Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ғалымның хаты өлмейді…

Ғалымның хаты өлмейді…

Зиялы қауымның жарқын өкілдерінің бірі, көрнекті қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Ақтөбе педагогикалық институтының (2004-2012 ж.ж.) бұрынғы ректоры Ғалымжан Жұмабайұлының өмірден озғанына биыл тура он жыл болды.

Асқар тау алыстаған сайын әсем көрінеді деген бар. Күндер өткен сайын адам жадына көп нәрсе қайта орала береді екен.  Өміріңе мән беріп, өзіңе де, өзгеге де, халқына қалтқысыз қызмет ететін адал жандар жаныңда жүрсе бойыңа қуат бітеді. Сондай адамның бұл фәниде енді «жоқ» екенін сезінсең көңіліңнің терезесін көлеңке басады. Болмысы биік тұлға дүниеден озғанда жаны таза, ниеті түзу адамдарды өлді деуге қимайтыны содан болар. Ғалымжан Жұмабайұлы Нұрышев дүниеден озғанда ұлтжан­ды, зиялы қауым өкілдерінің қабыр­ғасы қайыспағаны кемде кем болар…

Көңілі таза, ізгілікті ойлайтын, кеуілі кәусар таза адамдардың жөні бір бөлек. Сондай болмысымен үлкен-кішіні тәнті еткен тұлға Ғалымжан Жұмабайұлы туралы ой қозғамақпын. Ағамыз туралы естелік жазамын деп тіпті де ойламаған екенмін.

Ғалымжан Жұмабайұлы кәсіби біліктілігінен бөлек, өмірде қарапайым, ақкөңіл, адал жан еді. Сондықтан да оның өмір жолы, адам­дық болмысы, қоғамдық-педаго­ги­калық қызметі, азаматтық тұлғасы, адамгершілік қасиеті кейінгі толқынға, білігімен ғылым жолында да көпке үлгі болды. Қиындығы мен қызығы мол ұстаздықты таңдаған Ғалымжан ағай әрбір шәкіртінің жүрегінде ғылымның зердесін оятқан ұлағатты тұлға болды. Сондай-ақ, ол жамандықтан ада, жақ­сы­лыққа жаны құмар, парасат биігі­нен көріне білген нар тұлға болатын. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген ұлы сөз осы кісіге арналғандай. Артынан ұстаз есімін болашаққа сам­ғататын құнды мұралары мен игі істері қалды.

Ұстаз-аға әлемнің озық ойлы ғалымдарының санатында болып, ел ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Мұны шетелдік ғалымдардың өзі мойындады. Ол ұлт руханияты мен елінің кемелді келешегі үшін еңбек етті. Мемлекеттік тілдің жанашыры бола жүріп, аймақтағы жас талант иелерін қолдап, қамқорлығын аяған жоқ. Кең ойлап, терең толғанатын басшы екенін ғалым-ұстаз өмірінің соңғы 8 жылында қапысыз дәлелдеді. Институттың материалдық базасы, интеллектуалды әлеуеті, жасампаздық беделі тез көтерілді. Ол Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры болған жылдары да қарымды қызмет етіп, ел ықыласына бөленді. Осы жылдар ішінде аталған білім ордасында да нәтижелі жұмыс қолға алынды. Санаулы жылдардың ішінде педагогикалық институт еліміздің батыс өңіріндегі іргелі оқу орнына айналып, білікті ұстаздар қауымын даярлауға өлшеусіз үлес қосты. Өзі басқаратын үлкен ұжымда ұйымшылдық, іскерлік, ауызбіршілік орнатты. Алдына келген адамның сөзін мұқият тыңдап, жөнімен шешуге тырысатын. Ұжым мүшелері арасында ынтымақтастықтың, бірауыз­дылықтың, жанашырлықтың жаршысы, қолдаушысы бола білді. Ресми ғана емес, шын мәніндегі ұжым көшбасшысы биігіне көтеріле алды.

Ол – біреуге әке, біреуге ұлағатты ұстаз, біреуге үлгілі аға, біреуге сыпайы іні бола білді. Өзіне қандай талап қойса, өзгелерден де соны сұрайтын. Ақтөбе облысы мәслихаты­ның депутаты ретінде, қоғам өміріне де белсене араласып, халықтың мұң-мұқтажын дер кезінде шешіп, үлкен жұмыстар тындырғанын білеміз. Осы жолда ешкімге ұқсамас өзінің дара қолтаңбасын қалдыра білді. Ғылым мен білімнің, қоғам мен әлеуметтің сырына шынайы үңілген гуманист тұлға болды.

Ол өмірден жас кетті. Ғалымның Отанымызға, халыққа бергенінен берерлері көп еді. Ғалымжан Жұмабайұлы де көпке үлгі боларлық, ғибратты ғұмыр кешті. Адал еңбегі, төккен тері, жиған білімі мен тағылымды танымы босқа кетпеді. Ғылым докторы, профессор дәрежесіне жетті. Адамгершілігі мол, үлкен демей, кіші демей жұртты өзіне тартып тұратын Ғалымжан аға өзінен кейінгі жастарға қамқор болып жөн сілтеп, қысылтаяң шақтарда қол ұшын беріп, демеу болатын.

Ғалымжан Жұмабайұлы Ақ­төбе мемлекеттік педагогика­лық институына ректор болып келгенде мен филология факультетінің 3-курс студенті болдым. Оқу бітірісімен мені оқу орнына жұмысқа қабылдап, «Жұбановтану» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері болдым. Кейінірек

«Этномәдени дәстүрлер және білім беру процесі» ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Сонда кіші ғылыми қызметкер болып жүріп ағайдың жолдасы, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Гүлімхан Бәйкенқызымен бірге қызмет атқардым. Гүлімхан апайдың зерделі ойы, өзіне тән биік адамгершілігі мен инабаттылығы, парасаты, көркем мінез-құлқы соның шын айғағы болатын. Сол уақытта сырлас, ақылшы апамызға айналды.

Қазақта «Жақсыдан шапағат» деген сөз бар ғой, марқұм ағай-апаймен қызметтес бола жүріп, олардың шапағатын көрдім, адамгершілігі биік тұлғасынан өнеге-үлгі алдым. Жанашыр тұлғалардың жастарды білімге, ілімге тәрбиелеуінен өнеге, әдеп мен жауапкершілікті үйрендім. Жаратылысынан жақсылық пен жаңалыққа жаны құмар ағаның әр сөзi, әр қимылы, ұрпақ, ұлт рухы хақындағы толғанысқа толы пайым-тұжырымдары бүгінге дейін жадымызда жаңғырып тұр.

Ғалымжан Жұмабайұлының есімі, атқарған игі істері ұмытылмасы хақ. Ең бастысы, оның өнегесі мен жолын жалғастырар шәкірттері, әріптестері, есімін мәңгі ардақтар жанашыр дос-жолдастары бар.

Туған халқы үшін маңдай терін төккен, сөзіне ісі сай, ел құрметіне бөленген Ғалымжан Жұмабайұлының өнегелі ғұмыры кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала береді. Ол мәңгі ұмытылмайды…

 

Сандуғаш БАЙҒҰЛҚЫЗЫ,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Маркетинг және коммуникациялар департаментінің жетекші маманы

 

/bilimdinews.kz/