Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Түлектер жаңа белеске қадам басты

Түлектер жаңа белеске қадам басты

Жұбанов университетінің техникалық факультетінің  биылғы түлектеріне диплом тапсыру рәсімі өтті.

Адам өміріндегі ерекше бір қуанышты сәттердің бірі – қалаған жоғары оқу орындарына түсіп, қолдарына таңдаған кәсіби мамандықтары туралы диплом алу. Бұл әрбір жастың балалық шағынан бергі аңсаған ізгі арманы. Бүгін міне, білім ордасындағы студент-жастардың сол аңсаған армандары орындалып, қолдарына диплом алып отыр.

Студенттер сарайында өткен дәстүрлі жиынға университет ұжымы мен  бітіруші түлектер қатысты. Салтанатты шарада сақтық шараларының қатаң талаптарын сақтау да назардан тыс қалмады.

Жұбанов оқу ордасын бітірген түлектер бүгінде өздерінің алған білімдерімен еліміздегі мемлекеттік мекемелерде, ұлттық холдингтер мен ірі компанияларда, құқық қорғау органдарында, сондай-ақ білім және ғылым салаларында табысты қызмет етіп, еліміздің дамып-өркендеуіне өз үлестерін айтарлықтай қосып келеді. Енді міне, солардың қатарын бүгінгі оқу бітіруші түлектеріміз толтырғалы отыр.

Түлектерге дипломды университет ректорының міндетін атқарушы  профессор Рахым Бекназаров табыстады. Басқарма төрағасы өзінің құттықтау сөзінде түлектерге  кәсіби және ғылыми салада табыстар тілеп, олардың бүгінгі табысына студенттер мен ұстаздардың, университеттің барлық қызметкерлерінің бірлескен күш-жігерінің арқасында қол жеткізіліп отырғанын атап өтті.

Мұнан соң дипломдарды университеттің Стратегиялық даму және цифрландыру жөніндегі проректоры Алтыншаш Бекбауова мен факультет деканы Ақжарқын Балғынова табыстап, түлектерге сәт-сапар тіледі. Салтанатты шарада жекелеген түлектерге оқу орнының оқу, біліммен қатар қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысқаны үшін арнайы алғыс хаттары табысталды.

Биыл техникалық факультетті бітіруші түлектер саны 645, оның ішінде 52 түлек қызыл дипломмен тәмамдап отыр.

Қысыл-таяң сәтке қарамастан бітіруші түлектерге арнайы құттықтау рәсімін ұйымдастырғаны үшін студенттер тарапынан алғыс жолданды. «Мұнай-газ ісі» мамандығының түлегі, үздік дипломның  және «Үздік студент» төсбелгісінің иегері Венера Шурина өз сөзінде университет оқытушылары мен басшылығының біліктілігі мен қолдауын тілге тиек етіп, барша бітіруші түлектердің атынан алғысын білдірді.

Мерекелік кеш соңында факультет түлектері естелік суретке түсіп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Айта кетейік, Жұбанов университетінің техникалық факультеті 1991 жылы инженерлік-педагогикалық факультет негізінде қалыптасты. Инженерлік-педагогикалық факультетінің құрамында «Жалпы техникалық пәндер» кафедрасы болды. Осы мамандықтың негізінде жалпы техникалық пәндерді дамыту арқылы (теориялық механика, материалдар кедергісі, материалтану, қолданбалы механика, гидравлика, машина деталдары, сызба геометриясы және сызу, стандарттау негіздері) болашақ инженерлер дайындалды.

Факультеттің материалдық-техникалық базасында оқу-өндіріс шеберханасы, заманауи қондырғылармен жабдықталған оқу лабораториялары, кабинеттер, лектік аудиториялар, оқу-әдістемелік, ғылыми ақпарат оқулықтармен жеткілікті деңгейде қамтамасыздандырылған кітапхана, студенттерге арналған әлеуметтік базасы бар.

Қазіргі таңда техникалық факультетінің іргесінде өндіріс мекемелерінің сұраныстарына және  нарықтық экономика талаптарына сай «Көлік, көлік техникасы және технологиялары», «Көлікті пайдалану және жүк қозғалысы мен тасымалды ұйымдастыру»,  «Құрылыс», «Құрылыс материалдарын, бұйымдарын және құрылымдарын өндіру», «Көлік құрылысы», «Металлургия», «Пайдалы қазбаларды байыту», «Тау-кен ісі»,  «Мұнай-газ ісі», «Электроэнергетика» білім бағдарламасы бойынша жоғары білімді техникалық мамандар дайындайды Сонымен қатар  «Көлік, көлік техникасы және технологиялары», «Металлургия», «Тау-кен ісі», «Мұнай – газ ісі» магистратура мамандықтары бойынша білім береді.