Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Көңіл айтамыз!

Көңіл айтамыз!

Бүгін Жұбанов университеті ұжымының қабырғасын қайыстырған қайғылы хабар таңмен жетті. Білікті басшы, ортаға сыйлы, беделді әріптес, Академиялық сапаны арттыру департаментінің директоры Ерболат Дүзмағамбетов елу бес жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Дүзмағамбетов Ерболат Аблазиұлы 14 сәуірде 1968 жылы Мұғалжар ауданында дүниеге келген.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін «Филология» мамандығы бойынша тәмамдаған.

1995 жылы еңбек жолын Мұғалжар ауданының мектебінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің  мұғалімі болып бастап, еңбек жолын университетте «Қазақ тілі теориясы» кафедрасында оқытушы қызметімен жалғастырды.

2008-2012 жылдар аралығында Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты Қазақ тілін оқыту орталығының директоры, 2012 жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты Ақпараттық қамтамасыз ету және тілдерді дамыту орталығының әдіскері, 2014 жылдан бастап Аккредиттеу және рейтинг бөлімінің бастығы болды. 2020 жылдан бері Академиялық сапаны арттыру департаментінің директоры қызметін атқарып келді.

Ерболат Аблазиұлы қоғамдық жұмыстарға да белсенді қатысты. 2010-2015 жылдар аралығында «Нұр-Отан» партиясының Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті Бастауыш тобының төрағасы болды. «Тіл – ұлттық қазына» қоғамдық қорының құрылтайшысы.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ұжымы  Ерболат Дүзмағамбетовтің орны толмас қазасына байланысты марқұмның отбасына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады. Алды пейіш, арты кеніш болсын. Артында қалған ұрпағына амандық тілейміз!

Бақұл болыңыз, әріптес!