Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Жастар электронды дауыс беруді таңдайды!

Жастар электронды дауыс беруді таңдайды!

Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров «Жұбановтар әлемі» орталығында белсенді жастармен кездесіп, олардың сайлау жүйесі мен оны өткізуге қатысты ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Аталған кездесуге ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшелері Шавхат Өтемісов пен Асылбек Смағұлов, сондай-ақ комиссия аппаратының бір топ қызметкері қатысты.
Басқосуда алдымен комиссия төрағасы жастарға сайлау өткізудегі заңдылықтар, былтыр өткен ауыл әкімдерін сайлаудағы жаңашылдықтар, сайлау кезіндегі әлеуметтік желілердің рөлі мен кандидаттарды таңдаудағы дебаттың маңызы туралы әңгіме өрбітті.
Комиссияның бүгінге дейін атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарларына тоқталды.
Еркін форматта өткен кездесуде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенттері белсенділік танытып, сайлауға қатысты өз ой-пікірлерін білдірді.

Басқосуда аталған университеттің құқықтану мамандығының 4-курс студенті Камила Зинелғаппарова комиссия төрағасына өзінің ұсынысын жеткізді:
— Мен былтыр сайлауға байланысты өткен республикалық олимпиадаға қатысып, жеңімпаз атандым. Олимпиада кезінде сайлау жүйесі туралы жан-жақты білім алдым. Аталған олимпиададан кейін бірнеше жас Санкт-Петербург халықаралық жасөспірімдер мектебіне оқуға іріктеліп алынды. Осы мүмкіндіктің арқасында мен Ресейдің жоғары оқу орындарында байқаушыларды студенттер арасынан таңдап, оларды оқытатынын, одан кейін сайлауға қатыстыратынын білдім. Егер біздің елімізде де осындай бастама жүзеге асырылса, жастардың сайлауға деген қызығушылығы артар еді. Сол үшін алдағы уақытта сайлауға білімді, белсенді жастарды тарту қажет деп ойлаймын.
Ал университеттің 3-курс студенті Қуаныш Мұратовтың айтуынша, бүгінгідей жаңа технологиялар дамыған заманда сайлауды электронды форматта өткізудің тиімділігі зор. Бұл — жастар үшін де, сондай-ақ сайлау учаскесіне баруға мүмкіндігі жоқ тұрғындар үшін де ең тиімді әдіс.
Студенттің бұл пікіріне қатысты өз ойын білдірген ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісов сайлауды электронды форматта өткізу кезінде қауіпсіздік мәселесі туындайтынын алға тартты.
Оның айтуынша, қазіргідей цифрландыру саласы дамыған тұста үміткерлер хакерлер жалдап, жалған дауыс жинауы немесе сайлаушылар туралы деректерді кеңістікке шығарып жіберуі мүмкін.
— Менің ойымша, бюллетеньнен гөрі электронды дауыс беру неғұрлым тиімді. Әсіресе, бұл формат жастарды сайлауға тартуда керек. Ал қауіпсіздікке келсек, қазір елімізде кәсіби IT-мамандар аз емес, болмаса өзге елдерден де шақыртуға болады, — деді Қуаныш Мұратов.
Екі сағатқа созылған кездесу барысында ауыл, аудан әкімдерін сайлауға қатысты да сөз қозғалды. Комиссия төрағасы «Ауыл әкімі болу үшін үміткердің жоғары білімі болуы керек пе?», сондай-ақ «Аудан әкімі болғысы келетін азаматтардың мемлекеттік қызметте еңбек өтілі болуы шарт па?» деген сауалдарға қатысты жастардың жан-жақты пікірлерін тыңдады. Жастар бірауыздан ауыл, аудан әкімдері етіп жоғары білімі және мемлекеттік қызметте тәжірибесі бар азаматтардың сайлануы керектігін жеткізді.
Кездесу соңында Нұрлан Әбдіров жастарға өз ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта елімізде өтетін сайлауларда дұрыс таңдау жасап, белсенділік танытуға шақырды.

Данагүл ҚАЗИХАН

/aqtobegazeti.kz/