Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Кәсіби бағдар жұмыстары барысында меморандумға қол қойылды

Кәсіби бағдар жұмыстары барысында меморандумға қол қойылды

Университеттің  кезекті кәсіби бағдар жұмыстары облыс орталығынан алыс Ырғыз, Әйтеке би аудандарында өтті. «Кәсіби бағдар беру және дайындық курсын жүргізу» бөлімі  ұйымдастырған бұл сапар екі күнге созылды. Болашақ мектеп бітірушілермен кездесу Ырғыз ауданынан басталып, Әйтеке би ауданының орталығы мен осы ауданға қарасты Қарабұтақ селосында қорытындыланды. 

Кәсіби бағдар алуға екі ауданнан барлығы 500 болашақ мектеп бітірушілер қатысты. Шараға оқушылардың ата-аналары да келді.

Кәсіби бағдар беруші топты бастап барған университеттің Ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров жиналғандарды университеттің материалдық-техникалық базасы, академиялық ұтқырлық бағдарламасы, арнайы гранттар, студенттерге берілетін жеңілдіктер, студенттердің әлеуметтік-тәрбиелік жұмыстары жайындағы мәліметтермен таныстырды. Сондай-ақ топ құрамында барған қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Нұржан Мақсатбайұлы  университеттегі мамандықтарға жеке тоқталып, көпшілікті мазалайтын сұрақтарға жауап берді.

Кездесу барысында университет және қос ауданның білім бөлімдері арасында кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстарын жүргізу, аудандық мектептермен байланыс орнатып, олардың базасында университет кафедраларының филиалдарын ашу жұмыстары бойынша екі жақты Меморандумға қол қойылды.

Сапар барысында проректор Рахым Ағыбайұлы аудандық білім бөлімінің басшылары мен мектеп директорларына университет ректоры Б.А.Ердембековтің атынан жоғары оқу орны мен аудан мектептері арасындағы байланысты нығайтуға қосқан үлестері үшін Алғыс хат табыстады. Сонымен бірге ректор тарапынан осындай ілтипат сол аудандардан келіп оқып жатқан, озат студенттеріміздің ата-аналарына да жасалды.

Аталмыш шараға қолдау көрсетіп жүрген Ырғыз аудандық білім бөлімінің басшысы Қасымхан Әбенов Жұбанов  университетінің түлегі екен, филология факультетінде оқыпты. Еңбек жолын Ырғыз ауданының Қызылжар ауылдық округіндегі  интернат үйінің тәрбиешісінен бастаған ол кейін бастауыш сынып мұғалімі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, мектеп директоры, Құмтоғай ауылдық округінің әкімі қызметтерін атқарған.

Ырғыз аудандық білім бөлімінің басшысы Қасымхан Әбенов

«Тер төгіп жұмыс жасаған адамның еңбегі қашан да бағаланады. Жұмысқа қабілетті болсаңыз, мансаптық өсу бар. Қазір мұғалімдерге қойылатын талап өте жоғары. Олар ылғи өздерінің білімдерін жетілдіріп отырмаса болмайды. Аудан бойынша 784 мұғалім бар, солардың көбі арнайы жетілдіру курстарынан өтті. Саналы ұрпақ тәрибелеу үшін мұғалім жан-жақты білімді  болуы  керек.  Өтіп жатқан шараға ата-аналар белсенді қатысып жатыр ғой. Бұл заңдылыққа айналды. Бір жағынан дұрыс. Себебі, мамандық таңдауда ата-анасы дұрыс бағдар бере алуы құптарлық. Баласының шамасын ата-анасы жақсы біледі емес пе?»,- деді.  

Әйтеке би аудандық білім бөлімінің әдіскері Самал Бекембаева мен Ырғыз гимназиясының директоры Қуанышбек Маханбетов ауданда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес кәсіби бағдар беру жұмыстарының бейімделгені туралы да айтты. Осыған орай 10-11 сыныпта жаратылыстану-математикалық бағытында, оның ішінде бейіндік пәндерге ыңғайлау мақсатында  жұмыстар атқарылып жатыр екен. Оқушыларды жоғары оқу орындарымен таныстыру, білікті кәсіп иелерімен кездесулер өткізу де жолға қойылыпты.

Әйтеке би аудандық білім бөлімінің әдіскері Самал Бекембаева

«Біз шалғайдағы ауданбыз. Жоғары оқу орындарымен, зауыттармен, өндіріс орындарымен арнайы меморандумға қол қойылып, екіжақты келісімдер болса, біздерге тиімді болар еді. Сондай келісімдерді бүгін Жұбанов университеті бастады. Жыл сайын біз мамандыққа байланысты писхологиялық сауалнамалар аламыз. Сауалнама негізінде мектеп бітірушілердің өз қызығушылықтары мен талғамдары бар екенін байқаймыз. Бір жылдары мамандықты ата-ана таңдаушы еді, олардың ықпалы зор еді. Көбі материалдық жағдайына қарай баланы оқуға жіберетін. Ал, қазір мемлекеттен бөлінетін гранттар көп, оларды ұтып алуға мүмкіншілік мол. Қалаған мамандығына бара алады және бірнеше оқу орнын таңдай алады», — деді Қуанышбек Ертарғынұлы.

Ырғыз гимназиясының директоры Қуанышбек Маханбетов

Бүгінгі таңда Ырғыз және Әйтеке би аудандары техникалық мамандықтарға, математика, физика, химия, ағылшын тілі пәнінің мұғалімдеріне зәру екен. Кәсіби бағдар беру барысында осы мәселелер де әңгіме болды. Осы олқылықтардың бірін Т.Шонанов орта мектебінің 11 сынып оқушысы Айгүл  Көлбайқызы толықтырғысы келеді. Ол болашақ мамандығына физика-математика бағытын таңдап отыр.  Арманы — мұғалім болу. «Мамандық таңдау деген өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау», — дейді, ол.

Т.Шонанов орта мектебінің 11 сынып оқушысы Айгүл  Көлбайқызы

Сөз арасында көптілділікке де қызығып жүргенін де жасырмады. Жұбанов университетінде үш тілде білім беріп жатқанынан да хабардар екенін, сондықтан жоғары білімді Батыс Қазақстан өңіріндегі ең ірі осы оқу орнында алуға ниетті екенін білдірді.

Екі күндік кәсіби бағдар сапары нәтижесінде университетке жалпы  саны 100-ге жуық болашақ мектеп түлегі оқуға түсуге тілек білдірді, олардың ішінде техникалық, физика-математикалық мамандықтарға деген қызығушылық басым.