Вторник, Март 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Сарапшылар сайлау қорытындысын талқылады

Сарапшылар сайлау қорытындысын талқылады

Сайлау-2022

Ақтөбе қаласында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырған «Sarap» эксперттік клубының өңірлік отырысы өтті.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Proaktive academy» залында өткен жиынға жоғары оқу орнының оқытушылары мен студенттері қатысты.

Эксперттік клубтың отырысы Президенттік сайлаудың қорытындысы тақырыбы бойынша өрбіді. Жиынға қатысқан саясаттанушылар, қоғам белсенділері, жастар ұйымдарының өкілдері және Қазақстан қоғамдық даму институтының  сарапшылары Қазақстандағы саяси процестерді одан әрі дамыту жолдарын талқылады.

—  Жыл басынан бері еліміздің барлық өңірін аралап келе жатырмыз. Басты мақсатымыз — саяси қоғамдық мәселелерді талқылап, эксперттік ойымызды айту. Кезектен тыс өткен жетінші Президенттік сайлау процесі халықаралық стандарттарға сай өтті деп баға берілді. Өйткені шетелдік дамыған елдермен салыстырғанда халықтың 69,44 пайызы сайлауға қатысуы — жақсы көрсеткіш. Оның 81,31 пайызы қазіргі Президентті қолдады.  Осыған қарап, саяси жүйені өзгертуге деген көзқарас пен алдағы реформаларға деген үмітті, Үкімет тарапынан нақты шешімдерді күтуге болады.

Халықаралық ұйымдардың ескертпелерін де алдағы Парламент және мәслихат сайлауларында ескеру керек деп есептеймін. Сайлау бюллетендеріндегі «барлығына қарсымын» деген көрсеткіші 5,8 пайызды құрады. Бұл — назар аударатын нәрсе. Президент те, алдағы Парламент сайлауына баратын кандидаттар да осы аудиториямен жұмыс істей алуы керек. Келесі жылдан бастап аудан, ауылдарға баруды жоспарлап отырмыз, — дейді Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Олжас Бейсенбаев.

Облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Нұрғиса Көшеров облыс бойынша сайлау науқанының қалай өткені туралы баяндады.

Сайлау нәтижесі бойынша  515 сайлау учаскелері жұмыс істеп, 560 мың сайлаушының 72,81 пайызы дауыс берді. Облыстық телеарналарда 1236 бейнебаян, газеттерде 373 ақпарат, радиоларда 672 және әлеуметтік желілерде 9870-тен астам материал жарияланды. Қазан айынан бастап қала және аудан көшелерінде 25 лэд-экран жұмыс істеп тұрды. Сайлауға қатысты бейнебаяндар сауда орындарында, әуежайда, теміржол вокзалында және халыққа қызмет көрсету орындарында, мекемелерде көрсетілген. Осындай жұмыстардың нәтижесінде облыс тұрғындары сайлауда белсенділік танытып, өздерінің саяси сауаттылықтарын көрсете білді.

— Қарашада өткен Президенттік сайлау — елдің саяси жаңғыруына жасалған алғашқы қадам. Ең маңызды өзгеріс — бір мерзімді Президенттік мандат. Бұл ретте Президенттің мандаты 2022 жылы қабылданған Конституцияға енгізілген түзетулермен айтарлықтай шектелгенін түсіну қажет. 7 жылға бір мерзімге шектеу мемлекеттік саясаттың «фиксациялық» бағытын айқындайды деуге негіз бар. Біріншіден, елімізде саяси жалпы тәртіп қалыптасады, — деді сарапшы Жақсыбек Жиеналиев.

Жалпы сарапшылардың айтуынша, өткен Президенттік сайлаудың басты қорытындыларының бірі — Қазақстан азаматтарының саяси мәдениетінің жоғары болуы. Қазақстан халқы шет мемлекеттердің деңгейімен салыстырып қарағанда жоғары белсенділік көрсетті. Бұл да азаматтардың сайлауға немқұрайды қарамай, болашаққа зор сенім артып отырғанының бір дәлелі.

Самат ЕСЕНҚҰЛ.

https://aqtobegazeti.kz/?p=122345