Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жаңа дәуірдегі қазақ халқының игілікті өмірі жайында ойлануымыз керек

Жаңа дәуірдегі қазақ халқының игілікті өмірі жайында ойлануымыз керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Ана тілі» басылымына берген салиқалы сұхбатында пандемияға қарсы күрес, мемлекеттік тіл, еңбекқорлыққа тәрбиелеу, мемлекетаралық жағдай, қоғамдық тәртіп, қоғамдағы зиялы қауымның рөлі сынды келелі мәселелерге тоқталды.

Соның ішінде мемлекеттік тіліміздің ұлтаралық қатынас тіліне айналуы үшін келесі шаралар жүзеге асырылуы қажет екендігін атап көрсетті. Бұл ретте: «Біріншіден, қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн. Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек.
Екіншіден, қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. …Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектеседі.
Үшіншіден, қазақ тілін қолдану барысында фонетикалық және орфографиялық қателер жіберіп алатын отандастарымызға түсіністікпен қарап, толеранттылық танытуымыз керек.
Төртіншіден, телевизиялық және радио хабарларының сапасын арттыру қажет. Бұл ақпарат өнімдері …қоғамдық ойдың қайнар көзіне айналуға тиіс. Арзан ойын-күлкіден гөрі, ұлттық идеяға қызмет ететін топырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет.
Қазақ тілінің мәртебесін арттыру жолында кинематографияның да алар орны ерекше. Бізге тарихи оқиғаларды дәріптейтін, қазіргі қоғамды да бейнелейтін сапалы дүниелер керек», — деді.
Сонымен қатар еліміздегі блогосфераның қазақ тіліне қарай ыңғайланып келе жатқанын атап өтіп, дей тұрғанмен, әсіреұлтшылдық пен радикализмге бой алдырмауыз қажет екенін баса айтты.
Мемлекет басшысы: «Біздің өскелең ұрпақ қазақ тілімен қатар, орыс тілін де еркін меңгеруі керек. Бұл – уақыт талабы. Мектептердің бастауыш сыныптарында қазақ тіліне басымдық берілгені дұрыс. Орыс тілін де оқыту керек. Ал ағылшын тілін 5-6 сыныптардан бастап мектеп бағдарламасына енгізген абзал», — деді.
Осындай қарымды қадамдарды жүзеге асыру үшін ел болып жұмылуымыз қажет.
Тіл мәселесі жөнінде сөзінің қорытындысында Президент Қ.Тоқаев: «Қазір демографиялық ахуалдың өзі қазақ тілінің ұпайын түгендеу бағытына қарай дамып келеді. Яғни біз алға қойған мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Мұндай астары қалың, ел тағдырын шешетін іргелі істе асығыстыққа жол бермеу керек. Қайта әрбір әрекетімізді ақылға салып, мойнымыздағы тарихи жауапкершілікті барынша сезіне отырып жұмыс істегеніміз дұрыс. Осындай өркениетті қадамдардың нәтижесінде ғана қазақ тілі ғылым тіліне айналады», — деді.

 

Мира Балтымова,

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің

бас ғылыми хатшысы