Вторник, Март 19, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > Докторантураға түсу үшін құжаттарды қабылдау басталды

Докторантураға түсу үшін құжаттарды қабылдау басталды

1 қарашадан бастап докторантураға түсу үшін емтиханға құжаттарды қабылдау басталды. Ол 2022 жылдың 18 қарашасына дейін жалғасады. Түсу емтиханы ағымдағы жылдың 5 — 11 желтоқсан аралығында өтеді.

Түсу емтиханына қатысуға тіркелу ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz (http://app.testcenter.kz/) сайтында өтеді. Докторантураға түсу үшін тек бір жоғары оқу орны мен білім беру бағдарламаларының бір тобын ғана таңдауға болатындығын ескертеміз.

Егер түсушіге берілген өтінішке (тестілеуді тапсыру қаласы, білім беру бағдарламаларының тобы, тестілеуді тапсыру тілі) өзгерістер енгізу қажет болған жағдайда, оған өтініштерді қабылдау жүйесі жабылғанға дейін (18 қарашаға дейін) өтінішті өңдеу немесе жою мүмкіндігі беріледі. Тестілеуді өткізу орны мен уақыты туралы ақпарат түсушінің жеке кабинетінде 29 қарашада қолжетімді болады.

💬«Түсу емтиханына эссе жазу, докторантураға дайындық тесті және білім беру бағдарламасы тобының бейіні бойынша емтихан кіреді. Жалпы, түсу емтиханының ең жоғары көрсеткіші 100 балл, оның ішінде әңгімелесу – 20 балл, эссе – 10 балл, докторантурада оқуға дайындығын анықтауға арналған тест – 30 балл, бейіні бойынша емтихан сұрақтары – 40 балды құрайды. Ал мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша конкурсқа қатысу үшін және ақылы негізде докторантураға түсу үшін шекті балл 75 балды құрайды», – деп атап өтті ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Сондай-ақ биыл алғаш рет докторантураға түсу үшін шет тілін білу сертификатынан басқа, ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша мемлекеттік тілді меңгергенін растайтын сертификат ұсыну қажет.

Ережені бұзғаны үшін тестілеуге жіберілмеген, сондай-ақ ағымдағы жылы нәтижелері жойылған тұлғалар докторантураға түсу емтиханына қайта қатысуға жіберілмейтінін атап өткен жөн.