Среда, Май 8, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университетте жас ғалымдардың конференциясы өтті

Университетте жас ғалымдардың конференциясы өтті

Бүгін Жұбанов университетінде жас ғалымдар, PhD докторанттар, магистранттар мен студенттерге арналған «Жастар, ғылым және инновация» тақырыбында XIX халықаралық ғылыми конференциясы өтті. Жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі жиында биыл Башқұрстан, Ресей және еліміздің жоғары оқу орындарының жас ізденушілері бас қосты.

Университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров ғылыммен айналысу үшін жастарға үлкен мүмкіндіктерге жол ашылғанын, ғылымның өзіндік қызықты жолдарын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Конференцияның пленарлық мәжілісінде Ұлыбританиялық ғалым Виталий Хуторянский, Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі Үмбетқан Сәрсембин, профессор Рахым Бекназаров мазмұнды баяндамалар жасады.

Шетелдік және отандық жас ғалымдардың басын қосқан конференция жұмысы секцияларда жалғасты.

Тіл және әдебиет әлемі, техникалық және IТ-саласындағы инновациялар, қазіргі заманғы зерттеулер аясындағы физика-математика ғылымдарының мәселелері, қоғамдық сананы жаңғыртудың өзекті теориялық және практикалық мәселелері, заманауи білім беруді дамытудың негізгі тенденциялары, Қазақстанның жоғары оқу орындарында ғылыми-жаратылыстану бағытындағы болашақ мамандардың кәсіби дайындығын жетілдіру, экономика, бизнес, басқару және құқық дамуының теориялық және практикалық аспектілері бағыттарында бірнеше топтарға бөлінген жас ғалымдар өздерінің ғылыми зерттеулерін ортаға салып, өзара тәжірибе алмасты.