Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жеңімпаздарды құттықтаймыз!

Жеңімпаздарды құттықтаймыз!

Жұбанов университетінің жеті профессор-оқытушысы «ЖОО үздік оқытушысы-2020» атағының иегері атанды. Биылғы жыл университетіміз үшін сүйінші хабармен басталды.

Байқауға республиканың 73 жоғары оқу орнынан 623 үміткер қатысты. «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атанған қарашаңырақтың жеті ғалымы.

Университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы Рахым Бекназаров, «Физика» кафедрасының профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы Игорь Спивак-Лавров, «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Төлеген Ботағариев, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент Әмірбек Бекешев, физика-математика ғылымдарының кандидаты Мадина Тлеубергенова, «Металлургия, тау-кен және мұнай-газ ісі» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Бауыржан Келаманов, «Информатика және ақпараттық технологиялар» кафедрасының аға оқытушысы Гүлмира Шаңғытбаева үздіктер қатарынан көрініп отыр.

Бұл атақ жоғары оқу орындарының оқытушыларына ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және біліктілікті арттыру мақсатында әлемнің жетекші университеттерінде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді. Иә, бұл абыройлы атақ үлкен еңбектің жемісі, ғылыми ізденістің нәтижесі.

«Ұстаз ісі сырттай қарапайым болғанымен, тарихтағы ең ұлы істің бірі» демекші, кәсіби тұрғыдан өз ісінің нәтижелерін үздік көрсетіп, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауында жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар шыққан әріптестеріміздің еңбегі шын бағаланды деп есептеймін.

Білімі мен біліктілігі нәтижесінде жеңімпаз атанған үздік ғалымдарды жеңістерімен құттықтаймын!

 

Ізгі ниетпен, ректор Бауыржан Ердембеков