Вторник, Апрель 30, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінде Біріккен Ұлттар Ұйымы моделі конференциясы өтті

Жұбанов университетінде Біріккен Ұлттар Ұйымы моделі конференциясы өтті

Дипломатиялық ойын форматында өткен конференцияны Zhubanov University және Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі ұйымдастырды. Аталмыш конференция университет базасында төртінші рет өткізіліп отыр.

Дипломатиялық конференцияға 80-нен астам білім алушылар қатысты. Олардың қатарында Ақтөбе, Орал қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, Ақтөбе Білім-инновация лицейі, Ақбөбек халықаралық мектебі, мектеп-гимназиялар және жалпы білім беретін мектеп оқушылары және Жұбанов университетінің студенттері бар.

БҰҰ моделі конференциясына қатысушылар гендерлік зорлық-зомбылықпен күресу және әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, таза су дағдарысын шешу үшін су ресурстарын басқарудың тұрақты және инклюзивті стратегияларын әзірлеу, балалар кедейлігінің білім мен денсаулық сақтауға қол жетімділікке әсерін жою мәселелерін талқылады. Олар Түркия, АҚШ, Қытай, Франция, Италия, Германия секілді елдердің делегаттары ретінде жаһандық тақырыптарға талқылау жасап, резолюция түрінде ресми құжат жасады.

Ғылыми конференция мен рөлдік ойынның синтезі болып табылатын БҰҰ моделінің көмегімен студенттер мен оқушылар аталмыш ұйымның комитеттерінің жұмысын жаңғыртып, дипломатиялық, көшбасшылық, тілдік қабілеттер мен ымыраға келу дағдыларын дамытты.