Суббота, Апрель 27, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Бірлік пен ынтымақ

Бірлік пен ынтымақ

Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалының ғимаратында өңіріміздегі этносаралық келісімді қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Сондай-ақ бірқатар этномәдени бірлестік өкіліне құрмет көрсетілді.

Ассамблеяның облыстық кеңесінің кеңейтілген отырысында әуелі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХXІ сессиясында жүктеген тапсырмаларының орындалу жайы қорытындыланып, қазақстандық патриотизм және елдегі барлық ұлттың өзара бірлігін одан әрі нығайту жолдары сөз етілді.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов жылма-жыл Қазақстанға сырттан келіп жатқан инвестициялардың артып отырғанын, бұл алдымен біздегі геосаяси жағдайдың тұрақты болуынан һәм мемлекеттік саясаттың дұрыс жолға қойылуынан екенін атап өтті. Артынша осындағы кез келген ұлт өкілдері мемлекеттік тіл — қазақ тілін білуі керектігін, бұл тіптен талқылауды қажет етпейтінін қосты. Және жақында ғана шетелден келген елшінің өзімен қазақ тілінде сөйлескенін мысалға келтіріп, осы жерді бұрыннан мекен еткен өзге ұлттардың мемлекеттік тілді еркін меңгеруіне кедергі жоқтығын тілге тиек етті.

— Этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, біздің қоғамдық институттар —қоғамдық келісім кеңесі, аналар кеңесі, жастар бірлестіктері — халық пен мемлекеттік органдар арасында «алтын көпірге» айналуы керек. Біздің міндетіміз — «Еститін Үкімет» саясатын насихаттау, қоғамдық бақылауды күшейту. Бәріміз бірлесе отырып еліміздің азаматтық бірегейлігін нығайтуға, жас ұрпақты нағыз патриот етіп тәрбиелеуге, адамдардың барлығын теңдей көріп, сөйте тұра өзінің ұлттық болмысын ұмытпауға шақыруға тиіспіз.

Биылғы 29 сәуірде өткен «Ел бірлігі — жаңарған Қазақстанның тірегі» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХXІ cессиясында да ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ассамблея азаматтық бірлікті нығайтуға ықпал етті. Жаңа жағдайда Ассамблея әлі де бейбітшілік пен келісімнің берік институционалдық саясатына қызмет ететініне сенімдімін», — деп үлкен сенім артты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ассамблеяның саяси реформадағы орны мен рөлін айқындау және оны одан әрі дамыту векторын белгілеу қажеттігін айта келе, саяси жаңғыртудың іргелі құрамдас бөлігі «Біз әртүрліміз, бірақ біргеміз» қағидаты болып табылатындығын негізге алатынын атап өтті, — деген Ералы Тоғжановбірқатар азаматқа мемлекеттік марапаттар тапсырды. Этномәдени бірлестіктер өкілдері, атап айтсақ, қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен Даази Омаров, «Жомарт жан» төсбелгісімен Рахиб Азизов, Құрмет грамотасымен Анастасия Подольянова, Алғыс хатпен Шалқар аудандық аналар кеңесінің төрайымы Маржанкүл Бекетова марапатталды. Сондай-ақ облыс әкімінің Алғыс хаты мен ақшалай сыйлығына 16 этномәдени бірлестіктің өкілі ие болды.

Басқосу барысында ҚХА облыстық филиалы жанындағы ғылыми-сараптамалық топ жетекшісінің орынбасары, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің  кафедра меңгерушісі Үмбетқан Сәрсембин этносаралық қатынастардың мәдени және саяси ерекшеліктері, ҚХА облыстық филиалы жанындағы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Сергей Вишняк Ассамблеяның қоғамдағы орны, «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі облыстағы өкілдігінің жетекшісі Зүлфия Набиулина өздерінің атқарған қызметі, ал облыстағы кәрістер қауымдастығының төрағасы Юрий Шек этномәдени бірлестіктердің өңірдің  дамуына қосып жатқан үлесі туралы баяндама жасады.

Соңында Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы хатшылығының меңгерушісі Маржан Қорғанбаева сөз сөйлеп,облыс әкімінің Ассамблеядағы қоғамдық орынбасарлары ретінде Юрий Шек пен СергейВишнякты тағайындауды ұсынды. Бұл ұсыныс бірауыздан қолдау тапты.

Жиынға басқарма басшылары, жергілікті мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, белсенділер қатысты.

 

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

/aqtobegazeti.kz/