Суббота, Август 15, 2020
Басты > БАҚ біз туралы > Мемлекеттік тіл – ұлттық құндылық

Мемлекеттік тіл – ұлттық құндылық

Үмбетқан Сәрсембин,
философия ғылымдарының кандидаты,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік
мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі

Әр ұлттың тарихы мен мәдениетіне, әсіресе, оның тұлғалану болмысына қарайтын болсақ, халықтың (ұрпақтың) ұлт ретінде қалыптасуына, тарихи уақыт сынынан сүрінбей өтуіне ықпал ететін құндылық ана тілі болып табылады. Алаш зиялылары айтып кеткендей, тілі мен тарихы жоғалған жұрттың өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.

Өткен ғасырда әлемдік ғылымда тіл философиясы, тіл мәдениеті, тілдің табиғаты мен құрылымы кеңінен зерттеле бастаған. Ғылымда тілдің танымдық қызметін зерттейтін жаңа бағыт қалыптасты. Бұның себебі, сол кездің өзінде болашақ жаһандану уақытында қоғам алдына шығатын ұлттық мүдде құндылықтарын (оның қызметін) игеру мәселесінің туындауында жатса керек. Бүгінгі ұрпаққа белгілі нәрсе, сол кезде өмір сүрген қазақ зиялылары қазақ тілінің табиғатын, құрылымын, қазақтың сөз өнерінің мәдениетте алар орнын зерттеуде, оның мәдениет пен ғылымдағы орнын көрсететін мол мұра қалдырып үлгерген. Қоғамның аумалы-төкпелі жағдайына, сырттан жүргізілген саясатқа қарамастан әлемдік ғылымның тәжірибесі негізінде қазақ ғылымының негізін қалап кетті. Тіл мәселесі қашан да ұлттық мүдде деңгейінде зерттелетін өзекті мәселелердің бірі. Қазіргі уақытта әлемге өзінің мәдени құндылықтарын тарату, сол арқылы үстемдік құруды көздейтін мемлекеттер алдыменен тілі мен философиясының қолданылу аясын кеңейтуге ұмтылуда. Осы себептен тілдің мәдениеттегі феноменін зерттеу, ұрпақ санасында орнықтыру кез келген мемлекет үшін өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Қоғамдағы тіл мәселесінің негізінде ұлттық сана мәселесі жатыр. Ұлттың тілін білген, оны жетік меңгерген адам сол ұлттың дүниетанымымен сусындап, ұлттық ойлауға дағдыланады. Тіл білімінің адамның рухани қалыптасуына, мемлекет азаматы ретінде тәрбиеленуіне әсер етуші бірден-бір құбылыс екендігін адамзат баласы, біздің де бабаларымыз ерте түсінген. Осының негізінде тілдегі сөздердің қорын байыту, дүниетанымдық ұғымдарды ғылыми айналым шеңберіне енгізу көзделді. Тіл білімін сақтау мен нығайтып отыруда ғылыми бағытты қалыптастыру, шешендік өнер түрлерін дамытудың негізінде жаһандану құбылыстарына ерте қамдану жатыр.
Қазақ даналығында «Отан оттан да ыстық» деген ұғым бар. Өз болашағын елдің болашағымен ұштастырып отырған адам мемлекетінің рухын терең сезінеді. Адамның ұлттық рухын терең сезінуінде ата-ананың балаға үйретер өнегесі бар. Бұған мысал ретінде қазақтың бала тәрбиелеу ісіндегі ұлттық құндылықтарды айтуымызға болады. Өзінің қоғамынан үйренген өнегесіне, ата-ананың берген тәрбиесіне орай, қазақтың ойшыл адамдары өздерінің ұлағатты ойларын жазып кеткен:
Сүйемін туған тілді – анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутімнен,
Құлағыма сіңірген таныс үнім.
Сол тілмен шешем мені әлдилеген,
Еркелеткен: «құлыным, жаным» деген.
Сол тілменен бірінші білгізілген,
«Апа» деген сүйгендік сөз әм менен.
Отанға деген адалдық, қоғамға деген жақындық, ел мүддесіне жауапкершілік жастың бойында ата-ананың мейірімінен басталатындығын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың сөздері анық көрсетіп тұр. Ұлттық болмыстың өрісін интеллектуалдық тәжірибе арқылы кеңейтуде, тұлғалық дәстүрді қалыптастыруда қазақ тәжірибесінің де тарихтан алар орны бар. «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шығады», – деп, Ахмет Байтұрсынов жазғандай, тарихтағы қазақтың бала тәрбиесінен «не ексең соны орасың деген» мәтелдің де мағынасын түсінуге болады. Яғни, баланың өсуі әлеуметтік ортаға, атамекен болмысына байланысты қалыптасып отырады. Атамекен жағдайына байланысты, тарихи уақыттың талабы негізінде бабаларымыздың көшпелі тұрмыс мәдениетін қалыптастырғандығы белгілі. Осы атамекеннің табиғи ортасына (климат жағдайына) байланысты шаруашылық түрлерін дамытуда қоғамға қажет нәрсе ұлттық бірегейлік, рухани тұтастық. Рухани негіздегі әлеуметтік тұтастықтың негізінде ұлттық және азаматтық бірегейлікті қалыптастырып, нығайтып отыратын ұлттық құндылықтардың танымдық қызметі жатыр. Осы себептен, «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған ана тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, бар тарихымызды ұмыту» – деп айтып кеткен Бауыржан Момышұлы.
Дүниеге келген сәбиді қабылдап алатын отбасы, әлеуметтік орта, қоғам. Отбасы қоғамдағы негізгі институт ретінде мемлекетпен бірге жастарды тәрбиелеп өсіреді, жастардың әлеуметтенуіне ықпал етіп отырады. Отбасындағы тәрбие, әлеуметтік ортадағы тәрбие мен білім арқылы мемлекетпен байланыс ұлттық сананың қалыптасуына әсер етпек. Қоғамдық ортадан толыққанды әсерленген жастар, мемлекетінің мүддесін жатсынбай өседі. Өзінің мемлекетін, мәдениетін, ұлттық құндылықтарын жатсынудың негізгі себебі балаға ана тілінің үйретілмеуінде, ата-ананың ана тілін, ұлттық құндылықтардың қызметін, оның жеке адамнан бастап, ұлттың тағдырын шешетін дүние екендігін білмеуінде жатыр. Осы себептен, «балаға алғашқы ем ананың үнімен беріледі» дейді Ибн-Сина. Шынымен де, адам бойындағы ұлттық рухтың негізі ата-ананың мейірімі, яғни, тәрбиемен берілетін жылылықта жатыр. Осы жылылықты бала толық сезінгенде ғана оның бойында (жан дүниесінде) ұлттық қасиеттер орнығады.
Адам тіл арқылы ортамен байланысқа түседі. Тіл арқылы адамның танымы қалыптасып отырған. Тіл арқылы ұлттық болмыстың құрылымы адам санасына беріледі. Бір сөзбен айтқанда, ана тілі әрбір адам үшін негізгі қазық, негізгі құндылық, негізгі құрал. Ана тілін рухани қазық дейтініміз, адамды әлеуметтік ортамен, төл болмысымен біріктіріп, ел азаматы ретінде қалыптастыратын ана тілі. Тілді негізгі құрал дейтініміз адам әлеуметтік ортаның болмысы мен табиғатын, дәстүр тәжірибелерін меңгеру арқылы онымен үздіксіз байланыста.
Ана тілінің әлеуметтік таным шеңберінде құндылыққа айналып отыруы ұрпақтың ұлттық болмыс арқылы игілікке қол жеткізуінде. Осы себептен Ахмет Байтұрсынов, «Егер де біз қазақ деген ұлт болуды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағандай тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек» – дейді. Ұрпақ ұлттық болмысынан қол үзген жерде ұлттың өзі де жоғалады. Сондықтан да, тіл ұрпақ үшін негізгі құндылық. Алаш зиялылары, сол кездегі ұлттық кодынан қол үзіп бара жатқан Қазақ елі үшін қазақ тілі қоғамдағы сөніп бара жатқан тарихи сананың шоғын үрлейтін жалғыз ғана құндылық болған. Мағжан Жұмабаев айтып кеткендей:
Күш кеміді, айбынды ту құлады;
Кеше батыр – бүгін қорқақ, бұғады.
Ерікке ұмтылған ұшқыр жаны кісенде,
Қан суынған, жүрек солғын соғады.
Қыран құстың қос қанаты қырқылды,
Күндей күшті, күркіреген ел тынды.
Асқар алтай – алтын ана есте жоқ,
Батыр, хандар – асқан жандар ұмытылды.
Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ ардың,
Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың…
Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз, бабам тілі сен қалдың!
Қазіргі таңда ғылымы, экономикасы арқылы әлемді мойындатып отырған елдер тарихта мемлекетінің басына төнген қауіпті, қиыншылықты ұлттық санасымен, қоғамның ауыз біршілігімен жеңген деген пікірді жиі естіп жатамыз. Шын мәнінде бұндай тәжірибе, бұндай жағдай қазақтың да басынан өтті. Ана тілінің рухын қабілеті мен даналығы арқылы көтерген, соның негізінде ұлттық бірегейлікті сақтап отырған, ұрпақты елдікке тәрбиелеудегі тәжірибе бүгінгі уақыт үшін баға жетпес дүние.
Мемлекеттің болашағы оның мүддесіне тәуелді. Ал, мемлекеттің мүддесі мемлекет құраушы ұлттың төл құндылықтарынан құралады. Ұлттық құндылықтар дегеніміз, тіл, атамекен, дін мен дәстүр, мәдениет, тарих. Осы ұлттық құндылықтардың ішінде ұрпақтың тұлғалануында ықпал етіп отыратын тіл мен жер. Жер ұлтқа өмір сүру үшін, өсіп өркендеу үшін, тіл мемлекет иесі ұлттың тұтастығын, болмысын сақтау үшін қажет. Қазіргі әлемде орын алып отырған саяси құбылыстардан белгілі ұлттық тұтастығы, дәстүрі мен мәдениетіне ие болу, дініне беріктік, жастардың ұлттық рухқа тәрбиеленуі ұлттың болашағын айқындайтын дүние болып отыр. Ұрпақ ұлттық құндылықтарын біліп, ұлттық қасиеттерге ие болғанда ғана мемлекетін қорғай алады. Мемлекет мүддесін қорғауда қоғамға ауадай қажет нәрсе тәжірибе, тарихтың тағылымы, бұлар тарихи сана арқылы қалыптасады. Тарихи сананы қалыптастырудың негізінде (жоғарыда айтылғандай) ұлттық идеология жатыр.
Жеке адам мен қоғамды біріктіріп отыратын тіл ұлттық сананың қалыптасуына ықпал етіп отырады. Қазақ руханиятындағы тарихи жыр, толғау, тарихи әңгімелер, ертегі, аңыз әңгімелер, тарихи дастандар ана тілінің білімін негіздейтін сөз өнерінің әлеуметтік танымдық негіздері болып табылады. Осы ұлттық құндылықтар арқылы тарихи сана, ұлттық сана қалыптасып, жастар ұлттық рухта тәрбиеленіп отырған.
Жеке адамның табиғаты рухани қасиеттерден құралады және сол арқылы сақталып отырады. Ал, рухани қасиеттер адамның болмысы шеңберінде сана, ақыл-ой арқылы тұлғалық феноменіне айналмақ. Яғни, қазақ қоғамындағы әлеуметтік болмыстың мәдени негіздері болып табылатын шешендік, ақындық, батырлық өнер түрлері ұлттық сана мен халық даналығының негізгі өнімі, көркем туындысы. Қоғамның интеллектуалдық өрісі сақталып отырған жерде мемлекеттің беріктігі, мемлекет пен халықты біріктіріп отыратын, оның мүддесіне қызмет етуші зиялылар қатары қалыптасады. Қоғамының болашағы үшін ізденетін ұрпақ бірлігі басым ортадан шығып отырған.
Көне дәуірде өмір сүрген грек философы Платон «мемлекетті ойшылдар басқаруы қажет» деген. Бұл даналық өмір сүрген қоғамда әлеуметтік танымның тереңдігі арта түседі деген ұғымды білдіреді. Шын мәнінде қазақ қоғамында ойшылдар институты орын алды. Ойшылдар даналығы арқылы ұлттың бірегейлігі, азаматтық бірегейлік сақталды. Қоғам тарапынан аталы сөзге мән берілді. Тілдің білімі тегістей қоғам өмірінде қолданысқа түсіп отырды. Сөздің әлеуметтік таным негізіне айналып отыруы салдарынан ұлттық құндылықтар қоғамдық сананың бағдарына айқындаушы негіз болған. Тарихи сана, аталы сөз түйіні негізінде ұрпақ қоғамдық ортада ұлттық мүдде ісіне мамандана біледі. Осының нәтижесінде халық тәуелсіздіктен айырылса да, ұлттық жадыдан қол үзбеген. Ендігі мәселе осы ұлттық тәжірибенің ертеңгі болашағын ескеру болып отыр.
Тәуелсіздік – ұлт үшін үнемі қорғап отыруды қажет ететін қасиетті мұра. Уақыт өзгерген сайын, тәуелсіздікті, ұлттық мүддені қорғаудың жаңа міндеттері пайда болып жатады. Оның үстіне, бүгінгі ақпараттық технология кеңістігінде ұлттық мүддені қорғаудың талабы күшеймесе азайған жоқ. Бүгінгі уақытта қоғам түгіл, жеке адамның өз мүддесіне ие болуы ұлтқа тиер пайданың бірі саналуда.
Біздің пікірімізше, тіл философиясы – ұлттық философияның негізі. Тілдің философиясы әр ұлттың тарихында ойлау мәдениетінің қалыптасу кезеңінде жатыр. Қазақ ұлтының ойлау мәдениетінің қалыптасу кезеңі көне дәуірден бастау алады. Бір ғана атқа міну мәдениетінің негізінде кеңістікті игеру, тарихи кезеңді қалыптастыру мәселесі жатыр. Көшпелі тұрмыстағы мәдениет жолын таңдауда дала болмысын игеру, ұлттық болмысты қалыптастыру мен нығайту, тұрмыс тәжірибелерін жетілдіру, ұлттың тұтастығын, тұлғалануын қамтамасыз ету дәстүрі бар. Жоғарыда атап көрсетілгендей, ұлттық болмыстың қалыптасуы мен тұлғалануында тілдің танымдық қызметі ерекше көзге түседі. Ахмет Байтұрсынов өзінің «Әдебиет танытқыш» еңбегінде атап көрсеткендей, «Адам қанша дана, білімді болса да, қанша қайратты болса да, әлеумет оның мақсатын ұқпайтын болса, қайраткер қамалға жалғыз шапқан батырдай әлек болады». Ұлттың мәдениетіндегі әлеуметтік танымның қалыптасуында тіл мен даналық арқылы орын алатын тарихи сананың мәні осында. Қоғамда интеллектуалдық өріс қалыптаспаса, рухани деңгей сақталып отырмаса, ұлттық идея тарихи уақыттың тереңінде қалып қояды. Сондықтан, қоғамды алға жылжытуды көздейтін мемлекет алдыменен тәрбие мен білім мәселесін шешуді қолға алуы тиіс.
«Ер елімен ажарлы» делінген билер даналығында. Бұның мағынасы, кез келген идея, атқарылуы тиіс іс ұлттық мүдде шеңберінде ғана жүзеге асуы қажет, ұлттық мүдде жетілуі үшін қоғамда ортақ сана қалыптасуы қажет дегенді білдіреді. Тағы да қайталап айтар болсақ, қоғамды алға жылжытып отыратын түсінік, ортақ тәжірибе бір ғана әлеуметтік танымның негізінде жүзеге асып отырады. Осы себептен қазақ қоғамының тарихи өмірінде әлеуметтік танымды қалыптастырып, ұрпақты оған бағыттап отырушылар билер мен жыраулар, ойшыл адамдар болған. Қазақ зиялыларының болмысына тән қасиет олардың шешендік қабілетінде. Осы қабілеттің негізінде тарихи сана, ұлттық сана, тәрбие, биік адамгершілік қоғамға үлгі ретінде ұсынылып отырған.
Әлем мәдениетінің өрісінде ойшылдар тарапынан зерделеніп отырған шешендік өнер түрлері қазақ қоғамында да орын алды. Алайда, адамзат баласының ойлау мәдениетінің қалыптасу кезеңінде талқылана бастаған рухани құндылықтардың тарихтағы қазақ қоғамынан көрініс табуы тіл білімінің қоғамдық сананың негізіне айналып отыруында. Әл-Фараби «…біз философияның арқасында бақытқа жетеміз. Ал, оны біз жақсы ақыл-парасат арқылы меңгереміз» – деген. Философия бұл даналық, ал, адамның қолын даналық білімге жеткізіп отыратын – тіл, даналық сөз. Ойшылдың өзі зерттегендей, ұрпақ рухани құндылықтар негізі тіл мен ділге және атамекен байлығына ие болып, оны қабілеті мен білімі арқылы қорғай алғанда ғана бақытқа қол жеткізген. Ізгіліктің алаңы мемлекет, мемлекеті бар жерде ғана адам ұрпақты тәрбиелеп, оны бақытты ете алады. Ұрпақ үшін ізгілікті қоғам құрудың кілті – ұлттық құндылықтар.
Өткен ғасырда өмір сүрген қазақ зиялыларының бірі Құдайберген Жұбанов, қазақ мәдениетіндегі Қожа Ахмет Иассауи даналығының қазақ руханиятында алатын орны жөнінде былай деген: «Тарих кітаптарында қара қытайлардың 12 ғасырдың алғашқы жартысында өзен аралығындағы елдерді жаулап алғаны айтылады. Бірақ, қалайша жаулап алғаны, жеңілген халықтың нендей күйзеліске түскендігі сөз болмайды.
Осы дәуірде Түркістанда өмір сүрген Хожа Ахмет Иссауидің 95 толғауы жауға шабылған елдің күй-жайын суреттеуге арналған». Қашан да қазақтың, ұлттық ата тегіміз түркі жұртының тарихи кезеңдерде уақыт өткелдерінен сүрінбей өтудегі темір қазығы тіл болғандығын осыдан-ақ байқаймыз. Тарихта ұлттың саны азайғанда, ел тәуелсіздігінен қол үзгенде, қоғамды ұлттық құндылықтардан ажыратпай, оны сақтап қалу мақсатында тіл қорғалып отырған. Қожа Ахмет Иассауи данамыз түркі жұрты жойылса, оның дінінің де жойылатынын түсінген. Осы себептен ұрпақты біріктіріп отыратын тарихи сана желісіндегі даналығын мұра етіп тарихта қалдырған.
Қазақтың тілді ана тілі, негізгі ұлттық құндылық деңгейінде зерделеп отыруының түп-төркіні түркілік мәдениетте жатыр. Көк тасқа қашалып жазылған арғы бабаларымыздың өсиеті осы шындықты аңғартады. Түркі кемеңгерлерінің жазып қалдырған тіл білімі, даналық жөніндегі мұраларының да орны ерекше. Сонымен қатар, мәдениетіміздегі ойшылдар дәстүрі ана тіліміздің құндылықтық тұғырын тереңдете түсуде.
Қожа Ахмет Иассауи «әркім сөз жазса қара сөзбен жазсын» деген. Ойшылдарымыздың «қара сөз» деп отырғаны «даналық сөз» деген ұғымды білдіреді. Қара сөз арқылы қазақтың дүниетанымын, тарихи сананы әлем мәдениетінің назарына ұсынып отырған Абай, Шәкәрім сынды ойшылдарымыздың даналығы. Қазақ ойшылдарының ұлттық құндылықтар туралы ұғымы тарихи уақыт кеңістігіндегі алаш тұлғаларының арасындағы рухани сабақтастықтың ерекше құбылысын көрсетеді.
Тіл мен жер қашан да ұлттық құндылықтардың негізі, негізгі белдеуі болып қала берері даусыз. Екеуінің бірі болмаса, елдің тұрақты түрде дамуы мүмкін емес. Ғасырлар бойы ұлттың болмысы, тағдыры үшін күресіп келген ұрпақтың танымы, ой-өрісі тарихтың тәжірибесі негізінде қалыптасып отыруы тиіс.
Тарихымызда уақыттың қиыншылығына қарамастан, алаш зиялылары тілдің білімін, философиясын, мәдениетін қалыптастырды және оны ұлт руханиятының өзегіне айналдыра білді. Бүгінгі ұрпақтың алдында тұрған міндет осы ұлттың негізгі коды арқылы қоғамның даму өрісін кеңейтетін жаңа дүниелерге қол жеткізу болып табылады. Бұл дегеніміз ғылымды дамыту, ғылымның жаңа тәжірибелеріне қол жеткізу, сол арқылы әлемдік ғылымның айналымына қазақтың тіл білімін негіздейтін ұғымдарды енгізу. Бірақ бұл ұлттық қасиеттерді қоғам болып толық меңгеру арқылы ғана жүзеге асады.