Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > «Елім!» деген ер еді

«Елім!» деген ер еді

Қырық жыл сыйласып «ағалаған», қара тұтып артынан ерген Әбекеңдей ақылман азаматтан айырылу қандай ауыр!?. «Елім» деп емініп, табысына қуанып, кемісіне налып өткен ер еді. Күңкілдеп күңіренбей, ащы шындықты бетке айтар екінің бірі болса – өзі еді. Әр сөзін, тамшы ойын саралап, оңы мен солын тұтастырып, әділінен жол тауып, тереңінен толғаушы еді. Өйткені ол – елім деп еңіреген Асан қайғы, Мөңке билердің асыл тұяғы, ғылымда да, тірлікте де философ-тұғын.

Амангелді ағамызды қалың жұрт­шы­лық Мәжілістің депутаты ретінде жақсы танитын. Жүздің атын білсе де, бірді, бірегейді бірден танитын халық көптің жанашыры Әбекеңнің қазаққа деген жүрегінің ақтығына, шыншылдығы­на, турашылдығына сенетін. Кей-кейде көпшіліктен «жоғары жақта, депутат­тық корпуста кімді білесіз?» деп сұрап қал­саңыз, елдің аузына ең алдымен А.Айталының аты-жөні түсетініне талай куәміз. Шынайы халық сенімі деген, шынында да, осы шығар.

Профессор А.Айталының ұлағатты ұстаз­дығы туралы алдын көрген шәкірт­тері талай-талай сыр да, шер де шертеріне күмән жоқ. Марқұм Мұхтар Арын мен Әбе­кең екеуі кезек-кезек Ақтөбе универ­ситетінің мінберіне көтерілгенде, мұндай бақытты сәттерді бірнеше рет бастан кешіп едік. Өзіміз де облыс орталығында емес, айға азуын білеген атақты әлемдік оқу ордаларының бірінде дәріс тыңдағандай болатынбыз. Ұрпақ қамы десе ұйқысы қашатын Әбекең соңғы кезде студенттерге ілім-білімді жаңаша жеткізудің тың формаларын іздеп, ұлттың интеллектуалдық әлеуетін көтерудің жолдарын ойласты­рып, тың тұжырымдарын айтып тауыса алмау­шы еді. Осы жолдағы ерен жоспары да ерекше көп-тін. Соның бастамасы ретінде шәкірттер өмірінен алып, «Дін туралы 50 сұрақ-жауабын» бізге жазып беріп еді. Бір кем дүние ғой, өкініш­ке қарай, жоба-жос­парлары кемел зиялымен бірге кетіп барады…

Сеңгірге шыққан мерейтойында сегіз томыңызды шығарайық деген іні-досына: «Жазған-сызғаным, айтқан-қайтқаным үш кітапқа жетсе, онан асқан абырой бар ма?» деп шын көңілімен, жымиып қойып, пәтуаласқан-ды. Осылайша, қазаққа керек, жаңа Қазақстанға керек «Ұлттану» мен «Дінтану» һәм «Ділтану» жасақта­лып еді. Бір шүкірлігі – «Ұлттануының» сүйінші данасын көзбен көріп, көңілі тоғайып еді.

Бақұл бол, қайран Әбеке! Ұлт руха­ния­тының үш ұстынын көтеріп тұрған еңбек­теріңізбен ауызданған ұрпағыңыз рухыңызды налытпай, шырағыңызды жағатынына сеніңіз.

 

Ғарифолла ӘНЕС

 

/egemen.kz/