Среда, Июнь 3, 2020
Басты > Жаңалықтар > Құдайберген Жұбанов рухына тағзым

Құдайберген Жұбанов рухына тағзым

14-16 қыркүйек күндері аралығында «Туған жерім-Нұрлы елім» акциясы аясында Ақтөбе облысының 85 жылдығы және Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын орындауға бағытталған Мұғалжар ауданы күндері өтуде. Бұл шараның университетіміз үшін маңыздылығы өте зор. Олай дейтініміз, Университет есімін иеленген тұңғыш лингвист-ғалым, ұлт ұстазы Құдайберген Қуанұлы Жұбанов талай сырды қойнауына бүккен қарт Мұғалжар өңірінің тумасы.

Аз жасаған саналы ғұмырында ұлттық тіліміздің қадір-қасиетін танытатын тағылымы терең, ғылыми еңбектер жазған ғалымға тағзым ету, Жұбанов ұрпақтарымен кездесу өткізу, ағайынды Жұбановтардың құнды мұраларынан көрме ұйымдастыру сияқты бірқатар шаралар бүгін Жұбанов Университетінде өткізілді.

Ең алдымен Қ.Жұбанов ескерткішіне Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов бастап, университет ректоры Бауыржан Аманкелдіұлы, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы мен Қазақстан қажылар қауымдастығының Ақтөбе облысы бойынша әйелдер және қыз балалар жөніндегі төрайымы Мариям Жұмағалиқызы, Мұғалжар ауданы әкімі Ербол Данағұлов, ағайынды Жұбановтар ұрпақтары гүл шоқтарын қойып, Құдайберген Қуанұлы ескерткішіне құрметпен тағзым етті.

Гүл шоқтарын қою рәсімінен соң алғаш сөзді қала әкімі Ілияс Сапарбекұлы сөйлеп, ұрпаққа өнеге болатын осындай іс-шараларды ұйымдастырушыларға, университет ректоры Бауыржан Аманкелдіұлына алғысын жеткізді.

 

Келесі сөз кезегін алған университет ректоры Бауыржан Ердембеков Мұғалжар ауданы мен Жұбанов Университеті тығыз қарым-қатынаста екендігін, Ақтөбе аудандары ішінен осы Мұғалжар ауданынан университетімізге білім алуға студенттер көптеп келетіндігін тілге тиек ете отырып, алдағы уақытта «Жұбанов» зерттеу орталығын жаңғырту, «Қ.Жұбанов» атындағы кабинетті «Ақтөбе-құтты мекен» форумы аясында ашу жоспарланып отырғандығын алға тартты.

 

Мұғалжар ауданы әкімі Ербол Жеткергенұлы өз кезегінде Университет ректоры Бауыржан Аманкелдіұлына алғысын білдіріп, Жұбанов Университетінде оқитын Мұғалжар ауданының үздік студенттерін бір реттік шәкіртақымен марапаттады.

 

Шара соңында ҚР Мәдениет саласының үздігі Орал Байсеңгір орындауындағы «Ағайынды Жұбановтар» әні «Жұбановтар» есімінің халық жүрегінде мәңгі орын теуіп, олардың рухына құрметтің арта түсетіндігін аңғартқандай еді.