Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Кенесары көтерілісі туралы кандидаттық диссертация қорғаған Елтоқ Ділмұхамедовті білеміз бе?

Кенесары көтерілісі туралы кандидаттық диссертация қорғаған Елтоқ Ділмұхамедовті білеміз бе?

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде тарих ғылымдарының докторы, атақты ғалым Елтоқ Ділмұхамедов атындағы кабинет арнайы жабдықталды. Өкінішке қарай, осы бір тағдыры талайлы ерекше тұлғаның есімі бүгінгі жұртшылық үшін соншалықты таныс емес.  

Өткенді білу, аға ұрпақты ұғыну — кейінгілердің парызы. Осы тұрғыдан келсек, бүгінгі замандастарымыз үшін таныс та бейтаныс Елтоқ кім деген сауалдың алдан шығатыны мәлім.

Біз бүгінгі мақаламызда жұртшылыққа табанды  тарихшы, білікті ғалымның есімі мен еңбегін кеңінен таныстырғымыз келеді.  

Елтоқ Ділімбетұлы Ділмұхамедовтың ата-бабасы, Баубек ұрпақтары — Темірбақты, Көкбөрі, Жаңқылыш рулары негізінде Шалқар ауданының оңтүстік-батыс беткейінде орналасқан Қошқарата болыстығында  мекен еткен. Ол кездегі тұрмыс сүру реттеріне сәйкес, бұл елдің,  әрине,  байлары мен билері бастаған көштері жаз жайлауға Елек өзенін жағалап, Ақтөбе маңындағы Бестамаққа, одан әрі Мәртөк, Орынборға дейін баратын болған. Атақты Есет батыр Көтібарұлының ауылы Бестамақ төңірегінде отырғандығын жазушы Ғалым Ахмедов өзінің тарихи романы «Жем бойында» көрсеткен. Ал  «Казахские родовые кладбища – культурное наследие Оренбургской области» деген архивтік материалда негізгі бес рулық қорым бар екендігі, оның ішінде біріншісі Әлімұлы бірлестігінің Шекті руына қатысты Баубек-Жанқылыштар екендігі көрсетілген. Сол сияқты Құдайберген Жұбановтың анасы Тағыберген қызы Бибішынар апамыз да көші-қон  себептерімен таныстық жалғасып, Жем бойындағы Назар руының азаматына тұрмысқа шыққандығы айтылады.

Олай болса, Елтоқтың да туыстары, Жанқылыш руының Қожай аталығының бірнеше шаңырағы XIX ғасырдың ортасында Бестамақ-Бесқоспа маңайларын тұрақтаған. Алайда елдегі күйзеліс уақыттар, патша әскерінің дүркін-дүркін тыныштық бермей мазалауы, әскерге қазақ балаларын алуы, кейін Есет Көтібарұлын қолға түсіруге шыққан жендеттерінің қарапайым халықты қырып-азаптауы, т.б. жағдайлар кейбір ағайындардың сол кездегі тұрмыс-тіршілігі тиыштау, күн көрісі жеңілдеу, қудалаушылардың құрығы көбінесе жете бермейтін Хорезм ойпатына көшуі де заңды құбылыс еді. Міне, сондай бір көштің ішінде Қондыбай отбасы да көшкен екен. Жаңа қосылған Ділімбет пен оның әйелі Ұлмаш Турабайқызы да әуелі Сыр бойына, кейін Қарақалпақ жеріне қоныс аударады. Міне, осылай Ділімбет отбасы бір күнде бесқалалық қазақтарға айналады. Алайда, кейін ғалым Елтоқ өзінің саналы өмірінің біразын атамекенінде, Қазақстанның Алматы қаласында өткізген.

Жоқшылықтан басталған ауыр жол

Елтоқ Ділімбетұлы Ділмұхамедов 1903 жылы 21 қыркүйекте Қарақалпақстан автономиялық республикасына қарасты Шымбай уезіндегі Көккөл болыстығына қарайтын Көккөл ауылында дүниеге келген (кейін бұл ауыл «Первомайский» совхозы аталған). Жоғарыдағы көрсетілген мекенжайлар Елтоқтың Кеңес өкіметі кезінде алынған төлқұжатында көрсетілген екен.

Елтоқ деген есімнің қойылуының да қысқаша тарихы бар. Жазғытұрым, мал төлдеп жатқан кезде Ділімбет отбасында  ұл бала дүниеге келеді. Бұл ел басындағы өте бір ауыр кезең еді, ел аш, астық шықпай қалған болатын, сондықтан сәби де өте әлжуаз, әлсіз болып дүниеге келгендіктен, оның аман қалуы да ата-анасы үшін үлкен уайым болды. Міне, осы кезде үйінің қойы егіз туады, бұл қазақы ырым бойынша үлкен жақсылықтың нышаны.

Шарананы екі қозының ортасына жатқызады, сөйтіп көктемгі отыны жоқ, салқын үйде сәби аман-сау өсіп, жетіледі. Шілдеханаға жиналған ауыл ақсақалдарына оның әкесі Ділімбет Қондыбайұлы баласына Елтоқ деп ат қойғандығын, енді халықтың жағдайы түзелер, тоқшылық болар деп ырым еткендігін айтады. Айтқанындай, сол жылы астық бітік шығып, елдің жағдайы біраз дұрысталып қалады.

Ділімбет отбасы көпбалалы болды, оның жұбайы үш рет дүниеге егіз әкелген болатын. Барлығы 22 баланың Елтоқ ең кенжесі болып дүниеге келген. Ол өзінің балалық кезеңіндегі уақыттарын көбіне ағалары Патулла, Жолыш, Наурызалы, Елубаймен және апасы Зылихамен өткізеді. Үлкен әулеттің балалары ауызбіршілікте, өзара татулықта, үлкенді сыйлауға, кішіге қамқор болуға тәрбиеленген болатын. Бәрі де жоқшылықтың машақатын көріп, жастайынан еңбек етті. Ең үлкені Жолыш буыны қатар-қатпастан Арал теңізі жағасындағы Мойнақ қаласындағы балық өндірісінде еңбек етеді. Елубай ағасы да байларға жалданып жүреді. Патулла ата-анасына көмектесіп, үйдің маңайында болады. Барша отбасы  ауыртпалығы: жазда жер жырту, егін егу, оны суару, шөп шабу, егісті жинау, т.б. барлығы оның міндеті болатын.

Наурызалы ауыл мектебінде, кейін Қарақұм медресесінде оқып, біраз сауат ашты. Әкесі басқа балаларын да оқытуға қарсы емес еді, бірақ Наурызалыдан басқаларының білімге құштарлығы болмаған. Алайда әкесі балаларын жастайынан физикалық тұрғыда мықтылыққа, шыдамдылыққа, шаруашылыққа бейімділікке, жетістіктерге жетуге тәрбиелейді.

Ділімбет балаларының ең кенжесі Елтоқтың білімге, соның ішінде елінің, ұлтының тарихын білуге деген құштарлығы ерекше еді. Ол кезінде ауылынан он шақырым жердегі медреседегі  Наурызалы ағасына тамақ тасып жүріп-ақ біраз әріп таныған болатын.

Көккөл ауылының негізгі тұрғындары қарақалпақ пен қазақ ұлтының өкілдері болды, олар әрқашанда бірімен-бірі туыс, бауырмыз деп есептеді, себебі олардың мәдениеті, тілі, діні, т.б. бәрі бір-біріне өте жақын еді. Олардың достығы мен туыстығы еңбекте, демалыс уақыттарында да шыңдала түседі.

Алайда 1916 жылғы елдегі бүлікшілік жағдайларға байланысты Ділімбет отбасымен әуелі Әмудария бойына, кейін Ақтөбе  қаласы маңындағы Бестамақ стансасына көшіп келеді, себебі,  бұл жақта қызы Зылиха тұрмыста болатын, әрі мұнда басқа да ағайындары бар еді.

Осында 1918 жылы елді жайлаған індет-сүзек ауруынан Ділімбет пен оның әйелі Ұлмаш Турабайқызы да бақилық болады. Бұл кезде он бес жастағы  Елтоқ реті келген жұмыстарға жалданып, күнін көреді, кейін Шалқар арқылы Қарақалпақстаннан келген қазақтарға ілесіп, Қоңырат қаласына барады. Мұнда да жалданып жұмыс жасап жүреді де, 1921 жылы ағасы Наурызалыны тауып алып, екеуі Хиуаға келеді. Бұл жерде Хорезм Республикасы орталық атқару комитеті қазақ-қарақалпақ бөлімінің қызметкері Бадраддин Саидрасуловтың көмегімен кешкі сауат ашу мектебіне оқуға түсіп, білім алады. Кейін, 1922 жылы тоғыз айлық партия мектебінде оқиды.

1924 жылы қаңтар-ақпан айларында Хиуа қаласын түрікмен қолбасшысы Құрбан Мәмед сардар-Жөнейіт хан әскері қоршап алады. Осы кезде қала ішінде қалған 21 жастағы  жігіт Елтоқтың да еріктілер қатарында қолына қару алып соғысуына тура келеді. Қоршаудан құтылғаннан кейін ол ауыл-аймақтарды Жөнейіт хан әскерлерінен азат етуге қатысады. Майдан тарағасын партия басшылығы оны Хожеліге, Қопалы ауылына партия ұйымына хатшылыққа жібереді.

1924 жылы Ташкентке келіп, Орта Азия коммунистік университетіне оқуға түседі. 1927 жылы Қарақалпақ АССР Қоңырат аудандық партия комитетіне бір жылдық тәжірибе жұмысына жіберілген. 1928 жылы Ташкентте оқуын жалғастырады да, 1930 жылы университетті ойдағыдай аяқтап жоғары білім алады.

1930-1931 жылдары Қызылорда өлкелік партия мектебінің мұғалімі, 1932 жылы Қостанай округаралық кеңес-партия мектебінде, 1933 жылы Ақтөбе жоғары ауылшаруашылық коммунистік мектебінде, 1934-1938 жылдары Ташкенттегі Орта Азиялық жоғарғы ауыл шаруашылығы коммунистік мектебінде сабақ береді.

Кеңестер Одағының Коммунистік партиясы жолдауымен барған жерлерінің бәрінде де Елтоқ Ділімбетұлы өзінің білімділігімен, үлкен адамгершілік қасиеттерімен үлкен абыройға, жетістіктерге ие болды.

Оның қарапайым оқытушы ғана емес, сонымен қатар үлкен ғалым әрі тәрбиеші екендігін, жаңашылдығын байқаған Өзбекстан Коммунистік партиясының Орталық комитеті өзінің жанындағы білім көтеру курстарына мұғалім етіп алдырады. Бұл қызметті 1939-1941 жылдары атқарған. 1942 жылы өзінің өтініші бойынша Қарақалпақстан АССР-дағы Төрткүл педагогикалық институтына марксизм-ленинизм негіздері кафедрасына меңгеруші болып ауысады.

1942-1947 жылдары — Ташкент медициналық институтының марксизм-ленинизм негіздері кафедрасының аға оқытушысы. Осы кезеңде тек қана Елтоқ Ділмұхамедовтің өмірінде емес, жалпы қазақ ұлтының тарихында ерекше оқиға болған болатын. Себебі, 1946 жылы 17 желтоқсанда Ташкент қаласында Елтоқ Ділмұхамедов «Восстание казахов под руководством Кенесары Касымова в 1837-1847 г.г.» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған болатын. Диссертация жақсы қошеметте қорғалады. Белгілі қазақ ғалымы Ермахан Бекмаханов оның ғылыми еңбегіне оппонент болған еді. Елтоқ Ділмұхамедовке тарих ғылымдарының кандидаты атағы беріледі. Осы жылы Елтоқ отбасымен тарихи Отанының астанасы Алматы қаласына қоныс аударады. Сол кездегі келісім бойынша Алматыдағы Қазақстан Ғылым академиясында қызметте жүрген бір өзбек ғалымы еліне қайтады да, соның орнына Елтоқ Қазақстанға келеді.

Тақырыптан тағдыр талқысына түсу

1947 жылдан бастап тарих ғылымдарының кандидаты Елтоқ Ділмұхамедов Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтында аға ғылыми қызметкер лауазымында болады. Бұл кезеңде Академияның президенті белгілі ғалым Қаныш Сәтбаев болатын, ал тарих және археология бөлімінің меңгерушісі Е. Бекмаханов еді. 1951 жылы екі ғалымның басына да «жалған ғылым иелері және ұлтшылдар»  деген жала жабылып,  қудалауға түседі. Кенесары көтерілісін зерттеген  Елтоқтың ғылыми атағы қайтарылып, сол кезеңдегі Кеңес өкіметі аймағындағы кітапханалардан оның монографиялары алынып, түгел жойылады. Елтоқты әуелі тұтқындайды, кейін барлық құжаттарда оның жалшы, кедей болғандығы ескеріліп, қамаудан босатады. Сол кездегі ең қатты жазаның бірі – партия мүшелігінен босатады, жұмыстан шығарады, тіпті біршама уақыт бой тасалауға да мәжбүр етеді.  Мәскеуде докторлық диссертация қорғаған Е. Бекмахановты да партиядан шығарады, докторлық атағын қайтарады да өзін «үштіктің» шешімімен Қиыр Шығысқа 25 жылға «жалған ғылыммен» айналысқаны және ұлтшылдығы үшін айдауға жібереді. Оның отбасы Ташкентке көшуге мәжбүр болады. Алайда ойламаған бір жағдайлар себеп болып, Е. Бекмаханов аман-сау елге 2 жылдан кейін оралады, докторлық диссертациясы да қайта сақталып, жұмысына да орналасады.

Осы кезеңде,  яғни 1954 жылы, Елтоқ та С.И. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Ғылыми кеңесінде «XX ғасырдың басындағы Қазақстанның тау-кен жұмысшыларының революциялық қозғалысы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қайтадан қорғап шығады.

Елтоқ Ділмұхамедов 1957-1964 жылдары белгілі ғалым ретінде Алматы, Ленинград, Дондағы Ростов, Мәскеу және т.б. қалаларда өткен бүкілодақтық ғылыми-теориялық конференцияларда Қазақстан мен Қарақалпақстан жөнінде баяндамалар жасаған.

Бұдан кейінгі уақытта ол негізінен Ұлы Қазан социалистік революциясына дейінгі Қазақстандағы кен өнеркәсібі және жұмысшы табының қалыптасуы тарихын зерттеумен шұғылданады. Елтоқ Ділмұхамедов «XIX ғасырда Солтүстік және Орталық Қазақстандағы тау-кен, зауыттар өнеркәсібі және жұмысшы табының қалыптасуы» деген тақырыпта 1973 жылы докторлық диссертация қорғады.

Елтоқ Ділмұхамедов 70-тен астам ғылыми еңбектің авторы. «XX ғасырдың басындағы Қазақстан кен жұмысшыларының революциялық қозғалысы (1900-1917)» (1955), «Революциядан бұрынғы Қазақстанның  жұмысшы табы тарихының очерктері» (Ф. Мәліковпен бірге, 1963) атты монографиялар жазды.

Елтоқ Ділімбетұлы — Қазақ Кеңестік энциклопедиясының тұрақты авторы және тарих ғылымдары редакция алқасының мүшесі. Ол өзінің атамекені Ақтөбе облысы Шалқар ауданынан жат жерде, яғни Қарақалпақстанда туып-өскендіктен сол елдің де ғалымы атанған. Отанының тарихи мәселелерін, мәдениетінің тарихын және ғылыми революцияға дейінгі, кейін Кеңес өкіметі уақытындағы Қарақалпақ елінің де отансүйгіш азаматы және сол елдің ғалымы ретінде әрқашанда Кеңес өкіметі халықтарының мәдени байланыстарын баспасөз бетіне шығарып отырған. Мысалы, Қазақ Кеңес Энциклопедиясының бірінші томында 10 ғылыми бап шығарған, соның ішінде маңызды орын алып отырған Қарақалпақстанның ежелгі қалаларының бірі «Аяз қала» туралы жазған еңбегі (636 бет). Екінші томға 12 бап жариялаған, оның бірі «Бесқала» туралы, яғни Қоңырат, Хожелі, Нөкіс, Шымбай және Төрткүл – осы бес қаланы қазақтың революцияға дейінгі үш жүзінен көшіп келген қазақтар осылай атаған екен. Ал 1924 жылдан бастап бұл қалалардың бәрін қосып бір сөзбен – Қарақалпақстан деген атаумен атала бастаған.

Энциклопедияның төртінші томында Е. Ділмұхамедов 30-дан артық бап жариялаған, соның ішінде қазақ кіші жүз рулары «Жанқылыш», «Жақайым» туралы жазылған болатын. Баптарда көрсетілгендей, бұл рулардың кейбір бөліктері бүгінгі күні де Қарақалпақстанда тұрып жатыр.

Елтоқ Ділімбетұлы қарақалпақ ұлтының ақын-жазушылары туралы «Н. Жапақов», «Т. Жұмамұратов», «Камалов Каллибек», «Комалов Сабыр», «Аимбетов Қаллы», «Досумов Янгибай» деген баптар енгізген және осы жерде қарақалпақ ғалымдары туралы да деректер келтірген.

Энциклопедияның бесінші томында ол Хорезм Кеңестік Республикасы (1920-1924) орталық атқару комитеті қазақ-қарақалпақ бөлімі туралы көлемді мақала жазды. Бұл көп зерттелмеген тақырып болатын, тіпті тарихшыларымыздың көбі 29 жасында осы Республиканың алғашқы басшысы болған Қаландар Адинаевтың қазақ ұлтының өкілі екендігін әлі күнге дейін білмейді екен. Кезінде Тұрар Рысқұлов, Ғани Мұратбаев т.б. тарихи тұлғалармен қатар жүрген бұл қайраткер ұмытылып барады. Ал 1921 жылы Хорезм Республикасын құрушылар құрылтайға жиналғанда 23 жастағы Меңдіқожа Ибнәминовты (бұл азамат Елтоқпен туыс, Баубек баба ұрпағынан) Хорезм Халық Республикасының Халық Комиссарлар Кеңесінің Төрағасы (қазіргі премьер-министр) етіп сайлаған болатын.

Ғылымдағы алғашқы еңбегін халқының қайсар ұлы, батыр қолбасшы Кенесары Қасымов туралы жазған білікті ғалым, кейін кеңестік билікке ұнайтын тақырыптарды қозғағандығын көреміз, себебі оны мәжбүрлеген солақай саясат болатын. Алайда, өзінің Ташкентте қорғаған диссертациясының бір данасын «көзінің қарашығындай» сақтап жүргені өкінішке орай, өзі өмірден өткесін ғана мәлім болды. 1990 жылы өмірден өткенше диванының астына сақтауы, ғалымның шындықтың ашылуына деген сенімінен болар, себебі,  оның еңбегін ұлтжанды адамдарға көрсетіп, жарыққа шығуына себепші болған артында көзі ашық ұрпақтары бар еді.

Алты жыл жазылған диссертация

Елтоқ Ділмұхамедов 1941 жыл­дың қысынан бастап қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісін зерттеуге кіріседі. Ташкент, Алматы, Орынбор, Мәскеу мұрағаттарын ақтарып, құнды мәліметтер жинайды. 1946 жылы ұзақ әрі тыңғылықты еңбек нәтижесінде 250 бетке жуық диссертация дайын болады.

«Қазақтардың Кенесары Қасы­мов­тың басшылығымен 1837-1847 жылдары болған көтерілісі, өзінің кең ауқымдылығы мен маңыз­ды­лығы бойынша күштілігімен және тегеурінділігімен ерекшеленген, халықтың көпшілік бөлігін ұзақ уақыт бойы қамтыған, қазақ халқының ХIX ғасырдың бірінші жар­тысындағы ең маңызды көте­рілісі болды. Сондықтан да бұл көтеріліс Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстардың ішіндегі ең айшықты кезеңдерінің бірі болып саналады» деп өз мақсатын кіріспеде айқындап алған автор өз ғылыми еңбегін тарихнамалық кіріспе, Кенесары және оның көтерілісі туралы әдебиеттерге қысқаша сыни шолу, осы көтеріліс қарсаңындағы қазақ елінің халықаралық жағдайы, көтеріліс қарсаңындағы қазақтардың әлеуметтік-шаруашылық және саяси ахуалы, көтерілістің тарихи алғышарт­тары, көтері­лі­стің қозғаушы күштері, көтерілістің сипаты мен ұйымдастырушылық негіздері, көтерілістің барысы; а) Кенесарының қарулы іс-әрекеттерінің 1837-1838 жылдардағы дамуы; б) Кенесарының қарулы іс-әрекеттерінің 1839-1840 жылдардағы дамуы; в) Кенесарының қарулы іс-әрекеттерінің 1841-1842 жылдардағы дамуы; г) Кенесарының қарулы іс-әрекеттерінің 1843-1844 жылдардағы дамуы; д) Кенесарының қарулы іс-әрекеттерінің 1845 жылғы дамуы, Кенесарының Қоқан хандығымен және қырғыз манаптарымен соғысы, оның жеңіліске ұшырауы, Кенесары Қасымов көтерілісінің негізгі себептері, Кенесары Қасымов көтерілісінің тарихи мәні деп аталған он бір тарауға бөліп қарастырған. Мұның бәрін тізбектеп беріп отырғанымыздың себебі, автордың тақырыпты жан-жақты зерттегендігін көрсету. Ешқандай елеулі оқиға оның наза­ры­нан тыс қалмаған. Сондай-ақ көтеріліске алғаш рет ғылыми, саяси тұрғыдан әділ баға берілген деп бағалауға негіз бар.

Диссертацияны жазуда пай­дала­нылған дереккөздерінің ау­қы­мы кең. Кітап, газет, журнал жария­ланымдарымен қоса, Ташкент, Алматы, Орынбор, Мәскеу мұра­ғат­­тарындағы материалдар да­ пайдаланылған. Н.А.Середа, Т.Бар­дашев, К.Абаза, М.Черняев, Н.Павлов, В.Недзевецкий, Н.Маев, Н.Коншин, И.Крафт, И.Завалишин, Б.Услар, В.Долинский, Ф.Зобнин, М.Галкина, И.Казанцев сияқты авторлардың жазбалары өткен ғасырдың орта шені түгіл, бүгінгі күнде де қол жете бермейтін қат дүниелер санатына жатады. Ал 1876 жылы Варшавада Самоквасов шығарған «Сібір бұратаналарының қарапайым құқықтарының жинағы» туралы да солай айтуға болады. Осы орайда Елтоқ Ділмұхамедов өз еңбегінде Науаи атындағы мемлекеттік көпшілік кітапханасының қорында сақтаулы 690 томдық «Түркістандық жинақ» бар екендігін атап айтып кеткендігін қазақ тарихшыларының біразы біле де қоймас. Сондай-ақ ғылыми еңбекте Кенесары әрекет еткен аймақтың картасы берілген. Оны Вера Михайловна Малыгина түпнұсқадан көшірген.

«Мұрағаттық деректер бойынша, Кенесары Қасымовтың көтерілісі туралы материалмен бұрынырақ тарих ғылымдарының докторы Михаил Порфирьевич Вяткин танысыпты, ал Саржан Қасымовтың көтерілісі туралы материалдарды Ермұхан Бекмаханов пайдаланыпты. Қалған материалдарды маған дейін ешкім пайдаланбаған екен», — дейді автор диссертацияның алғашқы тарауында. Ол әрине, бұл пікірді Орталық Әскери-тарихи мұрағаттағы деректерді назарда ұстап айтып отыр.

Е.Ділмұхамедов мұрағат дерек­терін алуға КСРО Орталық Әскери-тарихи мұрағатының директоры Николай Яковлевич Шляпников, еңбекті бітіру мен жинақтауда ТашМИ-дің оқу-ғылыми-зерттеу жұмысы бойынша директорының орынбасары, профессор Алексей Никифорович Крыжанков, редак­ция­лауға ТашМИ-дің тілдер кафед­ра­сының аға оқытушысы Петр Рома­нович Косивцев көмектескенін тілге тиек еткен.

Диссертанттың ресми оппонент­тері – тарих ғылымдарының доктор­лары И.К.Додонов пен Е.Бекмаханов және тарих ғылымдарының канди­даты К.Е.Житов болды.

Көшпенділердің мәдени мұралары мәселелері бойынша Қазақ ғылыми-зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент И.В.Ерофеева «Бұл еңбек ХХ ғасырдың ортасындағы тарихи ойдың ғылыми құндылығының ескерткіші болып табылатынын түсіну және мойындау қажет. Сонымен қатар бұл еңбек сол кездегі қазақ зиялыла­рының этнопсихологиялық «өзін-өзі сезінудің» басқалармен қатар көрнекі үлгісі де бола алады» деген болатын. Алайда авторға мұндай жоғары бағаны есту көзі тірісінде бұйырмады. Өйткені диссертация туралы бұл ұнамды пікір 66 жыл өткен соң айтылды. Ал оған дейін…

Ташкенттің төрінде кандидаттық диссертациясын сәтті қорғаған Елтоқ Ділмұхамедов елі үшін пайдалы іс тындырғанына сенімді болатын. Әсіресе, Алматыда 1943 жылы «Қазақ елінің тарихы» (Қазақ КСР-нің ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі тарихы) атты кітап шығарған белді ғалым Ермұхан Бекмахановтың  Қазақстаннан арнайы барып, рухани қолдау көрсеткендігі жас ғалымның көңілін қуанышқа бөледі. Е. Бекмаханов аталған  кітабында Кенесары Қасымов көтерілісіне кең орын бөліп, оң баға берген еді. Сондай-ақ атақты тарихшы «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында» деген монографиясын жазып бітіргендігін, онда да Кенесары мәселесі сөз болатынын айтты. Сірә, бұл атажұрттағы ағайынның пікірлес екендігін білдіргені болса керек.

Жоғарыда айтылғандай, 1947 жылы Елтоқ Қазақстанға, Тарих және археология институтына ауыстырылды. Алайда «Бақ пен сордың арасы бір-ақ қадам» деп дана халық бекерге айтпаған екен. Елтоқ Ділмұхамедовтің Алматыдағы қуанышы ұзаққа созылған жоқ. Қаралы жылдар жақын­дап қалған болатын.

1947 жылы Е.Бекмахановтың жоға­рыда аты аталған монографиясы кітап болып шықты. Іле-шала «Казахстанская правда» газетінде В.Шахматов пен М.Ақынжановтың монографияны іске алғысыз еткен мақаласы жарияланды. Бұл топқа Т.Шойынбаев та қосылды. Олардың мақсаты бұрмаланған дәйектермен Е.Бекмахановты аяқтан шалу болатын. Әділетсіздікке шыдай алмаған Елтоқ Ділмұхамедов «ҚазКСР Ғылым Академиясы Жаршысының» 1948 жылғы 1-санында мақала жариялап, Е.Бекмахановты қорғап бақты. «…Шахматов пен Ақынжанов сынының әділетсіздігі – олардың фактілерді әдейілеп бұрмалай отырып, «…Кенесарының есімі «Зарзаман әдеби ағымымен байланысты» деп жазуында. Біздің білуімізше, «Зарзаман» мазмұнының Кенесары есімімен ешқандай тікелей байланысы жоқ. «Зарзаманның» әдебиеттегі авторы Шортанбай Қанайұлы. Ол 1860 жылы жексұрын отаршылдық тәртіпті бар күшін сала сынады, қазақ халқының орыс отаршыларына тәуелділігіне қайғырды…

Бұдан әрі Шахматов пен Ақын­жа­новтың: «Ұлтшыл Мағжан Жұма­баевтың «Батыр Баян» поэмасында Кенесары Қасымовтың ерлігі артық шамада көрсетіледі» деген сынына еш келісуге болмайды.

Осы сын сөздерді айтуда Бекма­ханов монографиясын өздерінің әді­летсіз бағаларын дәлелдеу мақса­тында пайдалануы – сыншылардың қоғам алдындағы жауапсыздықтары. Олар өздерінің тоғышарлық тілек­терімен монографияны сынауға және не болса да көзін жоюға тырысады. «Батыр Баян» поэмасының Кенесары есімімен байланысты екенін дәлелдеу мүмкін болмағандықтан, мұндай сын шынайы большевиктік сынға мүлдем қарама-қайшы. Аталған поэма 1922 жылы Ташкент қаласында «Шолпан» журналының 4-5 және 6-7 нөмірлерінде жарияланды. Онда XVIII ғасырдың бірінші жартысында Абылай ханның бастауымен жүрген «Ақтабан шұбырынды» кезіндегі Баян батырдың қалмаққа қарсы жорықтардағы ерлігі баяндалады.

Байқап отырғанымыздай, «кезеңі де, мазмұны да Кенесарыға мүлдем келіспейді», – деп аталмыш мақаласында Е.Ділмұхамедов қарсыластардың жалған сынының быт-шытын шығарды. Бекмахановты қорғау – идеялық жақтан алғанда «Хан Кене» пьесасын жазған Мұхтар Әуезовті де қорғау деген сөз еді. Алайда оның дәлелді пікірлеріне құлақ асқан жан болмады. 1949 жылы И.О.Омаров пен А.М.Панкратованың редакциялауымен монография қайта басылып шықты.

Е.Бекмаханов барлық атақта­ры­нан айырылып, Нарынқолға, соңынан Жамбыл облысына қарапайым мұғалім етіп жіберіледі. 1952 жылдың 5 қыркүйегінде қамауға алынады.

Ермұхан Бекмахановтай көрнекті ға­лымды итжеккенге айдатқан топ Елтоқтың да ізіне шырақ алып түседі. Бұрын ғалым ағасын қорғаштап мақала жазып жүрген Елтоқ Ділмұхамедов енді өз басын да қорғай алмай қалады. 1951 жылы қарсы топ мұның баяғы диссер­тациясын жарамсыз деп тауып, жоққа шығарады. Бірақ кедей отбасынан шыққандықтан бұл,  әйтеуір, қамаудан аман қалады.

Ұрпақ сабақтастығы. Орнында бар оңалар

Елтоқ Ділімбетұлы мен зайыбы Ляля Лутфуллақызы дүниеге Марат, Эльза, Отелло, Сәуле есімді төрт ұл-қыз әкелген. Марат биология ғылымдарының кандидаты дәрежесін қорғағасын, көп ұзамай өмірден ерте озады.

Эльза Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, кинорежиссер. «Дала сюитасы», «Тау мен дала елінің өткені», «Құрбандық шалу», т.б. көптеген деректі фильмдер түсірген. Халықаралық «Мир через культуру» жүлдесінің лауреаты. Эльза Елтоққызы алғашқы ғылыми таралымды документальды кинолар түсіруші кинорежиссер, оның творчествосында атақты тарихшы Лев Гумилевтің өмірі мен білім қазынасының орын алуы ерекше жағдай.

Отелло  әке жолын қуып тарихшы болды. Жүздеген ғылыми мақалалардың авторы. Оқушыларға арналған тарихи-өлкетану жайлы методикалық қолданбасы 1987 жылы ВДНХ-ның күміс медалін иеленген.

Сәуле анасы сияқты дәрігерлік жолды қалаған.

Ғалымның барлық ұрпақтары қазіргі уақытта Алматы қаласында және оның айналасында тұрып жатыр. Эльзаның баласы Алексей, яғни Елтоқ немересі де нағашы атасының жолын қуып, «Алтын адам» тарихымен айналысып жүрген ғалым. Бірнеше шетелдерге алтын адам экспонатымен бірге барып, халқымыздың тарихымен таныстыруда үлкен жетістіктерге жетіп жүрген азамат. Қазір оның басқаруымен ғылыми-археологиялық экспедиция Алматы маңайындағы Есік шатқалында қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ел санасы кеңестік солақай саясатпен уланып жатырған кезде билікке ұнамайтын «ұлт-азаттық» атты тың тақырыпты қозғаған, тарихшы-ғалым Елтоқ Ділмұхамедовтің тағдыр талқысына түсуіне себепші болған еңбегінің бір данасының сақталып қалғандығы оның қазақ ұлтының нағыз патриоты, ұлтжанды, тура жолдан таймайтын қайсар азаматы екендігін тағы да дәлелдеп тұр.

2010 жылы Эльза Елтоққызы әкесінің ресми түрде Кеңестік билік атышулы диссертациясының сақталған жалғыз нұсқасын Болатхан Тайжан қорының президенті, экономика ғылымдарының кандидаты Мұхтар Тайжанға табыстады. Бұл адамдардың арасында бұрыннан келе жатқан жақсы достық, сыйластық қатынастары болатын. Себебі ұлтжанды азамат Мұхтар Тайжан өткен ғасырдың 80-жылдары Отелло мен Эльза Ділмұхамедовтер жүргізген «Жас археолог» тарихи клубының мүшесі болған, тіпті оның осы клуб құрамында жүріп Ленинград қаласындағы Эрмитажда атақты Лев Гумилевпен кездескендігі айтылады.

Ұлт жанашыры Мұхтар Болатханұлы Тайжан 2010 жылы Елтоқ Ділмұхамедовтің «Қазақтардың Кенесары Қасымовтың басшылығымен 1837-1847 жылдары болған көтерілісі» атты диссертациясын орыс тілінде кітап етіп шығарады. Кітаптың оқырман қауымға, соның ішінде ғылыми ортаға түсуі отандық тарих ғылымындағы ерекше бір жаңалық болды, себебі бұл кітапты оқыған адамдарға көтеріліске алғаш рет ғылыми және саяси баға берілгендігін байқап бағалауына негіз бар.

Сталиндік кезең азабын тартқан Құдайберген Жұбанов, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Ермахан Бекмаханов, т.б. қазақтың біртуар азаматтары егеменді ел болған қазақ қоғамынан лайықты бағаларын алғанына да біршама уақыт болды, алайда елінің болашағы үшін шындықты жазған ерен ерлер қатарында әлі де Елтоқ Ділмұхамедовтің айтылмауы өкінішті жәйт.

Отелло Елтоқұлы Ділмұхамедовтің «Древности страны гор и степей» (2008 ж.) кітабында ұлы ойшыл, тарихшы Л.Н. Гумилевтің төмендегідей сөздері келтірілген екен: «Адамның туған жері Отаны емес. Ал егер ол Москва-Париж жүрдек поезында туса, поезды оның Отаны деп айта алмаймыз. Отан — оның сүйген жері. Отанды анықтаудың басты принципі — оны сүю. Біз тек қана кеңістікте өмір сүрмейміз, біз уақытта да өмір сүреміз. Біздің өткеніміз, қазіргіміз, болашағымыз бар. Бұл онша мәнді емес. Себебі, біздің қазіргіміз жоқ. Қазіргі дегеніміз, бұл лезде өткенге айналатын сәтіміз. Жалпы болашақ дегеніміз де бізде жоқ, себебі ол әлі болған жоқ. Шындығында біздің білетініміз және ілім алатынымыз – ол біздің өткеніміз. Міне, сондықтан да тарих ең маңызды тек қана теориялық емес және практикалық ғылым. Міне, өзіңнің тарихыңды білу – бұдан әкеңнен, атаңнан, бабаларыңнан мұраға жалғасып келе жатқан Отаның деген түсінік шығады.

Міне, осындай тұрақты тұжырым мен мәңгі жалғастықтан қоршаған ортаға дегенде сондай тұрақты синдром туады».

Ұлы ойшылдың сөзінде айтылғандай,  Қазақстан мен Қарақалпақстанды Отаным деп бірдей сүйген, олардың өткен тарихының маңызды сәттерінің бір бөліктерін кейінгіге паш етіп кеткен ғалым Елтоқ Ділмұхамедовті халқына таныстыру — оны білетін ұрпақтарына, шәкірттеріне ұлы міндет.

Халқына қызмет еткен, оның тарихын саралауға еңбек сіңірген азаматтарды ұлықтау біздің ата-бабадан келе жатқан дәстүріміз, себебі өткенсіз ертеңіміз, болашағымыз жоқ. Асыл мұраларды қастерлеу бүгінгі ұрпаққа міндет, сондықтан да Елтоқ Ділмұхамедов атындағы кабинеттің Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде ашылуы жас ұрпақтың тәрбиеленуіне қосылған үлкен үлес екендігі талассыз шындық.

 

Ақылбек ДАДИН,

Баубек баба атындағы

қоғамдық қорының төрағасы,

техника ғылымдарының кандидаты.

https://aqtobegazeti.kz/?p=91919