Среда, Май 1, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жаңа кабинет ашылды

Жаңа кабинет ашылды

Жұбанов университетінде еліміздің әлеуметтік-экономика дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғылым, ҚР-ның білім беру ісінің құрметті қызметкері Мамбетов Убайдулла Есенұлы атындағы оқу-әдістемелік кабинет ашылды.

Шарада философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов пен ғалымның зайыбы Күләш Аглекина Убайдулла Мамбетовке арнап ашылған оқу кабинетінің лентасын қиып, ақжарма тілектерін жеткізді. Өз кезегінде Күләш Жұмағұлқызы ұстаздың есімін ұлықтап жатқан азаматтар мен университет басшылығына ризашылығын білдірді.

Кабинеттің ашылуына еліміздің белгілі ғалымдары, сонымен бірге университет басшылығы, зиялы қауым өкілдері, профессор-оқытушылар, әріптестері мен шәкірттері қатысты.

Убайдулла Мамбетов ғұмырының соңына дейін еліміздегі экономикалық мәселелерге белсене араласқан беделді тұлғалардың бірі болды. Білім-ғылым қуған жастарға үйретуден шаршамайтын, ол үшін алтын уақытын аямайтын. Шәкірттерінің әрбір жетістігіне марқайып отыратын. Ғылыммен айналысу – оның өмірлік ұстанымы болды. Еңбексіз бір күн де отыра алмаған. Ғылым саласында өзі талмай еңбек етті, шәкірттерінен де соны талап етті. Егде жасқа келсе де, жастарға өзінің бай білімі мен тәжірибесін үйретуден жалықпады. Өмірі мен қызметі, адамгершілік қасиеті жастарға үлгі боларлық ғылым қайраткерінің атына оқу-әдістемелік кабинет ашылғандығына қуаныштымын. Оның ғалымдық, ұстаздық өнегесі ешқашан ұмытылмайды, – дейді әріптестері.

Жаңадан ашылған кабинетте ұстаздың өмір жолы мен естеліктері көрініс тапқан.

Айта кетейік, Мамбетов Убайдулла Есенұлы 1947 жылы 5 тамызда Ақтөбе облысының Шалқар ауданында дүниеге келген. 1965 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін механизатор болып жұмыс жасап, 1966-1969 жылдар аралығында Совет Одағы қарулы күштері қатарында әскери борышын өтеді. 1969-1974 жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика факультетінде оқып, «Саяси экономика» мамандығы бойынша бітірді, кейін аспирантурасын тәмәмдады. 1974 жылдан бері жоғары оқу орындарында ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысты. Алғашқы еңбек жолын Гурьев педагогикалық институтында оқытушылық қызметтен бастаған. 1991 жылдан бастап Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде кафедра меңгерушісі, экономика факультетінің деканы қызметтерін атқарды. 2004 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының «Құқық және экономика негіздері» кафедрасында меңгерушілік қызмет атқарды.

Саналы ғұмырының жарты ғасырлық уақытын Республикамыздың жоғары оқу орындарында ғылыми–педагогикалық қызметке арнады. Тәжірибелі ұстаз-ғалым, білікті маман ретінде әлеуметтік-экономикалық пәндерді жоғары теориялық деңгейде және практикалық тұрғыдан шеберлікпен өткізе білді, сан мыңдаған шәкірт тәрбиелеп шығарды. Ұстаздың кәсіби дағдысын меңгерген, тәлім-тәрбиесін бойына сіңірген көптеген шәкірттері оның игілікті ісін абыроймен жалғастырып келеді, бүгінде еліміздің ЖОО-ның профессорлық-оқытушылар құрамын толықтыруда.

Теоретик-ғалым, облысқа танымал философ-экономист ретінде өзінің ой пікірлерін бұқара халықпен үнемі бөлісіп отырды. Облыс, қала әкімшілігінің экономикалық саясатына белсенді араласа отырып, ғылыми Кеңесші міндетін қоса атқарды. Ол еліміздің стратегиялық даму бағыттары, Қазақстан экономикасын мемлекеттік реттеу, микро-макроэкономикалық даму, кәсіпкерлікті дамыту және тағы да басқа әлеуметтік-экономикалық мәселелеріге қатысты сұрақтардың білгір насихатшысы да бола білді.

Мамбетов Убайдулла Есенұлы «Өтпелі экономика жағдайында Қазақстанда коммуналдық меншікті қалыптастыру және дамыту мәселелері» тақырыбында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысты, жалпы 70-ке жуық ғылыми еңбектері, оқулықтар мен оқу құралдары жарыққа шығарылды. 1994 жылы авторлық бірлестікте, Қазақстанда алғашқы болып «Нарықтық экономика негіздері» атты оқу құралын жарыққа шығарды. Алғашқылардың бірі болып Ақтөбе облысының экономика саласының қарқынды дамуын білікті мамандармен қамтамасыз ету мақсатында экономика факультетін ашуға зор үлесін қосты.

Ғалымның табанды еңбегінің нәтижесінде экономика ғылымында тың тақырыптар ашылып, зерттеулер жасалды.  Саналы ғұмырын ұлттың қамы мен болашағына арнаған ғалымның артында бірнеше сүбелі еңбек қалды. Бүгінде жеке ғылыми мектебі қалыптасқан ғалымның елімізбен қатар шет мемлекеттерде шәкірттері жемісті еңбек етіп жүр.

Мамбетов Убайдулла Есенұлы атындағы оқу-әдістемелік кабинетте білім алатын жас экономистер мен болашақ ғалымдар үшін оның өмір жолы үлгі.

Убайдулла Есенұлы ұстаздық жолындағы көпжылдық еңбектері үшін 2000 жылы «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» белгісімен және 2005 жылы «Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасымен», 2007 жылы «ҚР-ның білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен, «А.Байтұрсынов», Ақтөбе өңірлік университетінің мерекелік медалімен, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының «Үздік оқытушы», «Еңбектегі ерлігі үшін» белгілерімен марапатталған.