Суббота, Август 15, 2020
Басты > БАҚ біз туралы > Тимурдың көмегі

Тимурдың көмегі

Еріктілер жылы

«Өмір мен өлім арасында жатқан науқастарды көру оңай емес. Ал олардың қиналғанын, ауа жетпей жатқанын көргенде, өзің туралы ойламайсың, тек қолдан келгеннің бәрін жасайсың», — дейді М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті жатақханасындағы провизорлық стационарда жұмыс жасап жүрген ерікті жас Тимур Нарымов. Қазір ол стационарда түнгі ауысымда дәрігерлерге көмектесіп, науқастардың оттегі баллонын ауыстырып, тынымсыз еңбек етіп жүр.

Тимур — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің кәсіби шығармашылық факультетінің студенті. Сондай-ақ ол қалалық жас туристер стансасында жаттықтырушы болып жұмыс жасайды. Болашақ мамандығы — жаттықтырушы, спорт маманы. Бұған дейін университетте әртүрлі қоғамдық шараларға атсалысып, белсенді жастардың қатарында жүрген ол карантин кезінде ерікті ретінде мұқтаж жандарға көмек көрсетуге бел байлапты.

— Оқу орнында белсенді студенттердің бірімін. Алайда ерікті ретінде бұрын ешқандай шараларға атсалысқан жоқпын. Биылғы төтенше жағдай кезінде жақын досым маған көлігіммен бір жерге азық-түлік жиынтықтарын апарып тастауымды өтінді. Сол жерде мұқтаж отбасылардың жағдайын көріп, ерікті ретінде өз үлесімді қосуға бекіндім. Осылайша университеттегі және жақын достарымды жинап, бірқатар аз қамтылған, табысынан айырылған отбасыларға қайырымдылық шарасын ұйымдастырып, азық-түлік, тұрмыстық заттар апарып бердік. Сондай-ақ мұқтаж жандарға көмек көрсетуде бүгінге дейін Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Амангүл Қуаныш бастаған жастар өз үлестерін қосып келеді.

Ал қазір қасымда Алмаз, Нұрлыбек, Алмазбек есімді еріктілер медицина университеті жатақханасындағы провизорлық стационарда түнгі ауысымда оттегі баллондарын ауыстырып, науқастарға көмектесіп жатырмыз. Мұнда әрбір науқасқа тәулігіне бір оттегі баллоны керек, — дейді Тимур.

Оның айтуынша, қазіргі таңда стационарларға ер азаматтардың көмегі, қол күші керек. Себебі науқастардың әрқайсысының оттегі баллонын ауыстырғанда дәрігерлердің күші жетпейді. Өкінішке қарай, бүгінгі жағдайда емдеу мекемелеріне жастар арасында көмекке келетіндер көп емес.

— Көп адам маған: «Қалай ол жерде жүрсің? Қорықпайсың ба? Науқастармен тікелей байланыста боласың. Қалай қорғанып жатырсыңдар?», — деп сұрайды. Менің оларға айтар жауабым біреу-ақ: «Алла өзі сақтайды. Егер шынымен о дүниеден бұйрық келсе, үйде отырып өлуің де ғажап емес!». Сондықтан осындай қиын кезеңде бір-бірімізге қолдау танытып, жұмылып жұдырық болып, көмектеспесек, бұл індетті жеңе алмаймыз. Өзіміз аз ғана халықпыз, келер ұрпаққа ақыл айтатын ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты аналарымызды осы індеттен аман алып қалмасақ, болмайды! Ал қорғануға келсек, бұл жерде біз екі сағат сайын қорғаныш киімдерін ауыстырып тұрамыз, — дейді ол.

Рухы биік, жігерлі жастың бұл сөзі көпке демеу болары хақ. Дегенмен қазіргі таңда сақтанып, көпшілік жерге бармай, үйде отырған дұрыс. Ал Тимур сияқты белсенді жастардың қатары көбейіп, алдағы уақытта ауырып жатқан науқастарға көмектессе, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

Жуырда Тимур «Biz Birgemiz» республикалық акциясына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан Алғыс хатпен марапатталды.

 

 Данагүл ҚАЗИХАН

https://aqtobegazeti.kz/?p=89250