Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ғылымды дамыту — басты бағдар

Ғылымды дамыту — басты бағдар

Жақында 2023-2029 жылдарға арналған Жоғары білім мен ғылымды дамытудың тұжырымдамасы бекітілді. Ғылым саласын дамытудағы маңызды құжатта стратегиялық мақсат-міндеттер қамтылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен былтырдан бері «Жас ғалым» жобасы бойынша жыл сайын 1000 грант бөлініп жатыр. Сонымен қатар жыл сайын 500 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтеді. 

Бөлінетін гранттар есебінен ғылыми қызметкерлер еңбекақысы екі есеге өсті. Сондай-ақ алдағы 3 жылда ғылымды қаржыландыру көлемі 3,5 есеге артпақ.

Мамандардың айтуынша, 1991-2000 жылдары еліміздегі ғылыми қызметкерлердің саны екі есеге жуық қысқарған.Соңғы жылдары мемлекет тарапынан ғылымға үлкен қолдау көрсетілудің арқасында ғалымдар саны арта түскен.

Қазір елімізде ғылым саласын басқару, ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыру, технологияларды дамыту және инновациялық қызметті қолдау мақсатында «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң жобасы әзірленіп жатыр.

Біз өңірдегі іргелі оқу орны Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіндегі ғалымдардың ғылымға қосып жатқан үлесі туралы білмек ниетпен аталған білім ордасы ғылым және инновациялар департаментінің директоры Нұргүл Жантөринамен сөйлескен едік. Сонымен…

Ғылымды қаржыландыру көлемі артты

— Соңғы екі-үш жылда мемлекет тарапынан ғылым саласын дамытуға бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетіліп жатыр. Мысалы, былтыр ғылым саласын жалпы қаржыландыру үшін 278 миллионтеңге бөлінді. Ал биылғы бөлінген қаражат — 373 миллион теңге. Оның ішінде «Жас ғалым» гранты аясында 9 жобақаржыландырылды. Қаржыландырудың жалпы көлемі — 144 078 283,4 теңге.

Айта кету керек, мемлекет тарапынан жас ғалымдар үшін айрықша көмек көрсетіліп жатыр. Жалақылары жоғары. Бұл 9 ғалым университеттің ішкі жұмыстарына араласпайды. Олардың ғылыммен алаңсыз айналысуы үшін бар жағдай жасалып отыр.

Биыл алғаш рет бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы мақұлданды. Бұл ауқымдыжобаның республика көлемінде де маңызы зор. Тақырыбы — «Жақсартылған қасиеттері бар эпоксидті нанокомпозиттерді құрудың ғылыми-технологиялық негіздерін әзірлеу». Жобаның арқасында құрылыс, металлургия, өңдеу, медицина секілді өндірістің түрлі саласына арналған сапасы жоғары жаңа полимерлі композициялық материалдар өндіріледі. Физика-математика ғылымдарының кандидаты, қауымдастық профессоры Әмірбек Бекешев жетекшілік ететін бұл жоба 3 жылға қаржыландырылып отыр. Қаржыландыру көлемі — 299 554 мың теңге, — дейді Нұргүл Жантөрина.

Оның айтуынша, университет ректоры Лаура Чапайқызының бастамасымен былтыр оқытушы-зерттеуші квалификациясын алушыларға ереже бойынша арнайы талаптар қойылып, конкурс ұйымдастырылды.Бұл квалификацияға ие оқытушыларға ғылыммен айналысуға толық мүмкіндік берілген. Оның ішінде жүктемесін азайтып, жалақысына үстемеақы қосып берілуде. Нәтижесінде олар ғылыми мақала жариялайды, семинарлар өткізеді, гранттық қаржыландыру конкурстарына өтінім береді, сонымен қатар университеттегі ғылыми өмірге араласып, ғылыми бастамаларды қолдап, дамуына үлес қосады. Былтыр тамыз айында ұйымдастырылған конкурс қорытындысында 21 оқытушы іріктеуден өткен.

Лаура Чапайқызы басшылық қызметке келгелі университетке 30-ға жуық «Болашақ» түлегі жұмысқа қабылданған. Олардың арасында экологтер, педагогтер, филологтер да бар. Қазір мемлекет қолдауының арқасында әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында білім алып келген 30 жасғылымды дамытуға өз үлестерін қосып отыр.

Ғылым мен өндірісті ұштастыру — заман талабы 

— Ғылым мен өндірісті интеграциялау мақсатында жұмыс жасап жатырмыз. Өңірдегі бірнеше ірі кәсіпорынмен байланыс орнатылды. Департаменттің жанында коммерцияландыру офисі бар. Оның негізгі мақсаты — өндіріс орындарының қажеттіліктерін зерттеу. Мысалы, зауытта металл қалдықтары көп. Оны жою — үлкен мәселе. Біздің ғалымдар металл қалдықтарын утилизациялаумен айналысып жатыр. Университет ғалымдары Ақтөбе металл конструкциялар зауытының мамандарымен бірлесіп, Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыру конкурсына қатысуға ниет білдіріп отыр. Олар «Ақсу ЖЭС N1-8 энергия блоктарындағы ластаушы заттардың шығарындыларын Экологиялық кодексінің нормаларына сәйкес келтіру» жобасына қатысуға өтінім берді. Бұл жоба мақұлданса, ғалымдарымыз экологиялық мәселелерді зерттеп, оларды шешу мақсатында үлкен жұмыс атқаратынына сенеміз.

Сондай-ақ «Ақтөберентген» зауытымен де тығыз байланыста жұмыс жасап жатырмыз. Информатика және ақпараттық технологиялар кафедрасының оқытушылары «Ақтөберентген» зауытының тапсырысына сәйкес рентген аппаратын басқару бағдарламасын жасады. Айта кету керек, университет пен «Ақтөберентген» зауытының арасында ынтымақтастық жөніндегі жол картасы жобасы бар. Соның аясында аталған мекеме университет зертханаларын дамыту үшін жалпы құны 6 миллион теңгеге жабдықтаралып беріп жатыр.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» кәсіпорнымен де тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Жол картасы аясында аталған өндіріс мекемесі де университетке жабдықтар сатып алып береді, бірлескен зерттеулер жүргіземіз, — дейді департамент директоры.

Университет пен «Казхром» трансұлттықкомпаниясы» арасында да өзара ынытымақтастық орнатылған. Аталған компания оқу орнының материалдық базасын нығайту, зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін жалпы құны 30 миллион теңге қаржы бөліпті.

Академиялық артықшылықтар орталығы ашылады

Бүгінде университет әлемнің 19 елінің 77 жоғары оқу орнымен, орталықтарымен өзара ынтымақтастық байланыста жұмыс жасап жатыр. Оның ішінде әлемдік рейтингке енген 6 университетпен, сондай-ақ академиялық ұтқырлық және қосдипломдық білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру бағытында 22 шетелдік жоғары оқу орнымен келісім жасап, әріптестік байланыс орнатқан.

Университетте академиялық артықшылықтар орталығын ашу жоспарланып отыр. Осы орталықтың арқасында оқу орнында 6 зертхана ашылмақ. Олар: материалтану, киберқауіпсіздік, деректерді талдау және нейрондық желілер, химиялық технология, ақпараттық-өлшеу жүйелері, материалдарды металлургиялық өңдеу зертханалары.

—Академиялық артықшылықтар орталығы — үлкен жоба. Мұндай орталық Қазақстан бойынша 7-8 жоғары оқу орнында ғана бар. Еліміздегі көптеген университеттің арасынан бізге таңдау түсті. Өйткені Ақтөбенің әлеуеті мықты, біздің өңір — батыс аймағындағы ірі индустриялық орталық. Былтырдан бері осы жобаның құжаттарын дайындап жатырмыз.

Аталған орталықтың арқасында зертханаларға заман талабына сай сандық қондырғылар алынады. Түрлі зерттеулер жүргізіледі. Өндіріспен байланыс орнатылады. Университеттің профессор-оқытушыларын жаңа жабдықтармен жұмыс істеу дағдыларын үйрену үшін жетекші отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына біліктілікті арттыру курстарына жіберуді жоспарлап отырмыз. Бұл орталықтың басым бағыттарының бірі — өндіріспен байланысты нығайту. Бұл — бір. Екіншіден, сапалы кадр даярлау. Әзірге 4 жылға жоспар жасалды, — дейді департамент директоры.

3 сәуірде университетте ғылым күні айлығы басталды. 29 сәуірге дейін созылатын шара аясында 50-ге жуық жиын, семинар-кеңес өткізу жоспарланған.

Белгілі ұлыбританиялықғалымВиталийХуторянскийЖұбановуниверситетінеарнайышақыртуменкеліп, екі аптадан бері «Органикалық химияның заманауи мәселелері» пәні бойынша дәрістер, семинарлар және оқыту тренингтерін өткізіп жатыр.

— Дәріс барысында ғалым өзінің ғылым жолындағы ізденістері, өзі еңбек ететін әлемдегі ең үздік жоғары оқу орындарының бірі — Рединг университетіндегі оқу үрдісі туралы айтты. Сондай-ақ ол ғылыми жұмыстардың түрлерін сипаттап, ғылыми мақалалардың құрылымын түсіндірді. Ғылыми журналдарға мақала жазудың құпияларымен бөлісіп, жас зерттеушілердің, тіпті тәжірибелі ғалымдардың қандай қателіктер жіберетініне тоқталды. Болашақта қателікке жол бермеу жолдары да жан-жақты түсіндірілді.

Жұбанов университетінде министрлік тарапынан да, университет әкімшілігі тарапынан да ғылымды дамытуға үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Біздің ғалымдар Ақтөбе өңірінің экологиялық мәселесін шешуге, өндірістік қалдықтарды өңдеуге, жаңа материалдарды өндіруге үлкен үлес қосуда, — дейді Нұргүл Жантөрина.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

//aqtobegazeti.kz/