Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жастар саясаты > Есеп шығаруды жақсы көремін

Есеп шығаруды жақсы көремін

Рамазан Жанұзақов Қызылорда облысы, Арал ауданы, Шижаға ауылында 2003 жылы 4- қарашада дүниеге келген. Е.Көшербаев атындағы номері 57 мектепті үздік «Алтын белгі» белгісімен бітірген.
Zhubanov University​ «Ғылыми математика» ББ 2- курс студенті. Физика-математика факультетінің сенаторы. Университетішілік конкурсының «Үздік сенатор-2022″​ номинациясының жеңімпазы. Есеп шығаруды жақсы көретін жас көшбасшымен әңгімелескен Гүлнара Қараша.

Математика саласын таңдауыңызға не себеп?

-Математикаға бала кезімнен икемім болды. Есеп шығаруды жақсы көрдім. Көптеген сайыстарға және олимпиадаларға қатыстым, жүлделі орындар иелендім. Математика пәнін үздік бағаға оқыдым. Бұл мамандықты таңдауға осы себептер әсер етті. Математика ерекше сала, оны «ғылымның атасы» деп бекер айтпайды.​ Маған математикадағы бір құбылыстың түбірін анығына жетпейінше қазбалап, зерттеу ұнайды.

Ғылыми математика бағытында білім алып жатырмын дедіңіз. Математика дара ғылым ретінде Ежелгі Грецияда біздің эрамызға дейінгі VI ғасырда басталыпты. Содан бері зерттелмеген жағы қалмаған болар деп ойлап отырғаным ғой.

-Жоқ, әлі күнге дейін, шешілмеген, анықталмаған есептер мен сұрақтар жетерлік. Мысалға:4D , мыңжылдық есептер​ және т.б. қарастыруға болады. Математиктер арасында көптеген даулы-дамайлар мен келіспеушілік болып жатады. Алайда негізгі мақсаты– сұрақтардың шешімін зерттеп, ақиқатты табу. Бұл саланың осындай қырлары мені тәнті етеді.

Әйгілі математик ғалымдардың қайсысына еліктейсіз немесе тұлғасына қызығасыз?

-Әлемге аты танылған математиктер көп. Әрқайсысы​ өз алдына дара тұлға. Маған ұнайтындары –Асқар Жұмаділдаев, Жеткербай​ Қайдасов, Үзілхан Кемаладинова, Хасен Отаров. Олар еліміздің танымал математик-ғалымдары. Даңқтары бірдей,​ кәсіби тарихы, тәжірибесі, оқыту әдістері және адами құндылықтары бірдей. Жаныма жақын тұтамын. Осы тұста айта кетейін, біздің​ факультет Қазақстан бойынша алдыңғы қатарда аталады. Оның себебі​ атап өткен математиктердің еңбегінде деп ойлаймын.

-Қызылорда өңірінен келіп оқып жатыр екенсіз. Алыста жүру қиын емес пе?

-Жалпы мен үшін ауылдан алыс жүру қиын емес. Осында оқығасын, оның үстіне факультет сенаторы болғасын ылғи іс басында жүремін, бос болмағасын ауылды сағынуға уақыт қалмайды. Факультет белсенділері​ екінші отбасым сияқты. Барлығымен​ жақсы араласамын. Барлығы жақын туысымдай болып кетті.

-Туып-өскен Шижаға ауылы жайлы да айта отырсаңыз. Осы университетте білім алып жатқан ауылдастарыңыз бар ма?

-Менің ауылым Арал қаласынан 15 шақырым жерде орналасқан, 2000-нан астам халқы бар шағын ауыл.​ Шижаға деп атының​ қойылу себебі, ауылды жағалай ши өседі.​ Ауылымнан көптеген белгілі тұлғалар шыққан. Мысалы: Бекұзақ, Сұраған жыраулар. Ауылымды мақтан етемін. Онда менің құрметті ұстаздарым, сүйікті ата-анам тұрады. Менің білімім мен тәрбиеме сіңірген еңбектері зор.​ Ауылым жайлы әңгіме қозғағанда Дубай сабаналарынан кем емес алтын құмын айтпай кету мүмкін емес.
Ауылымнан осы университетте оқитын жастар көп. Бір кластан​ 10 адам оқимыз. Түсерде университеттің ЖОО арасындағы беделіне назар аудардық.

Тағы болашақ кәсібіңізге оралсақ. Математика ғылым патшайымы, ғылымның ғылымы деп жатады. Математиканы жақсы білетін, жақсы көретін адамға табысқа жету оңай дейді. Оған дәлелді сіздің мысалыңыздан да көріп отырған тәріздімін. Әлде олай емес пе? Бүгінгі жетістігіңізге математиканың қатысы бар ма?

-Менің ойымша, математика саласында жүрген адам барлық қырынан жетіледі. Өнерлі, рухы бай, шешен, идеясы креативті, тағы да басқа сан түрлі қабілетке ие. Математикаға жетіктігімнің сенаторлық міндетімде көп жәрдемі бар. Логикалық, дедукциялық сынды математикаға қатысты қасиеттер сайыстарда жеңуге көмегін тигізеді. Тоғызқұмалақ, шахмат секілді интелектуалды спорттарда жеңіске​ септігін тигізеді. Өзімнің бірнеше қадам алға ойлауымда, қаржылық қиындықтарды шешуде, контр-аргументтер мен дәлелдемелерді жеткізуде, анализ жасауда және проект құруда​ математикалық қабілетімнің пайдасы үлкен деп білемін.

Көшбасшы ретінде факультет жастары жайлы да әңгімелей кетсеңіз.

-Алдымен көшбасшы туралы ойымды айтып кетейін. Көшбасшы болу​ бұйрық беріп, барлығын жұмсап отыру емес. Көшбасшы деген — басқа адамдарды бір ортаға біріктіріп, бір мақсатқа жетелей алушы, яғни көшті бастай білуші тұлға. Осының арқасында жақында өткен «Stud live» жобасында үздік факультет атағын иеленген болатынбыз. Факультет белсенділері болмаса мұндай жетістікке жете алмас едік.
Біздің факультеттің белсенділері барлығынан мықты десем де болады. Оған дәлел қандай сайыс болмасын ылғи топ бастаймыз. Күш бірлікте, бізді ортақ жеңістерге бастайтын күш — ауызбіршілігімізде деп білемін!
Сенатор болудағы басты мақсатым университетіміздің, соның ішінде өз факультетімнің абыройын көтеруде аянбай жұмыс жасау. Студенттің міндеті мен құқығының бұзылмауын қадағалау, студенттік өмірдің​ қызықты өтуіне мотивациялық шаралар ұйымдастыру. Білетінімді үйрету, бағдар беру. Қазақстандағы басқа​ университеттерден​ өзіндік​ ерекшелігімізді, бәсекеге қабілеттілігімізді көрсетуге үлес қосу.

Zhubanov University облыстық газеті, №1(481), 2023 ж.