Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ұстаз есімі ұлықталды

Ұстаз есімі ұлықталды

Алға ауданы Қараағаш ауылдық округінің Самбай ауылындағы Мәдениет үйінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектебі және облыстық тарихи-өлкетану музейінің бірлесе ұйымдастыруымен ұлт ұстазының 150 жылдығына арналған «Даланың дара ұлы— Ахмет» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Шараға Алға аудандық білім бөлімінің басшысы Жанар Өтепбергенова, Қараағаш ауылдық округінің әкімі Абылай Жұбаев, ардагер ұстаздар мен мектеп оқушылары қатысты.

Сөз бастаған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Анайы Құрманова шараның маңыздылығына тоқталды. Қазақстанның құрметті журналисі Идош Асқар «Ахмет Байтұрсынов — ұлт ұстазы», Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің оқытушысы Нұрдәулет Алдашев «Ахмет Байтұрсынұлы және ұлттық жазу», философия ғылымдарының кандидаты Үмбетқан Сәрсембин «Ұлттық мүдде жолындағы тұлғалар тағылымы» тақырыптарында мазмұнды баяндамалар жасады. Олар ұлағатты ұстаз есімі ұмытылмайтынын айтып, көрермендер тарапынан жолданған сауалдарға жауап берді.

Жиналған қауым А.Байтұрсынұлы туралы түсірілген шағын бейнефильмді, облыстық тарихи-өлкетану музейі ғылыми кітапханасы қорынан ұйымдастырылған кітап көрмесін тамашалады.

Конференциядан соң облыс орталығынан келген қонақтар Ахметкерей Қосуақовтың бейітіне барып, баба рухына Құран бағыштады.

Айта кету керек, Орынбор мұғалімдер семинариясын бітірген Ахмет Байтұрсынұлы ұстаздық жолын Ақтөбе өлкесінен бастаған. Ол Ақтөбе уезінде болыс болған Ахметкерей Қосуақовтың шақыртуымен Самбай ауылына келіп, жаңадан ашылған мектепте сабақ берген. 1895-1909 жылдары Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уезіндегі мектептер мен орыс-қазақ училищелерінде мұғалімдік қызмет атқарған.

 

Насиба ЗАРЛЫҚОВА.

 

/aqtobegazeti.kz/