Вторник, Март 31, 2020
Басты > БАҚ біз туралы > Көне тарихты зерделеуші

Көне тарихты зерделеуші

Тағзым

Тарихшы-ғалым Беркін Құрманбеков еліміз тәуелсіздік алған жылдары Қазақ елінің көне тарихын жаңаша ұстаныммен зерделеп, тың ғылыми тұжырымдарымен танылған көптеген туындыларды дүниеге әкеліп еді.
Ғалым-ұстаз көптеген шәкірттер тәрбиеледі, жас буынды ғылым жолына жетеледі, сонымен бірге өзі де ұдайы ізденіп, тарихымызды түгендеудің ізгі қадамдарын жасаған болатын.
Оның арамыздан кеткеніне де бес жылдың жүзі болыпты. Ол көне тарихты зерделеуші ретінде көпшілік жадында сақталып қалды.

Ескірмейтін еңбегі бар

Тарихшы Беркін Құрманбековтің «Батыс Қазақстанда сауданың дамуы» атты монографиялық еңбегі өте өзекті мәселеге арналған. Қазақстанның Ресей және Орта Азиямен байланысы өте ерте заманнан басталады және осы қарым-қатынастардың дамуына сауданың тигізген әсері өте зор болып табылады. Ресейдің Орта Азиямен сауда байланыстары Батыс Қазақстан территориясы арқылы жүзеге асырылады.

Беркін Құрманбековтің еңбегінің басты құндылығы Батыс Қазақстанның Орал облысындағы әскери территориясы мен қазақ даласындағы сауда қатынастарының дамуы нақты архивтік деректермен дәйектелген. Сонымен бірге Орынбор айырбас сауда орталығының және Ішкі Бөкей Ордасындағы Жәңгір хан жәрмеңкесінің Батыс Қазақстанда сауда қатынастарының дамуына тигізген әсері толық ашып көрсетілген. Монография авторы Отан тарихнамасында өте аз назар аударылып келген Торғай облысының Ақтөбе, Ырғыз уездерінде тұрақты және жәрмеңке саудаларының даму мәселесін ерекше зерттеу объектісіне айналдырып, осы уездегі сауда қатынастарының даму динамикасын толық зерттеген.

Ғалым өз еңбегінде сауда қатынастарының дамуына әсерін тигізген саяси, әскери және экономикалық алғышарттар: керуен-сауда жолдарының қалыптасуы, сауда қатынастарының түрлері мен ұйымдастырылуының формалары сияқты қазіргі кезеңге дейінгі төл тарихымызда өте аз зерттелінген өзекті мәселелерге баса назар аударған.

Сонымен қатар бұл еңбекте XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап кеңінен өрістеген жәрмеңке саудасының дамуы терең қарастырылып, сауданың осы формасының Батыс Қазақстан халқының әлеуметтік және экономикалық жағдайына тигізген әсері толық және терең қарастырылған. Зерттеу объектісі ретінде Батыс Қазақстан аумағындағы Ойыл, Ырғыз, Темір, Ақтөбе, Гурьев уездері және Орал әскери территориясындағы тұрақты жәрмеңкелердің негізгі сауда орталықтарына айналуының заңдылықтары ашылып, осы жәрмеңкелердің өлкенің экономикалық дамуына қатысқан ролі толық ашып көрсетілген. Батыс Қазақстанда керуен саудасының дамуына байланысты Маңғыстауда сауда қатынастарының дамуы ерекшеліктері, өңір тұрғындарының Орта Азия сауда орталықтары және Торғай, Орал облыстарының шектеу уездерімен сауда-саттық байланыстарының ерекшеліктері нақты деректермен негізделіп дәлелденген.

Өте бай архивтік деректер негізінде Батыс Қазақстанда сауда қатынастарының пайда болуы, қалыптасуы және өркендеп даму динамикасы, тұрақты және жәрмеңкелік сауда түрлерінің көлемі және құрылымдық ерекшеліктері айқындалып, аймақтағы сауда орталықтарының Ресей, Орта Азия халықтарымен байланысының артуына тигізген әсері анықталған. Еңбекте Батыс Қазақстан территориясының Ресей және Орта Азия сауда қатынастарының дамуындағы транзиттік ролі толық ашып көрсетілген. Еңбекте Батыс Қазақстанда тұрақты жэне жәрмеңке саудасының дамуының осы территория халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайына тигізген әсері айқындалып, аймақтағы сауда қатынастарының даму деңгейінің жаңа демографиялық жағдайдың қалыптасуын қамтамасыз етуі нақты деректермен айқындалған. Осы еңбектің ерекшеліктерінің бірі Батыс Қазақстанда сауда буржуазиясының қалыптасуы архивтік деректер арқылы негізделген.

Қорыта айтқанда, Беркін Құрманбековтің бұл еңбегі Батыс Қазақстан тарихын зерттеуге қосылған сүбелі ғылыми еңбек болып табылады.

«Ғалымның хаты өшпейді» деген осы. Біз көтеріп отырған тақырып бойынша алда да талай зерттеулер жасалар. Ал Беркіннің еңбегі елеулі күйінде қала бермек.

Өмірзақ ОЗҒАНБАЙ,

профессор, тарих ғылымдарының докторы,

Астана.

Ғалымның хаты өлмейді…

Өткен шақпен жазу — қиынның қиыны. Себебі, Беркін ағайымыз өте жайдары, мінезі ашық, пейілі кең, жүрегі таза, көкірегі ояу адам еді. Ортамызда ақылшымыз, кеңесшіміз болатын еді. Кафедра отырыстарында байсалдылық танытып, әрбір істің тиянақты, жауапты атқарылуын қадағалап отыратын. Мені үнемі «атына заты сай Есбол, есі дұрыс бала», — деп мақтап қоятын. Біз қалай жұмыс жасағанымызды білмей қалатынбыз. Кафедрадағы оқытушылардың жағдайын жасауға, жастарға қол ұшын беріп, көмектесуге дайын тұратын. Кей кездері біз жас болғасын, «ағай, біз қашан бастық боламыз?» дегенде, «төр өзінен-өзі келеді», — деп қоятын. Ғылым жолында, өмір жолында қиындықтарға тап болғандарға ағалық қамқорлығын, қолынан келгенін аямады.

Ағайдың жүрген жері думан болатын. «Ойыл жәрмеңкесі» атты кітабы шыққан кезде техникалық факультеттің 19-шы аудиториясында тұсаукесерін жасап, бәріміз құттықтап жатырмыз. Сол кезде ағай: «Аталмыш кітапты жазғаным үшін мені бәрі ойылдық деп жүр», — деп қалжыңдады. Басқа да кітабының тұсаукесерінде белгілі қоғам қайраткерлерімен, Ақтөбе облысына танымал адамдармен жүздесетінбіз.

Ағайдың негізгі зерттеу тақырыбының өзегі — жәрмеңке, өзі де бір жәрмеңкеден кем болмады. Бәрімізді толғантқан, тебіренткен, жанымызға батқан ағайдың сүйікті де аяулы жары Сәуле апайымызға арнап жазған өлеңі өзегімізді өртеп жіберді. «Сәуле ғұмыр» деп жазған еңбегінің тұсаукесерін жасағанда көңіліміз қатты толқыды. «Әркім сыйлағанның құлы, сүйгенінің құрбаны» дегенді сонда ғана білдік, түсіндік.

Ағай әнді жақсы айтатын, сегіз қырлы, бір сырлы жігіт еді. Шәмшінің әндерін өзінің баритон даусымен аузына кесе қойып, Ұлыстың ұлы күнінде кафедрада отырғанда шырқап, бәрімізді таңғалдырды. «Егер де мен тарихшы болмағанымда, енді Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов ағаларыңның қасында жүруші едім», — деп күлдіртті. Осындай қызықты оқиғалар көп болды, әттең десеңші…

Ағайдан үйренеріміз көп еді… Кафедра мүшелері әлі күнге дейін ағай келіп қалатындай сезінеді…

Есбол МҰХАНБЕТҚАЛИЕВ,

философия ғылымдарының кандидаты.

 

Өзіндік ұстаным иесі болды…

Менімен шамамен отыз үш жыл шамасында қызметтес, әріптес болған Беркін Жолмырзаұлы есімі Ақтөбе өңіріне, соның ішінде Қобда, Байғанин, Шалқар кеңістігінің кәрі-жасы мен қатар жоғары оқу орындары қызметкерлері, соның ішінде тарихшылар ортасына кең танылған шығармашылық иесі болатын. Байғанин өңіріндегі мектептердің бірінде орта білім алып, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетін тәмамдап, өмірінің нағыз жалынды тұсын Қобда өңірінде өткізгенін өзі үлкен құрметпен айтушы еді.

Аталған университетті тәмамдаған тұстан бастап Беркін туған жері Ақтөбе облысында негізгі мамандығын халық арасындағы саяси-көпшілік шаралармен шебер ұштастыра біліп, үлкен жауапкершілікпен атқарып, қызметтің қандай саласы болмасын білімі мен өмірден түйген тәжірибесін аямаған адал азамат.

Бүкіл өмірін саяси насихатшылық пен ғылыми ұстаздық қызметіне арнаған ол өзінің ой-түйінін ірі турап, жалтақтамай, байсалды, ғылым мен практикада жан-жақты анықталған тұжырымдар негізінде нақтылы мысалдармен жеткізуші еді. Оның тек өзіне тән қасиеттердің бірі ойындағысын көзіңе тура қарап, шебер мәмілегерлік әдіспен айтатын, жүріс-тұрысынан батылдық пен байсалдылық, орнықтылық бірден сезілетін.

Туған еліміз егемендік туын қолына алып, ұлттық-демократиялық, либералдық мемлекеттік құрылымына шешімді қадамдар жасаған тұста ол бойындағы жаңа толқынмен қуаттанған ұлттық-патриоттық сезімнің тынысы кеңейіп, зиялылардан дем алып, жүрегін әрдайым сыздатқан отаншылдығынан там-тұмдап ұлттық идеяны қайта құруға белсене кірісті. Өзінің студент жастар арасындағы дәрістерінде, ғылыми шараларда сөйлеген сөздерінде әр ары таза қазақстандық ұлттық идеяны енді жаңа жағдайдың бедеріне өркендетуге, өрістетуге міндетті екенін батыл айтты. Ондай ардақты міндетті орындау үшін Алаш атын жамылып бос кеуде қағумен іс бітпейді, Әлихан айткандай «өз жүгімізді белгілі орынға апарсақ болғаны» деген шартты әрдайым қолдап, айналасындағыларды нақты іс-қимылға шақырды.

Беркінмен түрлі басқосуларда ортақ болған мәселе — өткен ғасырдың 90-шы жылдарының аяғындағы елдегі меншіктің радикалды өзгерісіне байланысты да өткір пікірсайыс болатын еді. Өмірге келген тұстан санамызға сіңіп, оны қорғауға тәрбиеленген мемлекеттік меншік базарға түскенін көрген тұста бізге сан-қилы ойлар келген. Баршаға аян, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында кейбір пысықайлар «мен сол аңсап жеткен егемендікті нығайтып, көркейту үшін не істей аламын?» деп емес, «мен бұдан не жымқырып үлгеремін?» деген ашқарақ құлқын ойдың соңында жүрді. Осындай қылықтарды көргенде Беркін қатты қиналып, «ішкі тобырлық мүдделерді тойындыру үшін ғана бостандықты аңсап келгендейміз», —  деп қатты қиналушы еді.

Егемендікке ұмтылған тұста ең өзекті өткір сипат алған мәселе — қазақ тілінің мәртебесі болды.  Ол осы іске оң бағыт беруде батыл күрескендердің алғы шебінде де ол болған. Осы күнге дейін көз алдымда оның ұстанымы. Тіл саясатын демократиялық болашақтағы мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігіне айналып, тіл тағдыры — ел тағдыры екенін баршаға түсіндіруге аянбай атсалысты. Ол қазақ халқының сан ғасырлық мол, асыл қазынасының інжу-маржандарын кеңінен насихаттау, студент жастарды отансүйгіштікке, атамекен мен туған елді қорғауға, тілі, ділі, діні бір рухани құндылықтары ортақ халықтардың бауырластығына жаңа жол ашуды мақсаттаған азамат болды.

Қуаныш пен қиындыққа толы қысқа да мазмұнды өмір сүрген Беркін Жолмырзаұлының жарқын бейнесі жадымызда жаңғырып тұра береді.

 Нұртаза АБДОЛЛАЕВ,

профессор, тарих ғылымдарының докторы.

 

Ақылды еді Беркінім

Әкеміз Нұрпейіс Байғаниннің 150 жылдығы 2010 жылы Темір ауданында өтті. Соның алдында Беркін «Нұрлы жүзді Нұрпейіс» деген кітабын жазды. Маған әкеліп көрсетіп, Сағи Жиенбаев атындағы кітапханада кітаптың тұсаукесері болды. Сонда бірінші келіп Сәуле келініміз бетімнен сүйіп, «атаның жасы құтты болсын, аға, мен Беркін ініңнің жолдасымын», — деп танысты. Ол да кейін дүниеден өтіп кетті. Бұл қайғы Беркінге қатты тиді. Мен енді Беркіннің ағасы Еркін Құрманбековті бұрыннан көбірек білемін де, Беркінмен берегіректен араластық. Байқағаным — кішіпейіл, адамгершілігі мол, менмендігі жоқ, қарапайым, кісіні тартатын, әкеден кішкентайдан қалса да, сол үлкендердің сөзіндей сөзі бар екен.

Иманды болғыр анасымен Еркінжанның үйінде бір кездесіп, қонақтықта болғанда көргенмін. Апай айтып еді, баяғы 30-жылдары менің Нұрпейіс Байғанин әкемнің үлкен баласы Ғалым Нұрпейісұлы Шалқарда сот болып қызмет жасап, сонда Беркіннің әкесі Жолмырза ағайлармен жолдас болып, сол үйде талай кездесу жасап, әкем де Шалқарға барғанда сол үйге түсіп, қонақта болған екен.

Беркіннің анасы әкем, ағайым туралы көп жақсы естеліктер айтты. Иманды болғыр, әңгімені тәуір айтатын, жақсы кісі еді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді ғой, сол апайды көріп, сөзін тыңдағасын қазір таңғалып отырамыз, сол Ақмоншақ апайдың ұрпақтары Еркін, Беркін қандай азаматтар!? Кәдімгі халқын сүйетін, елін сүйетін, ел сүйетін, халық сүйетін азаматтар.

Беркін айналайын атасы туралы кітап жазып шығарды. Менің осы күнге дейін шежіре жазу ойыма келмепті. Соны Беркінжан Темір ауданына Ақсайға, Сүліктіге барғанымызда ағайын-тумалардан сұрап, үлкен шалдардан індетіп, менің жеті атам туралы бәрін жазып алып, кітапқа енгізіп, соны көрсетіп мәз қылды. Өте ақылды өзі. Беркінге риза болдым.

«Нұрлы жүзді Нұрпейіс» деген Беркінжанның жазған кітабында біздің бүкіл ата- бабамыздан бастап менің шаңырағыма дейін келтірген. Негізгі туған жеріміз Темір ауданы, Ақсай ауылы, Сүлікті деген жер. Атам Байғананың, әжем Үміттің зираты — бәрі сонда.

Енді айтатыным, балаларымыз да жолдас. Еркінжанның баласы Дәурен мен менің үлкен баламның баласы Серік Алпысбайұлы Байғанин екеуі дос. Институтты бірге бітіріп, бірге жолдас болып, адам болып, болашақтан үлкен үміт күттіріп отыр, осылар бақытты болсын. Иә, халқына сыйлы азамат, өзінің атасынан бастап сыйлы, әкелері, ағалары сияқты азамат болсын. Ақын атаның аруағы қолдап, бақытты болсын. Тағы айтсам, Беркінжанның ағасы Сергеймен менің зайыбым Манар Қарауылкелдіде бір мектепті оқып, бітірген.

Осы байланыстардың, жақсы істердің барлығын миымда ұстап, жүрегімде сақтап жүремін де, ішімнен, «ой, осы жігіттерді тіл-көзден, Алла тағала сақтасын» деп тілейтін едім. Енді Беркінжанның көрмеген қызығын ұрпақтары көрсін.

 Момын БАЙҒАНИН,

ҚР еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, күйші, профессор-ұстаз

Ақтөбе газеті