Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Елу жылдан кейінгі жүздесу

Елу жылдан кейінгі жүздесу

Бүгін Жұбанов университетінде осыдан елу жыл бұрын оқу бітірген түлектер бас қосты.

Олар білім нәрін берген қара шаңыраққа жиналып, қызықты естеліктерімен бөлісті. Оқу орнын аралап, бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты.

Әріптестерінің жиналуына мұрындық болып, кездесуді ұйымдастырудың басы-қасында жүрген Мұхамбетқали Ешмұқан университеттің заманауи бағытта өзгергенін атап өтті.

«Біз Ақтөбе педагогикалық институтының үшінші түлегіміз. Біздің кезімізде екі ғана факультет болды: физика-математика және филология. Ал қазіргі таңда біздің факультеттің өзінде бірнеше мамандық бар. Біз оқу ордамыздың әрбір жетістігіне қуанамыз. Осы қарашаңырақ берген білімнің арқасында 48 жыл абыроймен ұстаздық етіп, бар білген білімімді жастарға бердім»,- дейді ардагер-ұстаз.

1972 жылы Ақтөбе педагогикалық институтын Математика мамандығы бойынша 42 түлек бітіріп шығыпты. Кездесуге 24 түлек жиналды. Олар – бүкіл ғұмырын білім саласына арнаған ардагер-ұстаздар. Басқосу кезінде түлектер сонау 1968-1972 жылдары өздеріне сабақ берген физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Жайшылық Сартабанов, физика-математика ғылымдарының кандидаты Болат Избасаров ағайларымен қауышып, естеліктерімен бөлісті. Жиында ақ тілектер ақтарылып, түлектерге құрмет көрсетілді.