Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жастар саясаты > Студенттер қатарына қабылданды

Студенттер қатарына қабылданды

Биылғы оқу жылында Жұбанов университеті студенттер қатары 2500-ден астам мектеп түлектерімен толықты. Олар таңдауын Батыс өңіріндегі іргелі білім ордасына жасады. Бүгін университетімізде өткен мерекелік шара сол жастардың құрметіне арналды. Жылдағы дәстүр бойынша Жұбанов университеті 1 курс студенттерін ресми түрде студенттер қатарына қабылдау салтанатты шарасын өткізді.

Кеште факультеттер және Жоғары колледждің құрылымы, профессор-оқытушылар құрамы таныстырылды. Сонымен бірге жастарға білім ордасында біліктіліктерін арттыру үшін жасалған мүмкіндіктер, материалдық-техникалық база, Конфуций институты жайында айтылды. Университет мақтанышына айналған үздік студенттердің жетістіктері 1 курс білім алушыларына үлгі етілді.

1 курс студенттері арасында да жетістіктерге жетіп үлгерген жастар бар.  Олар — «Алтын белгі иегерлері», халықаралық байқаулар мен олимпиада жеңімпаздары, спорт шеберлері. Университеттің спорт шеберлері командасының қатарын толықтырған бірқатар Халықаралық және республикалық жарыстарды бағындырған чемпиондар  сахна төріне шақырылды.

Мерекелік кеште Басқарма төрағасы-Ректор Лаура Қарабасова студенттерге жылы лебізін іссапарда болуына орай бейнежазба арқылы жеткізді. «Студенттік өмір – ең қызықты сәттерге толы ұмытылмас шақ әрі тұлға болып қалыптасудың аса маңызды кезеңі.Сондықтан уақытыңызды тиімді пайдаланып, биік мақсаттарға ұмтылыңыз. Шексіз армандаңыз. Білім көптеген мүмкіндіктерге жол ашады! Әр түрлі жағдайларда дұрыс шешім қабылдау үшін терең білім, сыни тұрғыдан ойлау және коммуникация дағдылары маңызды. Білім процесінде өз ойларыңызбен ашық бөлісіңіз. Біз сіздерге табысқа жетуге көмектесу үшін қасыңыздан табыламыз. Мен Сізді қолдауға дайынмын»,- деді оқу орда басшысы құттықтауында.

Кештің ең салтанатты сәті  — жоғары курс студенттері символдық білім кілтін ізбасарларына табыстады. Бірінші курс студенттері  университет пен ел игілігі үшін бетке ұстар азамат болуға, оның абыройын асқақтатуға ант берді.

Мерекелік кеш музыкалық шашумен жалғасты. Бұл күн «Жұбанов студенті» атанып отырған білімгерлердің есінде өзінің ерекше әсерімен мәңгі сақталатыны анық.