Суббота, Апрель 27, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университет түлектері еуропалық дипломдардың иегері

Университет түлектері еуропалық дипломдардың иегері

Жұбанов университетінің студенттері «Дене шынықтыру және спорт/Дене тәрбиесі» білім беру бағдарламасы бойынша қаңтар айында Быдгощ қаласындағы Экономика университетінің (Спорт және дене шынықтыру институтының) еуропалық емтихан комиссиясының алдында дипломдық жұмыстарын қорғаған болатын. Бүгін оларға еуропалық дипломдар табысталды. Енді аталған диплом иегерлеріне  Қазақстанда да, халықаралық ортада да «Спорт менеджері» екінші кәсіби біліктілігі бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік беріліп отыр.

Бұл салтанатты шара «Қазақстан және Польша: ынтымақтастық көкжиегі» апталығының шеңберінде және Жұбанов университетіне (Польша, Быдгощ қаласындағы  Экономика университетінің) делегациясының келуі аясында жүзеге асырылды.

Быдгощ қаласындағы Экономика университетінің Спорт және дене шынықтыру институтының директоры Александр Скалийдің айтуынша, қосдипломды білім беру бағдарламасын іске асырудың басты міндеті — әлемдік деңгейдегі жоғары білікті және құзыретті мамандарды даярлау болып табылады. Бірлескен білім беру жобалары білім беру қызметінің сапасын және әлемдік қауымдастықтағы қос университеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде еуропалық диплом иегерлері  өздері Польша мемлекетінде оқу мүмкіндігі мен ұмытылмас тәжірибесі үшін жоғары оқу орындарының басшылығына алғыстарын білдірді.

Қазіргі уақытта Жұбанов  университетінің 10 студенті қосдипломды білім беру бағдарламасы бойынша Польша мемлекетінің жоғары оқу орындарында  «Шетел филологиясы» мамандығы бойынша білім алуда.

Қосдипломды білім беру бағдарламасы —  Жұбанов университетіндегі интернационалдандырудың перспективалы бағыттардың бірі екенін атап өткен жөн. Аталмыш бағдарлама  Польша, Қытай және Беларусь жоғары оқу орындарымен белсенді  жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта студенттер Пекин қаласындағы Қытай мұнай университетінде «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша білім алуда.

Университет ректорының міндетін атқарушы, профессор Рахым Бекназаровтың айтуынша, қосдипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асыруға  жоғары оқу орындарының белсенді қатысуы болашақ түлектер үшін ғана емес, басқа да бірлескен ғылыми және қоғамдық жобаларды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.