Вторник, Март 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > «Ұрпақ салауаты – ұлт байлығы» республикалық форумы өтті

«Ұрпақ салауаты – ұлт байлығы» республикалық форумы өтті

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссиясының қолдауымен 2023 жылдың 30 мамыр күні «Ұрпақ салауаты – ұлт байлығы» тақырыбында республикалық форумы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Форумға Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы және облыс, аудан әкімдері жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия мүшелері, Ақтөбе облысы бойынша жалпы білім беретін орта мектептердің мұғалімдері мен психологтары, балалармен жұмыс жөніндегі қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері, құқық қорғау органдары, жоғары оқу орындарының өкілдері, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің білім алушылары, университет басшылығы және профессор-оқытушылар қатысты.

Форумның мақсаты – балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың өзекті мәселелерін талқылау және шешу жолдарын іздестіру.

Форумға шақырылған спикерлердің арасында психологтар, психоаналитиктер және құқық қорғаушылар бар.

Форум жұмысы аясында психоаналитик, Орталық Азия психоанализ институтының директоры Анна Құдиярова психоанализ тұрғысынан өзекті тақырыпта дәріс оқып, зорлық-зомбылықтың алдын алу және балалар қауіпсіздігі жайлы айтты.

Сонымен қатар, форум аясында дәрігер-психиатр Тамара Асимова «Психиатрия тұрғысынан жыныстық зорлық-зомбылық» тақырыбында презентация жасады.

Қатысушыларға спикерлермен қатар, ұлттық комиссия мүшесі, адвокат Айман Умарова мен «Денсаулық және салауаттылық» орталығы мамандары шағын сессиялар мен шеберлік сабақтарын өткізді.

//egemen.kz/