Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Алауыздық — елдікке зор қауіп

Алауыздық — елдікке зор қауіп

Айнагүл ЕСПЕНБЕТОВА,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауы, менің пікірімше, ең алдымен халықтың көкейіндегі көп мәселеге дер кезінде жауап берілуімен, жұрт күткен сөздің уақытылы айтылуымен құнды.

Жұртты алаңдатып отырған мәселенің бірі — кешегі қаңтардағы қасіретті оқиғалар, оған қатысты түрлі әңгіменің анық-қанығына көз жеткізу. Халықтың елге деген жанашырлығынан, жақсы ниетінен басталған бейбіт митингілерге ойламаған жерден бүлікшілер мен қарақшылар килігіп, соңын үлкен дүрбелеңге айналдырды. Бұл күндері алауыздықтың елдікке, біздің ең қымбат, қасиетті құндылығымыз — тәуелсіздігімізге қаншалықты зор қауіп екенін нақты сезіндік.

Президент өзінің Жолдауында қаңтар оқиғасына қатысты қылмыстардың ақ-қарасы ашылып, теріс пиғылды арандатушылардың тиісті жазасын алатынын айтты. Тергеу кезінде қамауға алынғандардың арасында жазықсыз жандардың кетіп қалмауына да көңіл бөлінді. Алда да көп сараптама, мәліметтерді зерделеу  жұмыстары жүргізілетінін айтып, халықты сабырға шақырды. Енді осы қатерлі оқиғадан сабақ алып, бірлігімізді одан әрі нығайтып, іргемізді бекемдей түсуге тиіспіз.

Қазір әлемдегі жағдай да ушығып тұр. Кешегі ХХ ғасырдың соңына дейін өзімізбен бір мемлекеттің құрамында, бір тудың астында болған екі ел — Ресей мен Украинаның арасы ушықты. Ал әлемдік нарықта белгісіздік пен тұрақсыздық өршіп отыр. Өзара ымыраласа кетуге даяр ішкі және сыртқы жауларымыздың барына да, өкінішке қарай, қаңтардағы оқиғалар кезінде көз жеткіздік. Мұндай күрделі уақытта Отанға дейін сүйіспеншілік пен алауыздықты болдырмау мәселесі бірінші орынға шығады. Бізге, ең алдымен, ауызбіршілік пен ұстамдылық керектігін Мемлекет басшысы да атап өтті.

Осы ынтымақ-бірліктің басты кепілі— бір-бірімізге деген сыйластығымыз және еліміздің заңдарын сыйлау, бұлжытпай орындау. Биліктегі лауазым иелері де, қарапайым азаматтар да, қоғам белсенділері де осыны нық есте ұстаса дейміз.

 

/aqtobegazeti.kz/