Суббота, Апрель 27, 2024
Басты > Жаңалықтар > Түркия ғалымы ректордың қабылдауында болды

Түркия ғалымы ректордың қабылдауында болды

Бүгін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Түркия Республикасының Стамбұл университетінің компьютерлік инженерия факультетінің профессоры Атакан Куртты қабылдады.

Қабылдауда университеттің бірінші проректоры Қ.Шүңкеев, «Цифрлық технологиялар» орталығының директоры Т.Т.Жүнісқалиев, Конфуций институтының Қазақстан тарапынан директоры Г.Т.Шоқым, ректордың көмекшісі Б.Ісбек, «Информатика және ақпараттық технологиялар» кафедрасының меңгерушісі С.М.Сарсимбаева қатысты.

Қабылдау барысында сөз алған университет ректоры, профессор Ердембеков Бауыржан Аманкелдіұлы қонақты жылы қарсы алып,   Ақтөбе қаласы және жалпы Батыс өңірі туралы таныстырып  өтті.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтып өткендей «Цифрлы Қазақстанға» көшу үшін IT технологияны дамыту қажет. Сол себепті Түркия Республикасының университеттерімен ынтымақтастықта жұмыс жасау үшін кездесіп отырмыз. Түріктер біздің бауырымыз, тіл жағынан да, дәстүр жағынан да жақынбыз», — деді ректор.

Профессор Атакан Курт Ақтөбе жеріне алғаш рет табан тірегенін айта отырып, Стамбұл университетінде магистранттар мен студенттерге арналған қазақша NLP жобалары туралы, латын әліпбиіне көшудегі назар аударылатын мәселелер, тілдерді үйренуде морфологиялық, синтаксистік, семантикалық талдауларға назар аударылатыны жайлы, кириллицадан латын әліпбиіне көшу бағыттары хақында да сөз қозғады.

Сондай-ақ, шетелдік ғалым іс-сапарында Жұбанов университетіндегі «Қазіргі түркі тілдерінің тілдік үдерісін зерттеу» зертханасымен танысып, бірлесіп жүзеге асырылатын жобаның қадамдарын айқындауды да көздейтінін айтты.

Түрік ғалымы университетімізде тілдік бағдарламаларды жүзеге асырылуда қомақты үлес қосуға ниеттеніп отыр.