Суббота, Май 4, 2024
Басты > Жаңалықтар > Қос диплом иегері атанды

Қос диплом иегері атанды

Сескен алты жылдық тарихы бар Жұбанов университетінің  тағы бір факультеті оқу маусымын тәмамдады. Биыл физика-математика факультеті  409 түлекті қанат қақтырып, сән-салтанатымен шығарып салды. Соның ішінде, білімі мен қарым-қабілетімен дараланған 78 жас үздік диплом құрметіне ие болды.Мерекелік кешті кірісіпе сөзімен ашқан профессор Рахым Бекназаров түлектерге ақжол тілеп, ата-анасы мен ұлағатты ұстаздарының үміттерін ақтап, биіктен көрінулеріне тілек білдірді.

Бүгін диплом алып отырған бақытты жандардың қатарында Абзал Жақан да бар. Жұбанов университетінің «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша бітірген түлек  Қытай  Мұнай университетін бітіріп,  қосымша «Мұнай инженері» бойынша бакалавр дәрежесін иеленіп отыр.

Қос дипломның иегері Қытайда білім алудың ерекшеліктерімен бөлісіп,  болашақ жоспарлары туралы баяндады.

Қытай – өте дамыған мемлекет. Ол жақтың технологиялық жетістіктері де таңқалдырмай қоймайды.

Біздің жас маман ретіндегі басты  міндетіміз — осы тәжірибені игеру және экономикамызды алға жылжыту, екі ел арасындағы дәнекерге айналу.  Менің ендігі мақсатым — Қазақстандағы мұнай компаниясында жұмыс істеп, Қытай Халық Республикасының жоғары оқу орындарындарының бірінде магистратура бойынша оқуымды жалғастыру, -дейді А.Жақан.

Айта кетейік, Жұбанов университетінде қос дипломды білім беру бағдарламасы бірнеше бағыт бойынша табысты жүзеге асырылуда. 2021 жылдың қаңтар айында кәсіби-шығармашылық факультетінің 6 студенті Быдгощ қаласындағы Экономика университетінің Спорт және дене тәрбиесі институтында оқуын аяқтап, «Дене шынықтыру және спорт/спорт менеджері»  мамандығы бойынша еуропалық дипломға ие болды.  Бұл Қазақстанда да, халықаралық ортада да «Спорт менеджері» екінші кәсіби біліктілігі бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта қос дипломды білім беру бағдарламасы бойынша Жұбанов университетінің тағы 10 студенті поляк жоғары оқу орнындарында «Шетел филологиясы» мамандығы және Пекин мұнай университетінде «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша білім алуда.