Суббота, Апрель 27, 2024
Басты > Жаңалықтар > Диплом алу — әрбір жастың алаулаған арманы

Диплом алу — әрбір жастың алаулаған арманы

Оқуға түсіп, қолдарына диплом алу — әрбір жастың алаулаған арманы, үкілеген үміті. Қазіргі таңда Жұбанов университетінің физика-математика факультетін бітіруші түлектер дәл осындай шаттыққа кенелуде.

Игілікті шара университеттің Студенттер сарайында өтті.  Оған университеттің профессор-оқытушылар құрамы, ата-аналар және қала әкімі Ильяс Испанов арнайы қатысты.  Қалай десек те, бұл күн биылғы университет бітіріп, үлкен өмірге қанат қаққан түлектердің есінде ұзақ сақталмақ.

Салтанатты шараның шымылдығын қала әкімі Ильяс Испанов құттықтау сөзімен ашып, шаһардың дамуына еңбек сіңіген университеттің ардагер ұстаздарына  «Ақтөбенің 150 жылдығы» мерекелік естелік медалін табыстады.

Сондай-ақ,  мерекелік жиында  ректор, профессор Бауыржан Ердембеков университет түлектерін айтулы күнмен құттықтап, сөз сөйледі.

«Құрметті түлектер, 4 жыл бойы білім нәрімен сусындап, бүгінде әр саланың маманы атандыңыздар. Сіздерге жарқын болашақ және ақ жол тілеймін! Университет қабырғасында алған білімдеріңіз бен егемен еліміздің өркендеп дамуына елеулі үлес қосып, Жұбанов университетін жоғарғы дәрежеден көрсетулеріңізге тілектеспін!», — деді ол. Сөз соңында университет ректоры «Уақыт капсуласына» тілегін жазып, факультет деканы Алтыншаш Бекбауоваға табыстады.

Салтанатты жиында «Біз осы оқу орнына елдің түкпір-түкпірінен жиналдық. Білім нәрімен сусындап, жаңа достар таптық. Бір-бірімізді қолдап, қиын сәттерде кеңес бердік. Университеттің бізге берген құнды тәжірибесі болашақта тірек болмақ. Бізге білім беріп, өмір сабақтарын үйреткен ұстаздарға рахмет айтамыз. Құрдастарым, дипломдарыңыз құтты болсын!», — деді бітіруші түлек Меруерт Медетбаева.

Жалпы физика-математика факультетін биылғы жылғы бітірген түлектер дипломдарын ректордың кеңесшісі Констатин Цхай, университеттің стратегиялық даму жұмыстары  жөніндегі проректоры Қуанышбек Шүңкеев, профессор Жайшылық Сартабановтардың  қолынан алды.

Шара барысында ата-аналар да сапалы білім мен тағылдымды тәрбие берген ұжымға алғыстарын білдірді. Өз кезегінде ата-аналар атынан сөйлеген, көп балалы ана  Баян Көмекбаева университет ұжымына жылы лебізін жеткізіп, жас маман иелеріне алдағы жолдарың даңғыл болсын деген ізгі тілегін арнады.

Жиын соңы факультеттің өнерпаз жастары дайындаған концертке ұласты.

Айта кетейік, физика-математика факультеті 1966 жылы құрылған болатын. Биыл факультетті 10  мамандық бойынша 260 түлек тәмамдаса,  ал 39  түлек ерекше үлгідегі дипломға қол жеткізді.