Суббота, Апрель 27, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ерлік пен ұлағат тоғысқанда

Ерлік пен ұлағат тоғысқанда

Биылғы жылы сексен бес жылдық мерейлі мерейтойы аталып отырған Қазақстанның батыс өңірінде орналасқан Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік  университетінің тарихы 1935 жылдың 1-ші қаңтарында осы өлкенің орта мектептері үшін білікті мұғалім кадрлар дайындау мақсатында ашылған Ақтөбе мұғалімдер институтынан бастау алады. Білім ордасы ашылғаннан бері қаншама жастарға білім нәрін себелеп, ғылым жолын нұсқады десеңізші! Әр жылдары мұнда еліміздің экономикасы мен ғылымын, өнері мен мәдениетін дамытуға зор үлес қосқан танымал тұлғалар білім алды. Сондай тұлғалардың қатарында әкем Кеңес Одағының Батыры Қожабай Жазықов болуы – мен үшін үлкен мақтаныш.

Осы ретте университет тарихы мен Қ.Жазықов әулетінің тарихы өзара рухани сабақтастық тауып жатқанын атап айтқым келеді, өйткені бұл әулеттің үш ұрпағы осы бір білім ордасында білім алып, үлкен өмірге қанат қаққан. Аға ұрпақ өкілдері абзал әкеміз, Кеңес Одағының Батыры Қожабай Жазықов пен оның зайыбы, аяулы анамыз Қаншайым Нұрманова осы бір киелі оқу орнында Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары білім алып, өздерінің бүкіл саналы өмірін ағарту ісіне арнаған. Қ.Жазықов – сонау аумалы-төкпелі ХХ ғасырдың басында дүниеге келіп, өзінің жігерлілігімен, білімге деген құштарлығымен мамандық иесі болып, ел басына күн туған қиын заманда өз еркімен майданға аттанып, сол соғыста жеті рет жараланса да, елге Кеңес Одағының Батыры атанып, аман-сау оралған, кейінгі саналы өмірін туған елге қалтқысыз қызмет етуге арнаған біртума тұлға.

Ол 1920 жылы қазіргі Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Көктүбек ауылында шаруа отбасында дүиеге келген. Әкесінен жастай айырылып, анасы мен ағасының тәрбиесінде болған. Ұлы Отан соғысының жорық жолдарында көрсеткен ерен ерлігі үшін Қ.Жазықов екі рет «Қызыл Жұлдыз» орденімен, 3-ші дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен, «Үздік барлаушы» төсбелгісімен марапатталған. 1945 жылдың 28 сәуірінде оған ең жоғары марапат – Кеңес Одағы Батырының Алтын жұлдызы – Венгрияның астанасы Будапешт қаласын жаудан азат ету барысында көрсеткен ерекше қаһармандығы үшін берілді. Елге аман сау оралған соң әкем алдымен өзінің білімін жетілдіруді мақсат еткен. Соғыстың алдында бастауыш мектеп мұғалімі болып еңбекке араласып үлгерген ол ұстаздық жолын жалғасыру мақсатында Н.Байғанин атындағы Ақтөбе мұғалімдер институтына оқуға түседі. Институт қабырғасында білім алған жылдары ол өзін белсенді жас, білімді студент ретінде таныта білді. Облыстық мемлекеттік мұрағат базасында Ақтөбе мұғалімдер институтының 1-курс студенті, Кеңес Одағының Батыры Қ.Жазықовқа ҚазССР Министрлер Кеңесінің 1948 жылғы 19 наурыздағы №204 Қаулысы негізінде И.Сталин атындағы шәкіртақы тағайындалғандығы туралы институт директоры Н.Пак қол қойған бұйрық сақталған. Сондай-ақ оны институт ұжымы 1948 жылы Ақтөбе қалалық кеңесінің депутаттығына ұсынғаны белгілі. Бұл деректер батырдың соғыстан кейінгі бейбіт заманда білім алу жолында үздіктер қатарында болуға талпынған ерекше қасиетін көрсетумен бірге, ел сенімін арқалаған халық қалаулысы ретіндегі бейнесін аша түседі.

Уақыт елегіне салып, өткенге ой жүгірте қарасам, әкем балаларын да ұстаздықтың қыр-сырына баулып, үйреткен сияқты. Жоғары сыныптарда оқып жүргенде әкем мамандық таңдауда қателеспеу керектігі туралы көңілге қонымды біраз ақыл-кеңестерін айтып, жол сілтеді. Осындай салиқалы кеңес әсер етті ме, отбасындағы балалардың үшеуі мұғалім мамандығын таңдаппыз. Тіпті кезінде ата-анамыз білім алған Ақтөбе мұғалімдер институтының негізінде ашылған Ақтөбе педагогикалық институтында тәлім алдық. Олай болса, батырдың өз перзенттерін әулетімізде ұстаздықты серік еткен келесі ұрпақ өкілдері деуге толық негіз бар. Мен 1978-1983 жылдары Ақтөбе педагогикалық институтының филология факультетінде «Қазақ мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Институт қабырғасында білім нәрімен сусындатқан А.А.Айталы, Н.А.Абдоллаев, Ж.Л.Лепесов, И.Я.Сулковский, Р.Ф.Резниченко, Л.О.Чернокозова, З.Т.Маушева, Р.К.Ержанова, А.А.Калюжный, Н.М.Байганина, М.Ж.Карашулакова, т.б. ұстаздарға алғысым шексіз.

Үш жыл мектепте еңбек етіп, 1986 жылы өзім білім алған жоғары оқу орнына қайта оралдым. Содан бері осы білім ордасында еңбек етіп келемін. Аталмыш оқу ордасына есімі берілген қазақтың біртума ұлы, алғашқы лингвист-профессор Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың әдістемелік мұрасын зерттеу нәтижесінде педагогика ғылымдарының кандидаты атағына қол жеткіздім. Осындай ұлы тұлғаның есімі берілген, ана-анамның жастық шақтарының ізі қалған, бүгінгі таңда 85 жылдық мерейтойы аталып отырған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде ұстаздық ету – мен үшін үлкен жауапкершілік. Батыр-ұстаз Қ.Жазықов әулетінің жас буыны да жоғары білім алу жолында аталары білім алған киелі қара шаңырақты таңдап, мұғалім, инженер, заңгер, аудармашы және тағы да басқа таңдаған түрлі мамандық иелері ретінде халық шаруашылығының түрлі салаларында абыройлы еңбек етіп келеді. Солардың бірі – университетті «Бейорганикалық заттардың технологиясы» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірген батырдың жиен немересі Баянов Олжас. Бакалавр кәсіби біліктілігін туған қаласында алған ол кейін Америка Құрама Штаттарындағы Пенсильвания университетінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша магистрлік атақ алып, қазір өз мамандығы бойынша өндірісте абыройлы еңбек етіп жүр.

Олжастың әлемнің танымал оқу орнында магистрлік біліктілікке ие болуы, бір жағынан, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің заман талабына сай, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті кадрлар дайындай алатын биік деңгейін айғақтатса, екінші жағынан, жас буынның бейбіт замандағы аталар ұлағатына адалдығын көрсетсе керек. Батырдың жүз жылдық мерейтойы ұлы Жеңістің 75 жылдығы мен қара шаңырақ – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің 85 жылдығымен тұспа-тұс келуінің символдық мәнін терең сезінген батырдың немерелері өздері білім алған қара шаңыраққа мерейтой қарсаңында заманауи технологиялармен жабдықталған Қ.Жазықов атындағы кабинетті тарту етті. Қазір бұл кабинетте аға ұрпақтың ерлікке толы ұлағатты жолын жас ұрпаққа танытуға бағытталған тағылымды шаралар тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді.

Мерейтой қарсаңында ғылым мен білімнің қасиетті қара шаңырағы, бүгінгі өркениет заманында әлемдік бәсекеге қабілетті, сапалы мамандар дайындап, ел экономикасының дамуына өз үлесін қосып келе жатқан университетінің ректоры Бауыржан Аманкелдіұлы Ердембеков бастаған профессор-оқытушылар ұжымын, түлектер мен студенттер қауымын мерейлі мерекелерімен құттықтаймын! Университет ұстаздарына еліміз үшін білікті, білімді маман-кадрлар даярлауда шығармашылық жетістіктер мен толағай табыстар, отбасыларына амандық, дендеріне саулық пен жемісті еңбек тілеймін. Осы бір қасиетті білім ордасынан қияға қанат қаққан әрбір жас тек еңбек майданының Батыры атанып, университетіміздің мерейін арттыра берсін! Тәуелсіз еліміздің аспанында бейбіт көгершіндер ұшып, бақытты сәбилердің күлкісі естілсін!

 

Мақпал Қожабайқызы ЖАЗЫҚОВА, 
Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік
мемлекеттік 
университетінің доценті,
педагогика ғылымдарының кандидаты

https://bilimdinews.kz/?p=114481