Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жастар саясаты > Ғылыми кеңестің кезекті  мәжілісі өтті

Ғылыми кеңестің кезекті  мәжілісі өтті

Бүгін  Жұбанов университетінде  ғылыми кеңес мәжілісі  өтті.  Жиын тікелей эфирде Zoom платформасында ұйымдастырылды. Мәжіліске  университет проректорлары,  құрылым басшылары  мен кафедра меңгерушілері қатысты.

Ғылыми кеңес мәжілісі  салтанатты шарамен басталды. Жиынды кіріспе сөзімен ашқан университет ректорының міндетін атқарушы, профессор Рахым Бекназаров  «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің үздік әдіскер-оқытушысы-2021»   байқауының  үздік жеңімпаздарын арнайы марапаттап, жүлдегерлерге  ақшалай сертификаттарды табыстады.

Сонымен қатар «Жұбановшылар бастамалары» әлеуметтік жобалар байқауының жеңімпаздарына сертификаттар табысталды. Студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының белсенділігін арттырып, студенттердің азаматтық позицияларын нығайтуға арналған байқаудың қорытындысы бойынша 5 жоба үздік деп танылды.

Еске салсақ,  «Жұбановшылар бастамалары» байқауы  аталған оқу орнының жастар саясаты департаменті мен  студенттердің өзін-өзі басқару ұйымдары қызметінің тиімділігін арттыру, жастардың қоғамдық белсенділігін қолдау, әлеуметтік маңызды нәтижелерге қол жеткізу үшін тәжірибе жинау және республикалық, халықаралық гранттық қолдау жобаларына қатысу мақсатында өткізіліп отыр.

Бұдан  соң жиналғандар күн тәртібіндегі мәселелелерге ойысты.  Жиында  Ақтөбе облысында жастар саясатын жүзеге асырудағы Жұбанов университетінің қызметі,  Жұбанов университетіндегі жастары саясатының негізгі бағыттары, университетте «Саламатты университет» республикалық жобасының жүзеге асырылуы, әлеуметтік және жастар саясаты мәселесін сараптау комиссиясының қорытындысы және әр түрлі мәселелер талқыланды.

Мінберде сөз алған Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Нұржан  Бердыбаев университеттің әлеуметтік және жастар саясаты, профессорлық-оқытушылық құрамы мен білім алушылардың әлеуметтік жағдайы туралы зерттеуімен бөлісті. Оқу ордасының  проректоры баяндамасында Абай ұсынған «Кемел адамды» қалыптастыруда әлеуметтік және тәрбие жұмысындағы негізгі бес бағыттағы жұмыстарға тоқталды.

Нұржан Бердыбаевтың айтуынша, азаматтық ұстаным және рухани-адамгершілік тәрбие бағытында  2020-2021 оқу жылының І жартыжылдығында университеттің 85 жылдығы, Абайдың 175 жылдығы, әл-Фарабидің 1150 жылдығы, халықаралық семинарлар мен вебинарлар сынды  70 шара, 1088 куратор сағат  ұйымдастырылған. Сондай-ақ, эстетикалық мәдениетті қалыптастыру бағытында 67 шара және 986 куратор сағаты, құқықтық тәрбие бағытында 30 шара, 692 кураторлық сағат өткізілген.  Бұл ретте әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаменті облыстық полиция департаменті Жергілікті полиция қызметімен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментімен, облыстық Әділет департаментімен, облыстық психикалық денсаулық орталығымен және «Аңсар» ақпараттық талдау орталығымен  органдармен тығыз жұмыс істеп келеді.

Айта кетейік, Жұбанов университетінде  құқықтық тәрбие мен білімді іске асыруда «Zhubanov – парасаттылық ордасы» жобасы іске асуда. Бұл тұрғыда 630 студентті қамтитын «Адалдық дүкені», «Саналы ұрпақ» клубы, «Парасаттылық мектебі», «Ізгілік елшісі» еріктілер клубы нәтижелі жұмыс жасап жатыр.

Сонымен қатар бірінші  жартыжылдықта дене шынықтыру және студенттердің салауатты өмір салтын қалыптастыру бағыты бойынша 21 шара, 342 кураторлық сағат өткізілсе, экологиялық және еңбек тәрбиесі бағытында 15 шара және 342  кураторлық сағат ұйымдастырылған.  Бұл бағытта «Жасыл ел» фронт-офисі арқылы 176 студент жазғы канкул кезінде «Атамекен» студенттік құрылыс жасақтары және «Жасыл ел» жастар еңбек отрядтарында жұмыс жасады.

Күні кеше университетте қоқысты сұрыптау арқылы, пункттерге өткізіп пайда табатын «ECO ARSU»  жобасы қолға алынды. Осы саладағы компаниялар эко-бокстарды тегін беріп, экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүзеге асырылатын болады.

Нұржан Бердыбаев баяндамасының екінші бөлігінде  студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрамның әлеуметтік жағдайын анықтау үшін қаңтар-ақпан айларында әлеуметтік зерттеу жүргізгенін атап өтті.  Зерттеу барысындағы маңызды аспектілер мен  нәтижелеріне жіті тоқталды.

Студенттердің әлеуметтік жағдайын зерттеу жұмыстары барысында онлайн-сауалнамаға барлығы 4 830 респондент (4737 студент + 93 магистрант) қатысты. Яғни, күндізгі бөлімдегі университет контингентінің 36%-ын  құрайды. Сауалнамаға қатысқан білім алушылардың жартысынан көбісі (59,8%)  өздерінің жеке үйлерінде,  15 пайызға жуығы (14,6%)-ы жатақханада, 12,9%-ы туыстарының үйінде,  12,7%-ы жалдамалы пәтерде тұрады. Бұл бағытта университетімізде студенттер  жатақханамен толық қамтамасыз етіліп отыр. Жатақханаға орналасу толықтай электронды формада жүзеге асырылды. Жатақханалар 2200 орынға арналған және толығымен тұрмыстық техника, жаңа жиһаздармен жабдықталды. Бірақ, пандемияға байланысты 919 студент орналасты. Басым көпшілігі бірінші курстың білім алушылары, — деді Н.Бердыбаев.

Проректордың айтуынша, күндізгі бөлім студенттерінің 33 пайызы мемлекеттік грантта оқиды. Ақылы негізде оқитын осал топқа жататын 67 пайыз студенттің 37 пайызына  университет, кәсіпорындар және  меценаттар тарыпынан көрсетіліп отыр. 2020-21 оқу жылында аталған санаттағы студенттерге әлеуметтік көмек түрлері бойынша, барлығы 2 725 студентке көмек көрсетілген.

Өз кезегінде әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің директоры Қарылғаш Сатыбалдина Жұбанов университетіндегі жастары саясатының негізгі бағыттарына жіті тоқталды. Мұнда  баяндамашы студенттік белсеңділікті көтеру, тәрбие процесін цифрландыру және әлеуметтік желелерімен жұмыс мәселесін баяндады.

Қарылғаш Сатыбалдинаның айтуынша, университет  жоғары білімді мамандар даярлау мен білім ордасының ғылыми шығармашылық әлеуетін арттыру бағытындағы жүйелі жұмысын жаңашылдықпен жетілдіруде. Атап айтқанда жастарды білім мен ғылымға, шығармашылық пен зияткерлікке баулумен қатар, оларды кәсіпкерлікке үйрету нақты жолға қойыла бастады. Студенттік парламенттің құрылымы студенттік 9 сенатор және 14 студентік ұйымнан тұрады. Дәйекті дәлел ретінде «Жұбанов жылуы» университеттік волонтерлік қозғалысының, «Заман біздікі» интеллектуалды элиталар одағының, «Университет КВН лигасы» жастар қозғалысы, Парасаттылық мектебі, «Саналы ұрпақ» студенттік клубының, «Жас Отан» ЖҚ университеттік бөлімшесі, «Zhubanov League» студенттік шағын футбол лигасының, «Zhubanov cinema» студенттік кино клубының, Университеттік «EcoARU» еріктілер клубының, «Ақжелен» студенттік домбырашылар оркестрінің, «ARSU Stars» би үйірмесінің, «Big Fam» би үйірмесінің «MidMar» студенттік клубының, «Жұбанов жастары» студенттік театрының атқарған ізгілікті істерін алға тартуға болады.

2020-2021 оқу  жылында «SMART ARSU» мобильді қосымшасына «Студенттік Парламент» жаңа модулі жасақталған. Жаңа модуль студенттік парламент жұмысын жүйелеуге, белсенді студент базасын жасақтауға, студенттік клубтар мен үйірмелер қатарына тіркелуге, жаңа жобаларға қатысуға мүмкіндіктер береді. Бұл жұмыстар өз кезегінде Студенттік парламенттің қызметін оңтайландырып, имиджін арттырады. Бүгінде, бұл жаңа модуль арқылы студенттік клубтар мен үйірмелер қатарына 3578 студент тіркелген.Пандемия кезіндегі локдаунға қарамастан студенттік парламент қашықтықта өз жұмысын тоқтақан емес, «Instagram» әлеуметтік желісінде тікелей эфирлерге шығып «Кешкі әңгіме» айдарын жүргізді. Бұл айдар студенттерді мазалайтын сұрақтарға жауап беріліп, олармен кері байланыс орнатылды және бос уақытын тиімді өткізуге арналған лайфхактармен бөлісті. 1 курс студенттеріне арналған әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирлер, квест, челлендж, қызықты сауалнамалар, интеллектуалды ойындар, онлайн тренингтер  ұйымдастырылды.

— «ProАctiveТime: Идеялар генерациясы» жобасы Zoom, Facebook Live онлайн платформалары арқылы 100 аса студенттік, келесі тақырыптар қамтитын бірнеше онлайн тренингтер ұйымдастырды. Сондай-ақ, Google және Яндекс платформасында «Welcome to Zhubanov» подкастар сериясы жариялануда. Аталған жоба біздің департамент пен «Бастау медиа» орталығымен бірлескен 3000 жуық тындалымы бар ірі жобалардың бірі.  «ProActive» академия жанынан онлайн волонтерлар мектебі ашылды. Нәтижесінде 3 волонтерлық клубы құрылып, 150 волонтер кәсіби даярланды және 60 мектептің тәлімгерлері оқыту семинарынан өтті, — деді Қ.Сатыбалдина.

Мінберде департамент директоры  университеттің күн тәртібіндегі басты қызметі цифрландыру екенін ерекше атап өтіп, цифрландыру бағытындағы әлеуметтік мен тәрбие мәселелері бойынша атқарылған  жұмыстарды кеңінен баяндады.

Мәжіліс соңында өзге де өзекті мәселелер талқыланып, арнайы қаулы қабылданды.