Суббота, Апрель 27, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Депутаттар еңбек адамдарына дастарқан жайды

Депутаттар еңбек адамдарына дастарқан жайды

«Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беруорталығында қалалық мәслихаттың депутат қыз-келіншектері Көрісу күніне арналған мерекелік кездесу ұйымдастырды.

Мерекелік дастарқан басына әр салада жүрген еңбек адамдары жайғасты.Олардың арасында көпбалалы аналар да бар. Сондай-ақ шараға

қалалық зағиптар қоғамының, «Растемка» аутист балалар аналарының ассоциациясы өкілдері де шақырылды.

Әуелі шараны ұйымдастыруға ұсыныс білдірген қалалық мәслихаттың депутаты —

«Анаға тағзым» орталығының меңгерушісі Алтынай Мұханова, оны қолдаған әріптестері Мира Балтымова, Райса Байлиева және тағы басқа депутаттар жиналғандарды Көрісу күнімен құттықтап, игі тілектерін арнады.

— Соңғы жылдары елімізде Наурыз тойы Көрісу күнінен бастап он күн бойы тойланып келеді. Биыл да солай, әр күн «Бата», «Салт-дәстүр» секілді тақырыптармен өрілген. Наурыз айының ескіше атауы — Хамал. Сондықтан  Көрісу күні батыс аймақта Амал мерекесі деп те аталады. Неліктен бұл күнді 14 наурызда атап өтеміз? Әдетте біздің батыс өңірінде қыс ұзақ. Сол ұзақ қыстан аман-есен шыққан халық көктемнің алғашқы күнінде, яғни хамал айының бірінші күнінде бірін-бірі іздеп, көрісіп, жаңа жылды қарсы алып, жақсы тілек тілейтін болған. Осындай үлкен мағынасы бар Көрісу күнінде еңбек адамдары мен көпбалалы аналарға құрмет көрсеткіміз келді. Жыл құтты болсын! Отбасымыз аман, еліміз тыныш болсын! — дейді Мира Балтымова.

Қонақтар бауырсақтан ауыз тиіп, наурыз көжеден дәм татты. Шара барысында аналарға орамал мен сәнді түйреуіш, ер азаматтарға тақия таратылды.

Мерекелік кешке шақырылған қонақтардың бірі — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде еден жуушы болып жұмыс істейтін Жанымгүл Қалдыбаева. Алты баласын еңбексүйгіштікке тәрбиелеп отырған Жанымгүл еңбегінің еленгеніне ризашылығын білдіріп, ұйымдастырушыларға алғыс айтты.

Көрісу күніне арналған шарада аталған орталықтың кішкентай өнерпаздары ән айтып, би билеп, көрініс қойды. Қалалық қазақ зағиптар қоғамы Мәдениет үйінің жанынан құрылған әжелер ансамблінің әншісі ГүлайымЖалқаубаева халық әні «Маусымжанды» шырқап, өзінің тілегін білдірді.

Айтпақшы, 16 наурызда қалалық мәслихат депутаттары Есет батыр тұрғын үй алабындағы «Дина» супермаркеті алдына киіз үй тігіп, мерекелік шара ұйымдастырады. Түстен кейін басталатын бұл шарада қала тұрғындары наурыз көже мен бауырсақтан дәм татып, кешке дейін осы жердегі мерекелік концертті тамашалай алады.

 

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

/aqtobegazeti.kz/