Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > Еліміздің ұстаз аналары мен аруларын мерекемен құттықтады

Еліміздің ұстаз аналары мен аруларын мерекемен құттықтады

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстан әйелдерін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. 
Қымбатты ханымдар!
Сіздерді 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Сіздер көктемнің бейнесі мен гүлдер сияқты біздің өмірімізді күн сайын сұлулыққа толтырып, айналаңыздағы барлық адамға жылулық пен қамқорлық сыйлайсыздар.
Сырт көзге нәзік көрінгендеріңізбен, сіздердің бойларыңызда кез келген қиындық пен сынақты жеңе алатын күш бар. Жылдан жылға жаңа белестерді бағындырып, алға ұмтыласыздар.
Нәзік, батыл, ақылды, аяулы әйелдердің есімдері ел тарихының беттеріне жазылған. Зере мен Ұлжан сияқты аналарымыз халқымыздың ұлы Абайдай лайықты ұлдарын тәрбиелеп өсірсе, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова сынды батыр аруларымыз Отанын қорғады, ал Қыз-Жібек, Баян-Сұлу аңыздарға айналды.
Бүгінде елімізде мақтанышпен айта алатын, ардақты аруларымыз жетерлік.
Сіздер отбасының ұйытқысы, аяулы жар, ана мен қыз ғана емес, сонымен бірге өз саласының кәсіби маманы, дәрігер, мұғалім, инженер, ғалым ретінде елімізді дамытуға үлес қосып жатырсыздар. Елімізде жыл сайын ғылымды таңдайтын әйелдердің көбейіп келе жатқаны қуантады. Бүгінгі күні елімізде ғалымдардың 54%-ын әйелдер қауымы құрайды. Мұғалімдердің де басым көпшілігі, атап айтқанда, 80%-ға жуығы — әйелдер. Сіздердің мүмкіндіктеріңіз бен күш-жігерлеріңізде шек жоқ.
Ардақты аналар, аяулы арулар!
Сіздерге зор денсаулық, бақыт, ашық аспан және амандық тілеймін!
Мерекелеріңіз құтты болсын!