Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университетте мамандандырылған аккредиттеу рәсімі өтті

Университетте мамандандырылған аккредиттеу рәсімі өтті

2017 жылдың 28-30 қараша аралығында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 10 білім беру бағдарламасына Қазақстан Республикасы Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі (АРТА) тарапынан мамандандырылған аккредиттеу рәсімі жүргізілді.

Аккредиттеу рәсімінің мақсаты – білім бағдарламаларының халықаралық стандарттарға сәйкестігін тану үшін аккредиттеу органы тарапынан жүргізілетін бағалау процесі. Дәлірек айтсақ, мамандандырылған аккредиттеу барысында университеттегі білім беруді ұйымдастыру мен жүзеге асыру, білім бағдарламаларының сапасы мен жалпы білім беру қызметінің мемлекеттік стандарттарға және нормативтерге сәйкестігі бағаланады.

Аккредиттеу жүргізілген мамандықтар:

  • 5В060200-Информатика
  • 5В060600-Химия
  • 6М060200-Информатика
  • 5В030100-Құқықтану
  • 5В050700-Менеджмент
  • 5В051100-Маркетинг
  • 6М051100-Маркетинг
  • 5В010600-Музыкалық білім
  • 5В020700-Аударма ісі
  • 5В040900-Хореография

Аталған рәсімді АРТА тарапынан отандық және шетелдік сарапшылар тартылған сыртқы сараптау комиссиясы жүзеге асырды. Комиссия төрағасы – т.ғ.д., Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің профессоры Пак Юрий Николаевич (Қарағанды қ.). Шетелдік сарапшылар: Тайиров Миталип Муратович, ф.-м.ғ.д., Баткен мемлекеттік университетінің профессоры (Қызыл-Қыя қ., Қырғызстан Республикасы); Вязьмин Юрий Николаевич, п.ғ.к., профессор, Л. және М. Ростроповичтер атындағы Орынбор мемлекеттік өнер институты, Қосымша кәсіби білім беру мен инновациялық технология орталығының директоры, Ұлттық аккредитациялық орталығының кәсіби білім саласындағы эксперттер Гильдиясының эксперті (Орынбор қ., РФ). Сарапшылар: Аубакирова Жанара Яхияевна, э.ғ.д., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Жоғары мектеп экономикасы кафедрасының профессоры (Алматы қ.); Кулахметова Мергуль Сабитовна, филол.ғ.к., С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің доценті. (Павлодар қ.); Татаринова Лола Фуркатовна, қ.ғ.к., «Тұран» университетінің доценті (Алматы қ.); Дуйсембиев Марат Жолдасбекович, х.ғ.к., Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті (Астана қ.); Кокшинова Светлана Юрьевна, Қазақстан еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық хореография академиясы педагогика факультетінің деканы. (Астана қ.). Агенттік бақылаушылары: Ниязова Гулияш Балкеновна – АРТА институционалдық және мамандандырылған аккредиттеу жобасының жетекшісі (Астана қ.);  Жұмыс беруші: Кунанова Дамиля Бахиткерейқызы – «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы адами капитал дамыту бөлімінің жетекшісі (Ақтөбе қ.). Студенттер: Башимова Мөлдір Асқарқызы, Қазақ-Орыс халықаралық университетінің 3-курс студенті (Ақтөбе қ.); Баймагамбетова Айдана Саматқызы – Қазақ-орыс халықаралық университеті 3-курс студенті (Ақтөбе қ.); Тыныштық Ақдана Бөлтекқызы – С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің 4-курс студенті (Ақтөбе қ.).

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Б.А.Ердембековтың қабылдауынан басталған аккредиттеу рәсімі сыртқы сарапшылардың университет проректорларымен және құрылымдық бөлімдер басшыларымен, факультет декандарымен және бітіртуші кафедралар меңгерушілерімен сұхбаттасу жүргізуіне, аккредиттелетін білім бағдарламаларының оқу ғимараттары мен кафедраларына сырттай шолу жасауына жалғасты. Сонымен қатар, аккредиттелетін білім бағдарламалары бойынша кафедра құжаттарының стандарттарға сәйкестілігін тексеріп, сабақтарға таңдап қатысты, студенттермен, магистранттармен, ПО құрамымен, түлектермен, жұмыс берушілермен кездесу өткізіп, олармен еркін тақырыпта сұхбаттасты. Аталған кездесулерге ПО құрамынан 90 адам, 195 студент пен магистрант, облыстың түрлі саласынан  жұмыс 52 беруші мен аккредиттелетін мамандықтардың 80 түлегі қатысты. Сұхбат барысында жұмыс тобы тарапынан берілген сұрақтарға барлық қатысушылар қанағаттанарлық деңгейде жауап берді. Сарапшылар сұхбаттасу нәтижесінде қатысушылардың бұл үдеріске үлкен жауапкершілікпен қарағандарына ризашылығын білдіріп, университет пен түлектер, жұмыс берушілер арасындағы кері байланыс тиісті деңгейде екендігін атап көрсетті.

Мамандандырылған аккредиттеу рәсімі аясында сыртқы сарапшылар аккредиттелетін білім бағдарламаларының практика базалары мен кафедралардың өндірістегі филиалдарына да барды. Мысалы, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Ақпараттық есептеу орталығы РМК, «ГидроЭкоРесурс» ЖШС орналасқан Химия және химиялық технология мен Информатика және ақпараттық технологиялар кафедралары филиалының, «Ақтөбе облысының Әділет департаменті» ММ, Ақтөбе облысы бойынша  «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту фонды» АҚ және «Hotel Dastan»  ЖШС орналасқан  Құқықтану, Экономика және менеджмент, Мемлекеттік басқару және маркетинг кафедралары филиалының жұмысымен танысты. Сонымен қатар, сыртқы сарапшылар №23 орта мектеп лицейінде, «Intense Pro» аудармалар бюросы мен «Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы Орталығы» МКҚК болып, ондағы қызметкерлердің, ғалымдардың жұмысына, университеттің қуатты материалдық-техникалық базасына, ғимараттарының ауқымына қызығушылық танытты.

Бағалау нәтижесінде сарапшылар тобы университет басшысы мен құрылымдық бөлім басшыларымен кездесіп, аккредиттеу рәсімі аясында өткен шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғандығын атап өтіп, алғыстарын білдірді. Мамандықтардың аккредиттелу мерзімі 10 желтоқсанда өтетін Аккредиттеу кеңесінде анықталады.