Понедельник, Апрель 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Өрелі жастар жарысы

Өрелі жастар жарысы

Ақтөбе қалалық дін мәселелері және қоғаммен байланыс орталығының ұйымдастыруымен жастар арасында шығармашылық байқау өтті.  

Тәуелсіздік күні мерекесіне орай ұйымдастырылған байқауда 15 қатысушы бақ сынады.

Қатысушылар жеке шығармашылық сайыс, сөзжұмбақ, ребус шешу арқылы өз өнері мен шапшаңдығын көрсетті.

— Өскелең ұрпақтың отаншылдық сезімін, өзін жан-жақты дамытуға деген құштарлығын арттыру мақсатында ұйымдастырып отырмыз. Мақсатымыз —  жастар арасында Желтоқсан оқиғасын насихаттап, тәуелсіздіктің қадірін ұғындыру. Іс-шараға атсалысқан оқушылар мен студенттерге алғысымды білдіремін, — дейді орталық басшысы Сансызбай Жәдігерұлы.

Патриоттық тәрбиеге баулитын байқауда әсем ән мен тәтті күй орындалып, жастарға мерекелік көңіл күй сыйлады.

Үш тур бойынша сайысқа түскен қатысушылардың шығармашылығын, өнерін, дарынын қазылар алқасы бағалап, үздіктерді анықтады.

Жүлделі I орынды «Құнан» мектеп-лицейі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Әлия Жалмамбетова, II орынды Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің 3-курс студенті Индира Байрамбайқызы алды, ал III орынды «Құнан» мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Айжан Байтүлік иеленді.

Байқау ұйымдастырушылары жеңімпаздар мен қатысушыларды марапаттап, бағалы сыйлықтар ұсынды.

 

Насиба ЗАРЛЫҚОВА.

/aqtobegazeti.kz/