Четверг, Май 2, 2024
Басты > Жаңалықтар > Халықаралық көрме Абай мерейтойына арналды

Халықаралық көрме Абай мерейтойына арналды

Елімізде қазақтың Ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың мұрасын  кеңінен насихаттау мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте ұлы тұлғаның 175 жылдық мерейтойына орай  Жұбанов университетінің «Көркем еңбек және дизайн» кафедрасы  сырттай халықаралық көрме ұйымдастырды.
Аталған көрмеге алыс және жақын шет  мемлекеттерден Ресей, Польша, Хорватия, Украина, Башқұртстан, Аргентина, Литва, Татарстан, Чувашия, Қазақстан сынды елден 43 суретші өз жұмыстарын ұсынды.  
Көпшіліктің назарына 22 тақырыптық экслибрис, 3 живопись жұмысы, мүсін мен сәндік-қолданбалы жұмыстар, сән дизайны, сөмкелер мен аяқ киімдер үлгілері қойылды. Сондай-ақ, ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығына қатысты тарихи құжаттар мен құнды қолжазбалар, фотосуреттер  ұсынылды.
— Көрмеге қойылған суреттерден кескіндеме өнерінің қалыптасу тарихын көруге болады. Әрбір туындының өз бағыты мен ерекшелігі бар. Көрменің тағы бір ерекшелігі – мұндағы суреттерден ақынның ұлттық болмысы, тыныс-тіршілігімен таныса аласыз. Бұл туындылардың көбісі тарих болып қала береді. Себебі, өткен тарихты әрбір суретші өзінің көзімен көреді. Бұны ұрпаққа сурет арқылы жеткізеді. Картиналарды түсінетін адам өзіне керегін қабылдап алады. Келер ұрпаққа, жастарға берер пайдасы көп, — дейді ұйымдастырушылар.