Четверг, Август 22, 2019
Басты > БАҚ біз туралы > Тал бесігің — табиғат

Тал бесігің — табиғат

Семинар

Ырғыз-Торғай резерватына Пржевальский жылқыларын әкелу қажет. Бұл туралы биология ғылымдарының кандидаты, доцент Илия Жолдасова «Ақтөбе облысының табиғаты: өңірлік биоалуантүрлілікті қорғаудағы мәселелер» тақырыбында өткен ғылыми семинар барысында айтты.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде биология ғылымдарының кандидаттары Айгүл Қалиева мен Гүлнұр Адманованың ұйымдастыруымен жаратылыстану факультеті магистранттары мен студенттері арасында ғылыми семинар өтті. Алғысөз алған факультет деканы Мұрат Махамбетов қатысушыларға қоршаған ортаны қорғау, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін тиімді пайдалану, орман байлықтарын сақтау еліміздің кез келген азаматының міндеті екендігін айтты.

Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты директорының орынбасары М.Жұбанияз биоалуантүрлілікті кешенді қорғаудың ең тиімді жолдарына тоқталып, резерватта атқырылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады.

Семинарда тұшымды ой айтқандардың бірі биология ғылымдарының кандидаты, доцент Илия Жолдасова болды. Ол резерватқа Пржевальский жылқыларын әкелу қажет деген ұсыныс білдірді.

Біздің резерваттың аумағы кең. Осынша көлемді ұстап тұрып, неге Пржевальский жылқыларын әкелмеске?! Бұл жануар — нағыз дала мекендеушісі. Меніңше, осы тұрғыда жоба әзірлеп, қолға алу керек. Бұл жоғары перспективалық тақырып деп білемін, — деді доцент.

Облыс аумағында орналасқан Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен 2007 жылы 14 ақпанда құрылған. Ақтөбе облысындағы бірден-бір республикалық деңгейдегі ерекше қорғалатын табиғи аумақ болып табылады. Қазіргі жер көлемі — 1 173 511 га. Резерваттың негізгі міндеттері — Қазақстандағы  Бетпақдала таралымындағы киіктерді, дүниежүзілік орнитологиялық маңызы бар сулы-батпақты өлкені, далалық экожүйені және ондағы биологиялық алуан түрлілікті сақтау, қорғау, көбейту.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

источник

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.