Вторник, Март 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > «Жас Өркен» бағдарламасы — мол мүмкіндік

«Жас Өркен» бағдарламасы — мол мүмкіндік

Бүгін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында Республикалық «Жас Өркен» жас мамандар бағдарламасы басшылығы мен білім беру процесін ұйымдастыру департаментінің оқу-әдістемелік бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен университет бітірушілері (4 курс студенттері)  арасында кездесу өтті. Кездесудің мақсаты –үздік және дарынды түлектерді болашақта «Самұрық-Қазына» қорының компанияларына жұмысқа орналастыру үшін бірлесіп, дайындау.

Орталығы Астана қаласында орналасқан «Жас Өркен» жас мамандар бағдарламасы басшылығының өкілі Жасекенова Гульнур Жалеловна бітіруші курс студенттеріне аталмыш бағдарламаның компаниялардағы нақты бір позицияларға сәйкес жұмыс орнында оқыту ғана емес, белсенді азаматтық позициясы бар және кәсіби ой-өрісі кең өршіл жас ұрпақты қалыптастыру құралы екенін түсіндірді. Кездесу ортасында студенттер назарына ақпараттық слайдтар ұсынылды. Бағдарлама 2 жыл ішінде 1331 үміткерге, 40 жеңімпазға, 80 тәлімгерге көбейіп, сондай-ақ, 20 айлық айналым, 300 қабылдаушы компания құрамында болған. Түлектерге берілетін мүмкіндіктер келесідей:

  • «Самұрық-Қазына» АҚ тобындағы бірнеше компаниялардағы әртүрлі департаменттерде жинайтын (бітіруші мамандығына бейім) айрықша жұмыс тәжірибесі;
  • Айналым орнына баратын жол мен тұрмыс шығындарының өтемі;
  • Компанияның топ-менеджменті ішінен дербес тәлімгер;
  • Ай сайынғы жалақы;
  • Бағдарламадан сәтті өткен соң жұмысқа орналасу.

Кездесу студенттер үшін үлкен қызығушылықпен өтті. Бағдарлама бойынша қосымша ақпарат алуға ниет  білдірген студенттермен (40 студент)  жеке сұқбат жүргізіліп, оларды 4 топқа бөліп, алғашқы қадамға дайындық ретінде тренинг-жарыс өтті. Топтарға жеке, топтық тапсырмалар беріліп, нәтижесінде жеңіске жеткен топ мүшелері сыйлықтармен марапатталды.

«Жас Өркен» жас мамандар бағдарламасы  университет бітірушілерін  «Самұрық Қазына» қорының компанияларына еңбекке орналастыруға бағыт көрсетті. Бұл біздің университет бітіруші түлектеріміз үшін мол мүмкіндік болары анық.

Алия Карагулова,

оқу-әдістемелік бөлім әдіскері