңалықтар > Құрметті әріптестер! Қымбатты ханымдар, аяулы арулар!

Құрметті әріптестер! Қымбатты ханымдар, аяулы арулар!

Әдемілік атаулыдан нәр алған, шыға келер сұлулық боп сан алдан, махаббаттан жаралған, Ұмай анадан таралған, күллі тіршілік иесін «Ана» деген сөзге табындырған, өзінің қылау түспес қылығымен ер-азаматтарды бағындырған барша Аруларды бүгінгі 8 наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

Қазақта қыз баланы, аяулы жарды, ананы, кимешекті әжені ерекше қадірлеп өткен. Бүлдіршін кезінен  қыз балаға айрықша орын беріп, «жат жұрттық қой» деп төріне шығарған. «Қызға қырық үйден тиым салып», абыройын асқақтата теңіне ұзатқан. Ақ босаға аттап, келін болғанда сол шаңырақтың ырысы деп қараған. «Келін ененің топырағынан»,- деген астары мол қуатты сөзді тек қазақ қана айтады.

Біз үшін ананың орны бөлек. «Жұмақ – ананың табанының астында»,- дейді тәңіршіл қазақ. «Анаңды, анаңды, тағы да анаңды, сонан соң әкеңді қастерле»,- дегенде әкенің тауанын қайтару үшін емес, ананың қадірін асқақтату үшін айтқан.

Ауыл-елдің ұйтқысы болғандарды Ел анасы деген. Үйде ана, түзде батырлыққа тәрбиеленіп, жаугершілікте ерлермен бірге атқа қонып, бейбіт кезде бесік тербеп, ұл — қызын даналыққа баулыған аналар аз емес. Есімдері ежелгі жырлардан белгілі Гүлбаршын мен Құртқа, Ақжүніс пен Назым, Домалақ Ана мен Айша бибі, ұлы Абайды тәрбиелеген Зере мен Ұлжан, қол бастаған Тұмар мен Бопай, ел билеген Айғаным, бірліктің ұйытқысы бола білген Ұлпан ана, Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлігімен әлемге танылған Әлия мен Мәншүк сынды батыр апаларымыздың  бейнесі туған халқымыздың жадында.

Қара шаңырақ – Жұбанов университетінде қызмет атқарып жүрген қыз-келіншектер — еліміздің мақтанышына айналған осынау ұлағатты жандардың жалғасы. Отбасын ұйытып, бала тәрбиелеп қана қоймай, қоғамдағы қызметті де қоса алып жүрген, сол қажыр-қайратының арқасында ел игілігіне бөленіп келе жатқан Жұбанов шаңырағының арулары аз емес.

Университетімізде қызмет атқарып жатқан 1197 адамның 881 нәзік жандар. Яғни, 74 пайызы арулар екен.

Қазақ халқы қашанда қыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Қызды тәрбиелегенің — ұлтты тәрбиелегенің. Қыз бала — отбасының алтын діңгегі. Университетімізде білім алушылардың 70 пайызы қыз балалар.  Осы жас бойжеткендер ертеңгі қазақ елінің бесігін тербеп, болашағын бағамдайтын ұл-мен қыз өсіріп жатса, университет миссиясының бір тармағы орындалғаны.

Қымбатты Арулар! Бүгінгі мейрамда тілейтініміз, бастарыңыз аман, бауырларыңыз бүтін болсын! «Жұбанов» қара шаңырағын көркейтуде жасап жатқан игілікті істеріңіз баянды болсын! Мерекелеріңізбен!

 

Игі тілекпен:

ректор Бауыржан Ердембеков