Суббота, Апрель 27, 2024
Басты > Жаңалықтар > Түрік тілін меңгеруге мүмкіндік мол

Түрік тілін меңгеруге мүмкіндік мол

Бүгінгідей жаһандану заманында көп тіл білетін адамның қоғамдағы алар орны да ерекше. Өзге тілді үйрену, оны жетік меңгеру — бұл ең алдымен халықаралық қатынастар кезінде айрықша рөл атқаратыны баршамызға аян.

Халықаралық ынтымақтастық орталығы академиялық ұтқырлық бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Жұбанов университеті Түркия Республикасының бірқатар университеттерімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған болатын. Сол келісім аясында әрі қарай өзара жемісті ынтымақтастықты іске асыру үшін түрік тілі курсы басталды. Тілдік курс онлайн форматта жүргізіліп отыр.

Курстың басты мақсаты – түрік тілінің практикалық білімдерін үйрету, ресми және ресми емес қарым-қатынас кезінде қажетті сөйлеу дағдыларын (ауызша және жазбаша) дамыту; лингвистикалық білімдер мен дағдыларды одан әрі жетілдіру; білім беру ортасын кеңейтіп, жаңа ұлттық мәдениетті тану.

Түрік тілі курстары Түркиядағы ЖОО-да Мәулана бағдарламасы бойынша білім алушылардың түрік тілі деңгейін жетілдіру, қос диплом бағдарламасы бойынша білім алу мүмкіндіктеріне үлкен септігін тигізеді.
Түрік тілі курсын түрік мамандары жүргізуде, мұнда барлық гранттық конкурсқа үміткер қатысуда.

Курсқа қатысушылардың тіл үйренуге деген құлшынысы өте жоғары деңгейде. Түрік тілін жеделдетіп оқыту арқылы білім алушыларға В1 деңгейлік сертификаты беріледі.

Курсты бітірген білім алушы түрік тілін жетік меңгеріп, өз мамандығына байланысты Түркияның серіктес жоғары оқу орындарында білімдерін жетілдіру үшін Кастаному, Сакария, Хаджеттепе университеттерінде оқуға мүмкіндігі мол.

Айта кететін жайт, Жұбанов университеті мен шет елдер арасындағы байланыс күннен күнге жақсару мақсаттарын орындап келе жатыр. Бұл өз кезегінде шет елдермен арасындағы байланысты нығайтумен қатар ынтымақтастық аясын кеңейтетіні сөзсіз.