Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Шекаралық аймақтағы құлпытастарды зерттеу қиын…

Шекаралық аймақтағы құлпытастарды зерттеу қиын…

Жақында Салтанат сарайында «Ресей мен Қазақстанның шекаралас аймақтарының мәдени мұрасы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.


— Орынбор облысында қазақ халқының тарихына қатысты киелі жерлер жетерлік. Бұрындары екі елдің арасында шекара болмағандықтан, мидай араласып кеткен қос елге ортақ тарихи көне мұраларды орынборлық ғалымдармен бірлесе зерттеу арқылы оң нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бар, — деп сөзін сабақтаған Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов конференцияға қатысушыларға сәттілік тіледі. Тарих ғылымдарының докторы, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров Ресей мен Қазақстан ғалымдары бас қосқан шараның маңыздылығына тоқталды.

— Ең алғаш зерттелетін мәселе бұл Ресей аймағында қалып қойған қазақтардың  құлпытасын табу. Әсіресе Саратов пен Орынбор  облысында қазақтың ескерткіштері көп. Осы бағытта Ресей мен Қазақстан ғалымдары бірігіп жұмыс жасау жағын қарастырудамыз. Негізгі мақсатымыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай, ұлттық құндылықтарымызды, тарихи естеліктерімізді насихаттау, – дейді ақтөбелік ғалым.

Ғалымдардың зерттеуі бойынша  Қазақстанда 25 мыңнан астам, Ресей аумағында мыңға жуық  құлпытас бар екен.  Әр археологиялық жәдігер тарихтан сыр шертеді. Микро сакралды орындар тізіміне өңірімізден  Жайық қалашығы, Жұмағазы қазірет зиярат орыны, Теректі ауданындағы Тақсай обалар кешені,  Ғұмар Қараш зираты,  Бөкей ордасы тарихи-мұражай кешені, Күнбатыс алашорда кеңсесі енген.

«DANAqaz» тарихи-танымдық журналының бас  редакторы, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің БҚО бойынша меншікті тілшісі Қазбек Қабжан Ресейдің көршілес аймақтарындағы араб жазулы құлпытастарды жойылып кетпей тұрғанда, есепке алып, суретке түсіріп, барынша зерттеу қажеттігін тілге тиек етті.

— 2014 жылы Батыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасы «Батыс Қазақстан облысындағы ежелгі құлпытастарды зерттеу бойынша этникалық экспедиция жүргізу» жобасын қаржыландырып, «Құлпытас сырын ашайық» атты шағын жинақ басылып шықты. Бұл жинақта БҚО-ның Ақжайық, Қаратөбе және Сырым аудандарында орналасқан 50 құлпытасының суреті, мәтіні және аудармасы берілді.

Өткен үш жыл ішінде Шығыстану институты мамандары БҚО аумағына бірнеше ғылыми-зерттеу экспедицияларын жүргізді. Жобаның тең құқықты қатысушылары ретінде қатысқан оралдық бастамашылар да көп еңбек сіңірді. Батыс Қазақстан облысының барлық ауданында көне қорымдарды анықтап, құлпытастарды суретке түсіретін, өлшемдерін алатын топтар құрылды. Осындай кешенді еңбектің нәтижесінде БҚО аумағында сақталған 7 мыңдай араб жазулы көне ескерткіш тіркеліп, есепке алынды.

Батыс Қазақстан облысындағы араб жазулы құлпытастарды зерттеу мәселесі халықаралық ұйымдардың да назарын аударып, араб мемлекеттерінің мәдениеті мен өнерін қолдау үшін құрылған ИРСИКА ұйымы Бөкей ордасы ауданындағы Жәңгір хан жерленген «Хан зираты» қорымын, Теректі ауданындағы Жантөре хан Айшуақханұлы жерленген «Хан зираты» қорымын және Ақжайық ауданындағы Мәулімберді діни ағарту кешеніндегі көне қорым құлпытастарын әрқайсысын жеке-жеке жинақ етіп, ағылшын тілінде басып шығаруды қолға алып отыр.

Өздеріңіз білесіздер, Батыс Қазақстан облысы Ресей Федерациясының Астрахань, Волгоград, Саратов, Самара, Орынбор облыстарымен шектеседі. Біздің алдын ала зерттеуімізге сәйкес, бұл аймақтарда да ХVIII-ХХ ғасыр аралығына жататын араб жазулы қазақ құлпытастары өте көп кездеседі. Шекаралық аймақта жатқандықтан, оларды зерттеу ісі қиындық туғызады. Мысалы, 1801 жылы құрылған Бөкей Ордасының тұңғыш билеушісі Бөкей хан Нұралыханұлының зиратына (Астрахань облысы, Краснояр ауданы, Сейіт баба зираты) зиярат жасап бару үшін қазақстандықтар 6 ай бұрын (!) Ресей ФҚҚ мекемесіне өтініш жазуы тиіс. Бөкейліктегі біраз көне қорымдар Капустин Яр полигоны аумағында жатқандығы да ол жерді кешенді зерттеуге қиындық туғызып отыр.

Дегенмен, бізге Ресейдегі әріптестерімізден, ғалымдардан аратұра ол жақтағы қазақ құлпытастары туралы деректер келіп тұрады. Жалпы, Ресей Федерациясындағы араб жазулы қазақ құлпытастары арасында белгілі адамдар, тарихи тұлғалар ескерткіші жиі кездесетінін байқаймыз. Әсіресе қазақ-орыс қатынастарында қоғамдық-саяси қызмет атқарған элиталық топ өкілдерінің шекаралық аймақты қоныс етуі, сол жерде жерленуі заңды да. Мұның өзі ол жақтағы көне қорымдарды зерттеудің өзектілігін көрсетеді, — деді Қазбек Қабжан.

Өз кезегінде сөз алған орынборлық ғалымдар  Орынбор аумағында  құлпытастар, тарихи ескерткіштердің көптігін, алайда тасқа қашалған араб тілінде жазылған жазуларды оқитын маманның қат екендігін, сондықтан осы бағытта бірлескен экспедициялар жүргізіп, жобалар дайындау қажеттігін айтты. Қос елге ортақ тарихты түгендеу мәселесін көтерген конференцияда ғалымдар игі бастаманың нәтижелі боларына сенім білдірді.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»

источник