Четверг, Май 9, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Орынгүл «Ақтөбе аруы» атанды

Орынгүл «Ақтөбе аруы» атанды

Байқау

Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университетінің 2-курс студенті Орынгүл Едіге «Ақтөбе аруы» атанды. Биыл 24-ші рет өткізіліп отырған сән байқауына өңірдегі бірқатар оқу орны студенттері қатысты.

— Биылғы сән байқауы бұрынғылардан ерекше өтті. Танымал әншілер ән шырқады. Байқаудың хэдлайнері белгілі әнші Нұрболат Қанай болды. Қоюшы режиссер, хореограф Алекс Грэй Ташкенттен арнайы шақыртылды. Мамыр айынан бастап қатысушылардан 700-ден астам өтінім келіп түсті. Соның ішінен 120 қызды іріктеп, бірінші кастингке шақырдық. Екінші кастингтен 32 қыз таңдалып, финалға жолдама алды, — деді «Ақтөбе аруы» ұлттық сән байқауының директоры Нұржамал Мамутова.

Байқауда қатысушылар таныстыру, дефиле, өз өнерін көрсету, сән көрсетілімі сияқты 4 кезең бойынша сайысты. Нәтижесінде, «Ақтөбе аруы-2022» байқауының бас жүлдесін Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университетінің 2-курс студенті Орынгүл Едіге иеленді.

Бойжеткен басқа қатысушылардан сұлулығымен ғана емес, өнерімен, ақыл-парасатымен ерекшеленді. Кәсіби-шығармашылық факультетінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бибігүл Ақжігітова студентінің байқауға барынша дайындалғанын айтады.

— Мен Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік университетінің Кәсіби — шығармашылық факультетінің Дизайн мамандығында оқимын. Болашақ дизайнер болғандықтан әдемі сән үлгісін жасау маған қиын болған жоқ, — дейді Орынгүл.

Орынгүл Едіге 19 қарашада өтетін «Қазақстан аруы-2022» байқауында Ақтөбенің атынан қатысатын болады.

 

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

/aqtobegazeti.kz/