Среда, Декабрь 7, 2022
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбе өңірдегі кеңестік кезеңнің ашаршылығы туралы айтқанда

Ақтөбе өңірдегі кеңестік кезеңнің ашаршылығы туралы айтқанда

Ақтөбе губерниясы 1920 жылғы 4-12 қазан арлығында Орынборда өткен Қазақ АКСР-і Кеңестерінің 1-Құрылтай съезінің шешімімен құрылған. Орталығы Ақтөбе қаласы болған Ақтөбе губерниясының құрамына Ақбұлақ, Ақтөбе, Можар, Темір, Ырғыз, Ойыл, 1921 жылдың соңында Қарабұтақ пен Шалқар аудандары кірді. 1928 жылы — Ақтөбе округі, ал 1932 жылдан — Ақтөбе облысы. 20-жылдары Ақтөбе губерниясы халқының саны 536 445 адамды құраған.

 

Ашаршылық жылдары – ел тарихындағы ең қасіретті оқиғалардың бірі. Ақтөбе өңірі де аса ауыр қуаңшылықты басынан кешіріп, ашаршылыққа ұшырады. Жалпы ХХ ғасырдың алғашқы жартысы қазақ халқының тарихында қасіретке толы болды. Қазақстан ашаршылықтың бірнеше кезеңін басынан өткерді. Қазақ жерінде 1919, 1921-1922, 1925 және 1931-1933 жылдары аралығында болған ашаршылық зардаптары қазақ қоғамының демографиялық жағдайына кері әсерін тигізді. Қазақ халқы ұлт ретінде жойылып кетуге аз-ақ қалды.

Кейбір сандық мәліметтерге көз жүгіртіп көрейік. 1897 жылы Қазақстан халқы 3 млн 745 мың болса, 1916 жылы — 5 млн 980 мың, 1926 жылы — 3 млн 392 мың адам.

Өкінішке орай, кеңес дәуірінің алғашқы кезеңінде орын алған 1919-1922 жылдардағы ашаршылық құрбандарының саны нақты қанша екені белгісіз. Аштық Орынбор, Орал, Ақтөбе, Бөкей, Қостанай губерниялары мен Адай уезін жайлап, салдарынан халықтың үштен бір бөлігі қырғынға ұшырады, ал ашыққандардың бір бөлігі тамақ іздеп шет аймақтарға босып кетіп жатты.

Қуаңшылық пен астықтың шықпай қалуына байланысты Кеңес өкіметі 1919 жылы азық-түлік салғыртын қайта енгізеді. Ол бойынша алғашқы кезеңде азық-түлік салғырты тек егіннен алынса, 1920 жылдан бастап бүкіл ауылшаруашылық өнімдерінен алына бастады. Егістік жерлер қазақтарда аз болғандықтан, оның негізгі көзі мал болды. Жергілікті халықтың малын тартып ала бастайды.

1921 жылы егілген егін нәтиже бермеді, сол жылдың шілде айында елде тіпті нан өнімдері қалмағандықтан, болашақта қуаңшылықтың салдарынан ашаршылықтың болатынын білген жергілікті тұрғындардың кейбірі көшуге мәжбүр болды. Қазақтар Өзбекстанға (сол кездегі Хорезм республикасына), Түркістанға, орыстар Украинаға қоныс аударды. Губерния тұрғынының 23%, бір ғана Қарабұтақ ауданының 75% халқы көшіп кеткен.

Губерния бойынша балалар үйінен тыс дала мен қала кезіп жүрген 24000 қаңғыбас балалар анықталған.

1922 жылы 1 қаңтарда жалпы Батыс Қазақстан жерінде барлығы 2 052 070 адам аштыққа ұшырады. Оның ішінде бір ғана Ақтөбе губерниясында ашыққандардың саны 331 050 адамды құрады. 1922 жылы ақпан-наурыз айларында аштыққа ұшырағандар саны 252 514 адам болса, сәуір-мамыр айларында ашыққандар саны ұлғайып, 354 350 адамға жетті.

1921 жылдың 5 тамызына ҚКСР Еңбек және Қорғаныс Кеңесі Ақтөбе өңірін «ашыққан губерния» қатарына жатқызып, РКФСР ХКК-не хабарлау мәселесін көтерді. Ақтөбе және Орынбор губерниялық атқару комитетінің 1921 жылы азық-түлік салығынан босату туралы қаулысы қаралды және губернияларды Ресейдің ашыққан Повольже губерниясымен теңестіру мәселесін ХҚК-не қою жөнінде шешімі қабылданды.

Ақтөбе губерниясында Ақтөбе, Ақбұлақ, Можар, Темір, Ырғыз, Шалқар, Ойыл, Қарабұтақ уездерін ашаршылық толық жайлады.

1921 жылы 28 қыркүйекте ашыққандарға көмек комиссиясы құрылды. Ашкомның барлық жасаған шараларына қарамастан, ашыққандар кемімеді, керісінше өсті. Оны әр жылғы, ай сайынғы есеппен салыстырып қарасақ, мысалы, 1921 жылы қыркүйектегі есеп бойынша Ақтөбеде (19 ауылды қосқанда) ашыққандар саны 40 038, ал 1922 жылы 1 қаңтарда — 65 550, ақпан айында — 83 294 адамға дейін жетті. 1 наурызда ашыққандар саны 106 395 адам болды. Аштардың санының өсуінің бір себебі Ашкомның ұйымдастыру жұмыстары әлсіз болды, жауапты адамдары өзіне жүктелген міндеттерді дұрыс орындамады. Олар аштықпен күрес бағдарламаларын жүйелі жасамады. Аштарға арнайы берілген азық-түліктер дұрыс бөлінбеді, әрі жетпеді. Оның үстіне, губернияның есебі бойынша егістіктен алған 198 685 пұт астық қыркүйек айына дейін ғана жетіп, жергілікті тұрғындардың 30%-нің қолында ғана болмашы астық болса, ал 70%-і мүлдем астықсыз қалған. Ал Ашком үшін берілген қаржылар көмек қорына толық түспеді.

1921-1922 жылдардағы ашыққандар саны барлық тұрғынға шаққанда Ақтөбе губерниясында жоғары – 86,5%-ке жеткен. Архив мәліметтері бойынша 1922 жылғы 1 қаңтардағы ашыққандар Ақтөбеде 437 776 адам болды. Алайда 1922 жылы 19-27 ақпанда өткен қазақ облыстарының ІІ партконференциясындағы Қазақ ОАК төрағасы С.Меңдешевтің баяндамасында 1922 жылы 1 қаңтарда Ақтөбеде аштыққа ұшыраған ересектер – 171 389, балалар – 134 000. Алайда баяндамада ашыққандар санының дәл еместігі айтылады.

Ашаршылық салдарынан елде эпидемиялық аурулар шарпыды. Әсіресе жаз айында сүзек, тырысқақ, оба, іш ауруы сияқты жұқпалы аурулармен ауырғандардың қатары көбейіп, өлгендердің саны арта түсті. 1921 жылдың шілдесі мен желтоқсаны аралығында Ақтөбе губерниясы  бойынша түрлі аурулармен ауырғандардың қатары 31 222 адамға жеткен. Мәселен, оның ішінде шешекпен (қорасан) –170, қызамықпен – 157, күл ауруымен (дифтерия) – 106 адам ауырған. Уездер мен уездік қалаларға бөлсек, жұқпалы аурулармен Ақтөбе қаласында – 6436, Ақтөбе уезінде – 7745, Ақбұлақ уезінде –  4623, Темір уезінде  –2870, Ырғызда – 1990, Шалқарда – 1960, Ойылда – 2710, барлығы губерния бойынша –  28138 адам ауырған. Жергілікті тұрғындардың ішінде өлім мен науқастанудың басты мәселесі ашаршылық болды. Ақтөбе губерниясы бойынша 1922 жылы халықтың 50 пайызы өлімге, 28 пайызы ауруға ұшыраған.

 

Даулет Абенов,

 Жұбанов университетінің доценті

https://bilimdinews.kz/?p=106689