Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Алғашқы бес томы жарыққа шықты

Алғашқы бес томы жарыққа шықты

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» еңбегінде көтерген бастамасы негізінде М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы жүзеге асты. Осы жоба аясында «Дала фольклорының антологиясы» атты 10 томдық жинақтың алғашқы 5 томы жарық көрді.  Ұлттық руханиятты осы тұрғыда жаңғырту, насихаттау еліміздің әр өңірінде іске асуы тиіс. Осы мақсатта Алматы қаласында өткен аталған еңбектердің тұсаукесеріне және фольклор, әдебиет, өнертанушылардың республикалық форумына қатысқан профессор Абат Пангереевтің бастамасымен Жұбанов университетінің филология факультетінде  осы кітаптардың өңірлік презентациясы өтті.

Айта кетейік, жарыққа шыққан бес томның 1-2 томдары- Батырлар жырына, 3 томы — Тарихи жырларға, 4 томы — Ғашықтық жырларға, 5 томы — Дастандарға арналған. Бұл жауһар туындылардың бұрынғы жарық көрген нұсқалардан ерекшелігі алдымен, бұл кітаптар қалың оқырман жұртшылыққа арналған. Мұнда ғылыми сипаттан гөрі бұқаралық сипат басым, иллюстрациялық суреттермен безендірілген, жырда кездесетін көне ұғымдар туралы суретті сөздік берілген.

Осы бес томның барлығының бұрынғы басылымдардан ерекшелігі – зерттеуші мамандар тарапынан сараптамадан өткендігі, жүйеге түскендігі, ең бастысы, электронды және аудио нұсқалары қоса беріліп, цифрлық форматта шығуы. Сонымен қатар, барлық томдардың орыс, ағылшын тілдеріндегі аударма нұсқалары даярлану үстінде екендігін де атап өту керек, — деді А.Пангереев.

Өңірлік презентацияға арнайы қатысқан профессорлар Жұбаназар Асанов,  Нұртаза Абдоллаев, Жайшылық Сартабанов, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, өнертанушы Еркін Құрманбеков, облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің үйлестірушісі, доцент Дәулет Әбенов, «Қазақ әдебиеті» кафедрасының аға оқытушысы  Рита Жұмағалиевалар ретімен сөз алып, жылы лебіздерін білдірді.

«Дала фольклорының антологиясы» қазақ халқының көне мұрасын жаңғыртып, келер ұрпаққа құнды дүние болары сөзсіз. Өйткені, ұлттық рухты, отансүйгіштік қасиетті ұрпақ бойына дарытатын да осы туындылар.