Суббота, Апрель 27, 2024
Басты > Жаңалықтар > Әдістемелік апталық қорытындыланды

Әдістемелік апталық қорытындыланды

13–17 қараша аралығында университетте оқу-әдістемелік бөлімнің ұйымдастыруымен әдістемелік апталық өткізілді. Шара мақсаты – оқытушылар арасында заманауи әдіс тәсілдерді қолдану бойынша оқытушылар арасында тәжірибе алмасу және студенттердің өзіндік жұмыстарын ұйымдастыру жолдарына байланысты әдістерімен  бөлісу.  Әдістемелік апталығы «Студенттердің өзіндік жұмыстарын тиімді ұйымдастыру – сапалы білім кепілі» деген жалпы тақырыппен аталды. Жоспарланған шаралар оқу ісі жөніндегі проректоры Бибігүл Әбеновамен бірге ойластырылып, алдын ала бекітілген болатын.  Сондықтан университеттің барлық факультеттері әдістемелік апталықты жүйелі, нәтижелі түрде ұйымдастыра білді.  Кәсіби–шығармашылық факультетіндегі «Дизайн» кафедрасының профессоры М.Ж.Жаксыгаринаның «Линолиумға гравюра салудың орындалу техникасы» атты шеберлік класына  ҚР білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова  мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова және  университет ректоры Бауыржан Ердембеков қатысты

 

Педагогика факультетіндегі әдістемелік апталық   профессор А.Тасимованың «Заманауи оқыту технологиясы» атты орыс тіліндегі оқу құралының тұсаукесерімен басталды. Аталмыш оқу құралы  инновациялық технология әдістерін пайдалана оқытатын  университет оқытушыларына, мектеп мұғалімдеріне, сондай-ақ жалпы студенттерге және магистранттарға арналған.

Ал филология факультетінде «Әдебиетті оқытудың өзекті мәселері» атты әдістемелік семинар өтті. Семинарға  қала мектептерінің де мұғалімдері қатысып,  №24 лингвистикалық мектеп-гимназиясы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қ.Дошниязова,  Новый орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Б.Көнербаева әдебиетті оқытудағы өздерінің педогогикалық әдістерімен бөлісті. Семинар соңында  қатысушыларға сертификаттар тапсырылды.

Шетел тілдері факультетінде де әдістемелік апталық аясында оқытушылар бір-бірімен тәжірибе бөлісіп, дөңгелек үстел, тренингтер ұйымдастырылды. Еуропада «Өрлеу» бағдарламасы бойынша біліктілігін арттыру курстарынан өтіп келген оқытушы, магистр

С. Усенова еуропалық жоғарғы білім беру ерекшеліктерімен, әдіс-тәсілдерімен бөлісіп, ағылшын тілінде баяндама жасады.

Әдістемелік апталық барысында  көптілділік білім беру бағдарламасына сай физика-математика факультетінде аға оқытушы А.Сарман «Inequality» тақырыбында ағылшын тілінде шеберлік класын өткізді. Осылайша кезекті әдістемелік апталық мәресіне жетіп, нәтижелі аяқталды.