Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жастар саясаты > Университет үздіктері марапатталды

Университет үздіктері марапатталды

Бүгін Жұбанов университетінде оқуда озат болумен қатар, университеттің қоғамдық өміріне белсене атсалысып жүрген студенттер марапатталды. Университет ректоры Лаура Қарабасова 18 білім алушыға «Үздік студент» төсбелгісін, сондай-ақ, 23 белсендіге Алғыс хат табыс етті. Салтанатты марапаттау рәсімі Студенттік Парламенттің кеңейтілген отырысында өтті. Ректор Лаура Қарабасова университеттің оң имиджін қалыптастыруда сіңірген еңбектері үшін марапат иелеріне алғысын білдіріп, төменгі курс студенттері үшін олардың бұл істері мотивация екенін атап өтті.

Сонымен қатар кездесуде шараның модераторы Студенттік Парламенттің экс-төрағасы Ернар Қонысбай жаңа төрағаны таныстырды. Екі кезеңнен тұратын сайлау нәтижесінде басымдық танытқан педагогика факультетінің 3 курс студенті Томирис Бакиева Студенттік Парламенттің жаңа төрағалығына тағайындалды.

Томирис Бакиева отырыста сөз сөйлеп, өзінің даму жоспарын таныстырды. Жаңа төрағаның бағдарламасында сенат және мәжілістің қызметтерін күшейту, академиялық комитет құру, салауатты кампус, студенттердің әл-ауқатын көтеру, «Жасыл офис» ашу, студенттердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру және тағы да басқа мәселелер жайында айтылды.

Лаура Қарабасова студенттік идеяларды қолдауға дайын екендігін білдіріп, адалдық, ашықтық қағидатының және бірлескен жұмыстағы креативтің маңыздылығы жайына тоқталды. Ректор Томиристің бағдарламасындағы сыртқы коммуникацияларды құру, салауатты кампус, коворкинг  сияқты ұнаған тұстарын атады. Сонымен қатар жаңа төрағаны басшылықпен бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

Кездесу соңында университет басшысы Студенттік Парламенттің бұрынғы төрағасы Ернар Қонысбайға алғыс айтып, студенттік өзін-өзі басқарудың барлық қатысушыларына сәттілік тіледі