Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Әріптестер арасындағы дәстүрлі спартакиада аяқталды

Әріптестер арасындағы дәстүрлі спартакиада аяқталды

Жұбанов университетінің профессор-оқытушылары мен қызметкерлері арасында өткен спартакиада өз мәресіне жетті. Жарысқа 8 факультет, Жоғары колледж және қызметкерлерден барлығы 10 команда қатысты. Бір айға созылған спартакиадада 300-ге жуық қызметкер мен оқытушылар 9 спорт түрінен додаға түсті.

Дене шынықтыру және бұқаралық спортты дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған додада ұстаздар мен қызметкерлер ату, шахмат, тоғызқұмалақ, дартс, үстел теннисі, стритбол, шағын футбол, волейбол сияқты спорт түрлерінен сынға түсті.

Айтулы додада топ жарғандарды ректор Лаура Қарабасова марапаттап, алғыс хаттар табыс етті. Тұрақты ұйымдастырылатын дәстүрлі доданың қорытындысы бойынша жүлделі үшінші орынды университет әкімшілігі ұжымы, екінші орынды техникалық факультет иеленді. Ал бірінші орынды кәсіби-шығармашылық факультет жеңіп алды. Қатысушылар мен командаларға алғыс хат, кубокпен бірге ақшалай сыйлық та берілді.

Салтанатты шара соңында Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, университет спорт клубының төрағасы Әбілғазиз Құлмағамбетов жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтап, әріптестеріне табыс тіледі.

Айта кететіні, спартакиада университетімізде дәстүрге айналып үлгерді. Университет әкімшілігі мен бастауыш кәсіподақ ұйымы әріптестер арасындағы спорт жарысты бірнеше жыл қатарынан өткізіп келеді.