Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінің чемпион-жастары студенттермен кездесті

Жұбанов университетінің чемпион-жастары студенттермен кездесті

Университеттің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаменті ұйымдастырған шара баспасөз конференциясы формасында өтті. Студенттермен кездесуге келген жас чемпиондардың ең жасы – жастар арасындағы турнирдің 3-ші орын иегері, 17 жастағы боксшы Қуаныш Кеулімжаев.  Ең ересегі 27 жастағы Азиза Уббиниязова. Бір қызықтысы ол да боксшы. Университетте «Дене шынықтыру» пәнінен сабақ беретін Азиза жуықта кезекті жүлде алып, қазақтың  көк байрағын  ақ лалагүл елі — Финляндияда желбіретіп келді, онда боксшы қыз халықаралық турнирдің қола медалін кеудесіне тақты. «Бокс менің өмірім, болашағым, — дейді Азиза үлкен сеніммен. Оны боксқа қызықтырған үлкен бауыры екен. Қазір бапкері. Қатігез әрі қауіпті спорт түрі әйел адамның денсаулығына кері әсерін тигізбейді ме деген сауалға  Азиза мүдірместен, бокстың оның жеке өмірі мен денсаулығына ешқандай зиянын тигізбегенін, тұрмыста екенін, кішкене сәбиі бар екені жайында әңгімеледі. Студенттердің денелерін шынықтырып, спортқа құмартуға шақырды.

Кездесуге қатысқан егіз жүзгіштер Айбек пен Әлібек Қамзеновтерге  назар басым болды. Кенжелеп қалған бұл спорт түрінде олар үлкен көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр. Айбек халықаралық дәрежедегі спорт шебері, рекордшы, Қазақстанның және Азия ойындарының бірнеше дүркін жүлдегері. Жас чемпион замандастарына «Жас кезде мінез құбылмалы. Түрлі жағдайларға түсіп қалу ықтималы басым. Сондықтан орта таңдаудың маңызы зор. Алға ұмтылуға ынталандыратын мақсатшыл орта таңдау керек»,-деп салмақты ойлар айтты. Айбектің сыңары Әлібек те спорт шебері, еліміздің 3 дүркін чемпионы. Егіздер 6 жастан бастап жүзу спортымен шұғылданып келеді екен.

Кездесуге қатысқан басқа да спортшылар: ҚР 7 мәрте чемпионы, спорт шебері, тоғызқұмалақшы Азамат Қайдаров, ҚР чемпионы, жекпе жектен Ашық Азия чемпионатының күміс жүлдегері Ринат Абылқайыров, ҚР және РФ чемпионы, спорт шебері, таэквандошы Илья Топол, Президенттік көп сайыс жүлдегері Дәулет Еркіновтер де өздерінің спорттағы табыстарының сырларымен бөлісті. Шарада модератор болған «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Төлеген Ботағариев те спортшы. Ол баскетбол спортының шебері. Шара соңында спортжұлдыздары студенттермен ескерткішке суретке түсті.